16 Қараша 2017, 11:34 308 0 Экономика Көлбай АДЫРБЕКҰЛЫ

Қайта түлеген Көксу мен Ақсу зауыттары

Бұрын республикада бірнеше жерде қант зауыты болатын. Жамбыл облысының өзінде Меркі мен Свердлов (қазіргі Байзақ ауданы) зауыттары өнім шығаратын. Бұрынғы Талдықорған облысында Көксу мен Ақсу зауыттары Жетісу өлкесін қант өнімдерімен қамтамасыз етуші еді. Облыстың қант қызылшасын өндіруші шаруашылық басшылары мен бригада жетекшілері өнімділікті барынша арттырғандары үшін үкіметтің жоғары наградаларымен марапатталғаны есімізде. Кейін бұл зауыттар жабылып қалды.

«Елу жылда – ел жаңа». Тәуелсіздікпен бірге ұлттық дамуымыз да жаңаша сипат алды. Қоғамдық өмірге нарықтық қатынас келді. «Көш жүре түзеледі» демекші, алғашқы жылдар етек-жеңімізді жинаумен өтті. Қант өнімдерін шығаратын аталмыш зауыттар өзара байланыстардың үзіліп қалуының салдарынан жұмысын тоқтатқан болатын. Жұрт күнделікті тұтынатын қантты сырттан әкелуге мәжбүр болды. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2014 жылғы Алматы облысына келген арнайы іссапарында тоқтап қалған зауыттарды қайта іске қосып, шаруашылықтардың қызылша өсірумен айналысуына жан-жақты көмек беруді, елді қант өнімдерімен қамтамасыз етуді тапсырған болатын. Алматы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Сексенбай Бекішевтің айтуына қарағанда, сол жылы Елбасының тікелей тапсырмасы мен қолдауының арқасында отандық қант шығару ісі қайта жанданған. Инвесторлар екі зауытқа қаржы құйып, кәсіпорынның ғимараттарын қайта күрделі жөндеуден өткізіп, қажетті жабдықтармен қамтамасыз еткен болатын. Әуелі Көксу зауытын қайта жабдықтау жұмыстары қолға алынып, алғашқы өнімдерін бере бастаған. Өндіріс орнындағы жұмыстың жандануына байланысты Алматы облысының бұрын осы дақылды өсірумен айналысқан бірқатар шаруашылықтары да үйреншікті кәсіптеріне қайта оралған. Тәтті түбір өсіретін жер көлемі жылдан жылға артты. Былтыр бұл дақыл 6,4 мың гектар жерге егілсе, биыл 9 мың гектарға ұлғайған. Шаруашылық басшылары зауыт өндірісі қуаттылығының арттырылуына байланысты дақылды егу алқабы бұдан да ұлғайтылатын болады деп отыр. Қазір қызылша өсірушілерге барлық жағдай жасалған. Ағымдағы жылдың өзінде жерді өңдейтін жаңа агротехникалар сатып алынып, өнімділікті арттыратын қажетті тыңайтқыштар, сапалы ұрықтар, қажетті жанар-жағар маймен қамтамасыз етілді. Биыл зауыт толық қуатында жұмыс істеуде.

Дихандардың ала жаздайғы тәтті түбірді күтіп-баптау жұмыстары бекерге кеткен жоқ. Жаздың соңында мол өнім алды. Жуырда Қапшағай өңірі қант қызылшасын өсірушілерінің өзі Көксу зауытына 50 тонна тәтті дақыл өткізген. Әсіресе, осы өнімді биыл ғана өсірумен айналысқан «Есен-Аман» шаруа қожалығы ұжымының табысы басқаларға қарағанда ерекше. Олар 20 гектар жердің өзінен өңірде бұрын-соңды болмаған өнімділікке қол жеткізді. Зертхана мамандары олардың өнім тәттілігін 19 пайызға жеткенін анықтап, жоғары сапалық көрсеткіш деп бағалады.

Жалпы, Қапшағай өңірі шаруашылықтары ағымдағы жылы 570 гектар жерге қант қызылшасын еккен болатын. Енді міне, соның әр гектарынан жоспардағы 350-400 центнердің орнына 600 центнерден тәтті түбір алып, арық айтып, семіз шығып отыр.

Ақсу қант зауыты да көп жылдардан соң қайта іске қосылды. Кәсіпорын өнім сапасын жоғары деңгейге көтеретін жаңа жабдықтармен қамтамасыз етіліп қана қойған жоқ, жаңа әрі тұрақты жұмыс орындарымен де жұртты қуантты. Мұнда барлық жұмыс процестері автоматтандырылған. Зауытта әзірге 100 адам еңбек етсе, таяу жылдары өндірістің мерзімдік қуаттылығы 300 мың тоннаға жеткен кезде олардың саны 650 маманға жетпек. Бұл осы уақытқа дейін басқа дақылдар өсірумен айналысып келген шаруашылықтарды байырғы кәсіптерімен айналысуға қайта алып келді. Ең бастысы, қант зауытының жұмыс істеуі шаруалардың қызылша өнімдерін өсіруге деген сенімділігін арттырды.

Облыстың Сарқант ауданындағы қызылша өсірушілер де биыл жақсы көрсеткіштерімен көзге түсуде. «Мажикс» көп салалы шаруашылық алқабынан кәсіпорынға жеткізілген тәтті түбір 80 тоннаны құраған. Облыс әкімінің орынбасары Серікжан Бескемпіров зауыттың ашылу салтанатына жиналған қызылша өсірушілерді құттықтап, бұл қант өнімдерін тұтынатын республика жұртшылығы үшін де айтулы оқиға екенін атап көрсетті. Зауытты негізінен облыстың Сарқант, Алакөл және Ақсу аудандарының шаруашылықтары шикі өнімдермен қамтамасыз етеді. Зауыт ауласынан тау-тау үйілген қант қызылшасын көргенде шаруашылық ұжымдарының еңбектеріне көңілің тояды.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің ауыл шаруашылығын дамытуға қатысты Жолдауында: «Агроөнеркәсіптік кешен туралы айрықша айтқым келеді. Оның дамуы арқасында біз бір мезгілде еліміз үшін аса маңызды екі міндет – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуді және экспортты әртараптандыруды шешеміз» деп атап өткен еді.

«Жақсы сөз – жарым ырыс». Жылжыған жылдармен Көксу мен Ақсу қант зауыттарының да қуаттылығы артып, өнімдерін тек еліміз көлеміне ғана емес, алыс-жақын шетелдерге экспортқа шығаратын да кез келер әлі.

 

 

Соңғы жаңалықтар