ОҚО-да терроризмді насихаттады деген күдікпен 10 адам қамалды
ОҚО-да терроризмді насихаттады деген күдікпен 10 адам қамалды
Оңтүстік Қазақстан облысында терроризмді насихаттады және діни алауыздықты қоздырды деген күдікпен ұсталған 10 адам Шымкент қаласы әл-Фараби аудандық сотының қаулысымен екі айға қамауға алынды. Бұл туралы Азаттыққа аудандық сот судьясы Ғани Байарыстан хабарлаған.
Ғани Байарыстанның айтуынша, аудандық сотқа Ұлттық қауіпсіздік комитеті Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің өндірісіндегі қылмыстық істер бойынша материалдар келіп түскен. Онда Сайрам ауданының он тұрғынына қатысты күзетпен ұстау және бұлдыртпау шарасын қолдану туралы айтылған.
"Сегіз адам Қылмыстық кодекстің 256-бабының 2-бөлігімен, екі адам 174-бабының 1-бөлігімен қылмыс жасады деп күдікке ілінген. Күдіктілердің жас шамасы 20-50 жас аралығында" дейді судья.
16 қараша күні ҰҚК баспасөз қызметі Сайрам ауданы және Шымкент қаласында "терроризмді насихаттады" және "діни алауыздықты қоздырды" деген күдікпен 11 адамның ұсталғанын хабарлаған.
Облыс прокуратурасы баспасөз қызметінің мәліметінше, 16 қараша күні 10 адамды екі айға қамауға алу туралы санкция берілген, бір адам кәмелетке толмауына байланысты қамауға алынбаған.