Әншілер мен тойшылар
Әншілер мен тойшылар
Той – қазақтың қазынасы. Жиғаны мен тергенін қазақ ұлының қуанышы, қызының қызығында шашады. Перзентінің бар еркелігін көтеретін ата-ана кием деген киімін кигізіп, мінем деген көлігіне мінгізеді. Қаламақысының қымбаттығына қарамай, баласы қалаған әншілерді де той төріне шығарады. Тіпті, тойына атағы жер жарған шетелдік жұлдыздарды шақыру да қазақ үшін сөз болудан қалды. Арысы АҚШ, берісі Ресей, Өзбекстан әншілерін арнайы алдыратындар әлгі өнерпаздардың екі әнін тыңдағаны үшін бір емес, бірнеше миллионды санап беруге бар. Қазақтың иіліп жастық, жайылып көрпе болғаны жанына майдай жағатын жатжұрттықтар да қазақтың той-томалағына күнде келуден кетәрі емес.
Бүгінде әншілердің бәрі демесек те, көбі негізгі табысын тойдан тауып жүр. Той иелерінің тілегі бойынша екі-үш әнін айтып, қонақтарды билетіп берсе болғаны. Жанды дауыста ән салуды талап ететіндер некен-саяқ. Сондықтан жанын қинамай-ақ таспасын қосып, фонограммасымен «әндетеді» де, қаламақысын қалтаға басып, жөніне кетеді. Той маусымы қызып, тапсырыс көбейген сайын отандық әншілердің табысы да арта түседі. Алайда соңғы уақытта олардың нәпақасына шетелдік әріптестері жиі ортақтасып жүр. Той-томалағына қазақтың Мақпалы, Жанболаты мен Жазирасы, «Музарты» мен «Жігіттерінен» бөлек, Ресейдің Меладзесі мен Басковын, түріктің Арашын, өзбектің Юлдызы мен Шахзодасын шақыратындар көбейген. Тіпті, қазақтың мәдениеті мен салт-дәстүрін менсінбей, тойларын Батыстың немесе Шығыстың үлгісінде өткізіп, кіл шетелдік әншілерді қонақ ететіндер де аз емес. Газетіміздің өткен санында жарияланған сұхбатында қазақтың күміс көмей әншісі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Рамазан Стамғазиев қазақтың тойында осындай келеңсіздіктің көбейіп кеткеніне кейіген еді. «Той өтетін мейрамханаға, дастарханға, той тізгінін ұстаған асабаға, ән айтқан әншілерге қарап, той иесінің шама-шарқын бағамдайсың. Кейбір тойларға барсаң, қазақтың өнерпазын көрмейсің. Кіл шетелдің әнші-бишілерін алдырады. Кейбір орыстілді қазақтар, қазақты менсінбейтін қалталылар тойының төрін шетелдіктерге бергенді құп көреді. Басқа мәдениетті биік қою арқылы өздерінің дәрежесі жоғары екенін көрсетеміз деп ойлайды. Шетелдің әншісі оның дәрежесін қайтпек? Екі әнін айтады да, қалтасын толтырып, жөніне кетеді. Тіпті кейбір тойда беташарды аяқтатпай, үзіп тастағандарды да көрдік. Бір-екі сәлем салынғаннан кейін: «Хватит, не надо дальше» деп, қазақтың салтын менсінбейтінін анық аңғартады. Әйтеуір келін қонақтарға бір-екі рет басын исе болды деп түсінеді. Шындығында, беташар – келінге айтылар насихат, ел-жұртпен таныстыру екеніне, салттың астарында терең тәрбиелік мән жатқанына пысқырмайды», ‒ дейді әнші.
Қазақтың қазынасы – тойда ұлттың тілі мен ділінен, мәдениетінен мүлдем бейхабар шетелдік өнерпаздардың жиі төбе көрсете бастауы еліміздің өзге әншілеріне де ұнай қоймаған. Жатжұрттықтардың той алаңында тайраңдауына іші жылымайтын отандық өнерпаздардың айтуынша, ресейлік бір әншіге төленетін сомамен қазақстандық 5-6 әншінің қаламақысын өтеуге болады. Той-томалақтарды көңілді әндерімен қыздырып жүрген белгілі әнші Абай Бегейдің сөзіне сүйенсек, Қазақстан шетелдік әншілерді құшақ жайып қарсы алғанымен, қазақтың әншілеріне өзге мемлекеттерде құрмет-қошемет жоқ. «Біздің тойлардан Николай Басковты көп көрем. 5-6 мәрте той тізгінін ұстағанын білем. Валерий Меладзе соңғы айларда 3 рет келіп кетті. Жастар арасынан Тимати жиі келеді. Тек қана Ресейден емес, Өзбекстаннан «Ялла» тобы, Юлдуз Усманованы шақырушылар көп. Ал біздің Қазақстанның әншілері шетелге тойға, концертке бара алмайды. Тіпті, мына тұрған Ресейге де бара алмайды. Қытайдың, Өзбекстанның шет жағына барып қайтамыз. Одан әрі аса алмаймыз», – деген Абай Бегей шетелдік әншілерге миллиондап ақша төлейтін той иелеріне ренішін жеткізді.
