Қазақстанда операторсыз ХҚКО ашылады

Қазақстанда операторсыз Халыққа Қызмет Көрсету Орталығы ашылады. Бұл туралы Мәжілісте өткен Үкімет сағатында Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев мәлімдеді.

Пилоттық жоба Астанада іске қосылады. «Сандық қызмет орталығы» мемлекеттік қызмет көрсетудің жаңа бағыты болмақ. Қызметтер толықтай автоматтандырылған режимде көрсетіледі. Сәйкесінше, азаматтар өз-өзіне қызмет көрсету секторы, қоғамдық пунктер және стендтердегі планшеттер арқылы электрондық өтінімдерді бере алады. Сондай-ақ, бұдан былай нәрестелі болған әрбір ата-ана шақалақтың туу туралы куәлігін алуға СМС арқылы да өтінім жолдауға мүмкіндік алмақ.

«Сәби дүниеге келген соң ата-анаға туу туралы куәлікті алу үшін автоматы түрде СМС-хабарлама жолданады. Онда сәбидің аты-жөнін көрсету міндеттеледі. Одан өзге жәрдемақыны алуға есепшот нөмірі және балабақшаға кезекке тұруға тұрғылықты мекен-жайы сұралады», – деді ҚР ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен АБАЕВ.

«Электрондық үкіметтің» сондай-ақ Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының қызметін де одан әрі жетілдіруді көздеп отыр. Бүгінде еліміз бойынша 349 фронт-кеңсе бар болса олар 746 мемлекеттік қызметтің  80 пайызынан астамын электронды түрде көрсетеді.

«Бізде өте жақсы жоба бар. Халыққа қызмет көрсететін арнайы бөлмелерді ашу жоспарланып отыр. Кез келген азамат қолы бос оператордың көмегіне жүгіне алады. Егер Астанада жұмыс қауырт болса, өзге қаланың операторы өтінімі бар азаматқа онлайн конференция арқылы барлық сұрағына жауап береді. Арнайы бөлмеде онлайн байланыс құралы орналастырылатын болады», –  деді ҚР ақпарат және коммуникациялар министрі.

Қазір мемлекеттік қызметтің қолжетімдігілін арттыру үшін 70 мобильді қосымша іске қосылыпты. Осы қосымша арқылы өзіне қажетті өтінімдерді орталыққа келмей-ақ жолдауға болады. Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған арнайы онлайн-сурдо қызметі де жұмыс істейді.

Back to top button