Жаңалықтар

Ажырасу көрсеткіші жөнінен көш бастап тұрған өңірлер анықталды

ашық дереккөзі

Ажырасу көрсеткіші жөнінен көш бастап тұрған өңірлер анықталды

Павлодар, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақмола облыстарында әрбір екінші некенің соңы ажырасуға әкеп соғады. Бұл туралы kostanaytany.kz хабарлайды. Басылымның жазуына қарағанда, облыс әкімі жанындағы әйелдер ісі және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның отырысы өткен. Жиынды отбасы, некенің тұрақтылығы мәселелері қаралыпты. Қостанай облысы республика бойынша ажырасатындардың көшін бастап тұр - екінші орында. «2007 жылдан бері тіркелген некелердің саны 6561-ден 5627-ге дейін төмендеді. Керісінше, ажырасу көрсеткіші жоғары - 2605-тен 3125-ге дейін. Жыл басынан бері 9 айда 4603 некелесу, 2440 ажырасу тіркелді. Былтырғы жылы ажырасу көрсеткіші жоғары өңірлер қатарында Сарыкөл (86,6%), Меңдіқара (86%) Қостанай (77,5%) аудандары мен Лисаков қаласы (86%) болса, биылғы жылдың 9 айының жағдайы көңіл көншітер емес - Меңдіқара (91%), Алтынсарин (90%), Федоров (82,6%), Қостанай (81,6%) аудандары «көш бастап тұр. Керісінше, күнгейдегі Жанкелдин, Аманкелді аудандарында ажырасу көрсеткіші әлдеқайда төмен екен. Ал жүктілік салдарынан ерте жастан үйленетіндер саны 2008 жылмен салыстырғанда 2,6 есеге азайғанын атап өтуге болады», - деді облыстық әділет департаментінің бөлім басшысы Г.Мусина. Еліміздің Әділет министрлігінің есебіне сүйенсек, республиканың солтүстігіндегі Павлодар, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақмола облыстарында әрбір екінші некенің соңы ажырасуға әкеп соғады екен. Салыстырар болсақ, Оңтүстік Қазақстан, Маңғыстау, Атырау облыстарында бұл көрсеткіш әлдеқайда төмен - 26-30% аралығы. Ал ажырасуға барудың басым бөлігі (83%) сот арқылы жүзеге асады, - деді маман. Ресми дерекке сүйенсек, Қазақстанда әрбір үшінші отбасы ойрандалуда. Бұл аздай, кәмелет жасына толмаған балалы ата-аналардың айырылысуы жиілеген. Әрбір 5-ші тірі жетімек не әкесінің, не шешесінің қолында өмір сүріп жатыр. Облыс әкімінің орынбасары Марат Жүндібаев аталған мәселеге жауапты мекемелермен қатар үкіметтік емес ұйымдарды да белсенді жұмыс атқаруға шақырды. «Некеге отыратындар мен ажырасуға келетіндерге ҮЕҰ өкілдері арнайы кеңес беріп, шаңырақты шайқалтпай, берекесін сақтап қалудың жолдарын түсіндіріп отырса. Аймағымызда жыл басынан бері 7 айда жанұялардың 58% ажырасқаны дабыл қақтырарлық жайт. Бұл бала туу көрсеткішіне де кері әсерін тигізіп отыр - 5,5% төмендеген. Облыстық білім басқармасы отбасылық құндылықтарды дәріптейтін сабақ енгізу қажет. Әлеуметтік жарнамалардың да зор ықпалы бар. Бұл түйткілді оң шешуге БАҚ өкілдерінің де атсалысқаны аса маңызды. Теледидар, радио, интернет басылымдар, баспа беттерінде әлі де үлгі аларлық материалдардың жарық көруі жағдайдың жақсаруына үлкен себеп болмақ. Бүгін мәселенің анығына талдау жасадық. Ал алдағы қысқа мерзімде барлықтарыңыздан нақты ұсыныстар күтемін», -деді М.Жүндібаев.