Қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі комиссия құрылды

17 қараша, 2017 / Анар ЛЕПЕСОВА
ашық дереккөзі
Қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі комиссия құрылды Кеше Үкімет үйінде ҚР премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі Ұлттық комиссияның бірінші отырысы өтті. Бұл туралы  ҚР премьер-министрінің ресми сайты хабарлады. 
 Ұлттық комиссия Үкімет жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылады, оның негізгі мақсаты — қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру бойынша ұсыныстар әзірлеп бекіту, жұмыс барысын үйлестіру және оның сапалы орындалуына бақылау жасау.
Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен комиссия құрамына төрағаның орынбасары — ҚР премьер-министрінің орынбасары Е. Досаев, сонымен қатар ҚР Президенті Әкімшілігінің, "Нұр Отан" партиясының, ҚР Парламентінің, жоғарғы оқу орындарының, бұқаралық ақпарат құралдарының, қоғамдық ұйымдардың, белгілі ғалымдар мен қоғам қайраткерлері тартылды. Комиссияның жұмыс органы ҚР мәдениет және спорт министрлігі болып табылады.

"Латын әліпбиіне көшу — еліміз үшін айрықша мәні бар тарихи оқиға. Елбасы айтқандай, халқымыз сан мың жылдық тарихында ешқандай сыртқы ықпалсыз, өз еркімен, жалпыхалықтық талқылаумен, тұңғыш рет әліпбиін ауыстырып отыр. Оны жүзеге асыру — біз үшін зор мәртебе, әрі үлкен жауапкершілік", — деп атап өтті Бақытжан Сағынтаев.

Отырыс барысында қойылған міндеттерді жүзеге асыру үшін төрт арнайы жұмыс тобын құру туралы шешім қабылданды.