Жаңалықтар

Киіктерді қорғау үшін «Бөкей-Орда» резерваты ашылады

ашық дереккөзі

Киіктерді қорғау үшін «Бөкей-Орда» резерваты ашылады

ҚР АШМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары Қайрат Үстеміров киіктерді қорғау мақсатында БҚО-да «Бөкей-Орда» резерваты ашылатынын мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі. ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында сөз сөйлеген ҚР АШМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі басқармасының басшысы Бақытбек Дүйсекеев елімізде 152 600 киік қалғанын атап өтті. «2015 жылғы киіктердің қырылғанын білесіздер. Осыған байланысты, қазақстандық және шетелдік ғылыми ұйымдар бірлесе отырып, қырғынның себебін анықтау жұмысы жүргізіледі. Сол кезде мұндайға жол бермеу мәселесі де талқыланған. ҚР АШМ мен біздің комитет киіктерді қорғау бойынша жұмыстарды күшейтті», - дейді ол. Бақытбек Дүйсекеев «Охотзопром» ұйымы бүгінгі таңда киіктердің Қазақстанда қорғалуын  қамтамасыз ететінін жеткізді. Оның сөзіне сенсек, киіктердің елімізде үш популяциясы бар. Қазақстандағы киік әлемдегі киіктердің 95 пайызын құрайды. Ал ҚР АШМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары Қайрат Үстеміров киіктерді қорғау мақсатында тағы бір жұмыс қолға алынып жатқанын мәлімдеді. «Киіктерді қорғаудың тағы бір жолы - табиғаттың ерекше аумағын құру болып табылады. Демек, қазіргі таңда «Алтын дала» мен «Ырғыз - Торғай» резерваттары бар десек, біздің комитет тағы бір резерватты құру бағытында жұмыс жүргізіп жатыр. Ол табиғаттың ерекше қорғалатын аумағы Батыс Қазақстан облысында құрылады. Ол резерват «Бөкей-Орда» деп аталатын болады. Бүгінгі таңда жобаның техникалық негіздемесі дайын. Осы себепті, киіктер көптеп шоғырланған Батыс Қазақстан облысының аумағында резерватты ашу үшін қажетті материалдарды жинақтап жатырмыз», - дейді Қайрат Үстеміров.