Бастығын жемқор деп айыптаған жүргізуші сот алдына келді
Бастығын жемқор деп айыптаған жүргізуші сот алдына келді
ОҚО-да жедел жәрдем стансасы басшысын пара алады деп айыптаған бұрынғы жүргізуші сот алдында жауап беруде. Қазір айыпталушы Әлішер Тұрсынқұловтың қылмыстық ісі Еңбекші аудандық сотында қаралып жатыр. Бұл туралы бүгін облыстық сотында мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының судьясы Бүркіт Байдуллаевтың сөзінше, Әлішер Тұрсынқұлов Қылмыстық кодекстің 190-бабының 3-бөлігі «Алаяқтық», 28-бабының 4-бөлігі «Қылмыстық құқық бұзушылыққа сыбайлас қатысушылардың түрлерi», 367-бабының 3-бөлігі 3-тармағы «Пара беру» бойынша айып тағылған.
«Айыпталушы Шымкент қалалық жедел жәрдем стансасы мекемесінде жүргізуші қызметін атқара жүріп, бірнеше жәбірленушіні көндіру жолымен жұмысқа орналастыруға және олардың құжаттарын рәсімдеуге қатысы болмаса да олардың сеніміне кірген. «Сөйтіп жұмысқа орналастырып беремін» деп алдап бірнеше рет алаяқтық әрекеттер жасаған. Сонымен бірге осы заңсыз иемденген ақшаны мемлекеттік функцияларды орындауға теңестірілген адамға пара беруге бірнеше рет азғыру арқылы көндіріп, айдап салған», - деді судья Бүркіт Жұмабайұлы. Естеріңізге сала кетейік, Шымкент қалалық жедел жәрдем стансасының бұрынғы жүргізушісі Әлішер Тұрсынқұлов осы жылдың 9 сәуірінде өзінің басшысына қатысты ақпаратты әлеуметтік желіге салған болатын. Ер адам видеоүндеуінде басшысымен бірлесіп, жаңадан ашылатын жедел жәрдем стансасына жұмысқа тұрғысы келетіндерден ақша жиғанын айтқан.
«Ол адамдарды жұмысқа қабылдаймын деп ақша алды. Фельдшерден 550 мың теңге, жүргізушіден 550 мың теңге, санитардан 250 мың теңге алғанбыз. Жалпы саны адамдардың елуге жақындап қалады. Қазір сол ақшаларын мен алып, сол ақшаның 90 пайызы Гүлнәр Мамытовнаға берілген мен арқылы» деген болатын. Бұл істі бастығының айтуымен жасаған ол кейіннен жоспар жүзеге аспай, қаржыны кері қайтару керек болғанын жеткізген. Яғни, басшылық қысым жасап, мойныма миллиондарды іліп жатыр деген ол тиісті орындардан көмек сұраған еді. Алайда бұл мәселеге орай стансаның бас дәрігері Гүлнар Құрманбекова бұрынғы жүргізушісінің айтқандарын жала деп мәлім етті. Артынша полицияға станса жүргізушісінің үстінен үш жәбірленуші арызданып, алаяқтықпен ақшаларын алып кеткенін көрсеткен.