Белгілі әнші Нұрлан Албан да миллиондаған қаражатқа шетелдік әншілерді шақыртатындарды сынға алды. Оның айтуынша, шетелдіктердің отандық өнерпаздардан асып бара жатқан артықшылығы жоқ. «Той-томалақтарда, салтанатты кештерде ресейлік танымал өнерпаздардың біразымен әріптес болып үлгердім. Мысалы, Ургант, Малахов, Вера Брежнева, Игорь Верникпен бірге жұмыс істедім. Олардың актерлік шеберлігі, сөз саптауы біздің от ауызды, орақ тілді журналистерден, сегіз қырлы, бір сырлы өнерпаздарымыздан асып бара жатқан түгі жоқ. Алайда олардың қаламақысы бірнеше есе жоғары. Сол ақшаны бізге жол бастап жүрген алдыңғы толқын ағаларымыз бен апаларымызға бөліп берсе, ешкімнің ештеңесі қисайып қалмас еді. Егер де менің ақшам көп болса, мен міндетті түрде жалынып-жалпайып, миллион, миллиард беріп Бибігүл Төлегенова апамызды тойға шақыратын едім. Қаражатым көп болса, «Дос-Мұқасан», Нұрғали Нүсіпжанов, Ескендір Хасанғалиев ағаларымызды сыйақысын беріп тұрып, қуанышымнан қалдырмас едім. Роза, Майра апаларымды, Мақпал жеңгелерімді шақырар едім. Қазақтың қазіргі той-томалақтарының басы-қасында жүріп, менің ішім ашитыны рас»,– дейді әнші.
Ал жас әнші Айқын Төлепберген өнердегі алдыңғы толқын ағаларының мұндай сынымен келіспейді. Оның пікірінше, шетелдік әншілердің қаламақысы олардың атақ-абыройына, аудиториясының көлеміне сай. «Қаламақысы жоғары шетелдік әншілер 100 миллион, 200 миллион адамдық аудиториясы бар, яғни әлемнің түкпір-түкпірінде сұранысқа ие өнерпаздар. Ал біздің ең танымал деген әншілеріміздің аудиториясы 15 миллион адамнан әрі аспайды. Екеуін салыстыруға да келмейді. Сондықтан біздің қаламақы аз, шетелдіктердікі неге көп деп ренжу орынсыз. Олар ешуақытта фонограммамен айтпайды. Жанды дауыста ән айтуға мүмкіндік жоқ жерге келмейді де. Біздің өнерпаздар сондай деңгейге ұмтылуы керек. Сонда ғана бәсеке болады», – дейді Айқын.
Қазаққа бауыр басқан жұлдыздар
Бүгінде қазақстандықтардың тойларынан Ресейдің Тимати, Дима Билан, Егор Крид, «Серебро» немесе «Любэ» секілді жұлдыздарын көру таңсық болудан қалған. Еліміздің той-томалақтарынан жиі төбе көрсететін ресейлік әзілқой жүргізуші Маским Галкин 30-40 000 еуродан аз ұсынысқа келмейтін көрінеді. Ал Филипп Киркоровты тойына шақырып, қонақтарына үш-төрт әнін тыңдатқан той иесі қалтасынан 50 000 еуро санап береді. Қалтасы қалың азаматтар өзгелерден ерекшелену үшін тойына алыс шетелден жұлдыз шақыруды әдетке айналдыра бастады. Мәселен, испан әншісі Энрике Иглесиас Қазақстанға үш рет келді. Ал америкалық атышулы модель Ким Кардашьянның күйеуі, белгілі рэпер Канье Уэст Алматыда бір рет келіп, бір сағат өнер көрсеткені үшін 3 миллион доллар алған болатын. Қазақстанға жиі ат басын бұрып, салтанатты кештердің көрігін қыздырып жүрген әншілердің бірі – ресейлік әнші Сосо Павлиашвили елімізге 1 айда 7 мәрте келген. Өзін әуежайдан S классты «Мерседес» көлігімен күтіп алуды талап ететін өнерпазға қазақстандықтардың қонақжайлылығы да, жайылып көрпе, иіліп жастық болатын көңілжықпастығы да жағатын тәрізді. Ол қазақтың тойларында өнер көрсетіп қана қоймай, еліміздің әншілерімен тығыз шығармашылық байланыс орнатқан. Өткен жылдан бері қазақтың жас әншілері Айқын және Әдемімен бірлесіп ән жазып, екі бейнебаян түсіріп үлгерді. Ресейлік әнші мұнысын дарынды жастарды қолдау деп түсіндірді. «Талантты жастарды қолдау керек. Талантсыздар онсыз да тез көтеріледі», – дейді Сосо Павлиашвили 31 арнаның «Айта берсін» бағдарламасына берген сұхбатында. Белгілі той ұйымдастырушысы, «Zhan Alemi Group» ивент-компаниясының негізін қалаушы Жан Мұқанов қазақстандық жастар арасында кең сұранысқа ие шетелдік әншілердің атын атап берді. Оның айтуынша, Ева Польна, Слава, Егор Крид секілді ресейлік әншілер елімізде өтетін салтанатты кештерге жиі шақырылады екен. Шетелдік әншілер Қазақстанға келіп өнер көрсеткені үшін қомақты қаламақы талап етіп қана қоймай, райдерінде жазылған талап-тілектердің қатаң орындалуын міндеттейтін көрінеді. Мәселен, София Ротарудың үстелінде табиғи сүт өнімдері – сүт пен ірімшік, сүзбе секілді тағамдар тұруы керек. Сондықтан оны шақыртқан той ұйымдастырушысы базар аралап, фермерлердің өнімдерін іздейді екен. Жанның айтуынша, кейбір шетелдік жұлдыздардың талабы тіпті шектен шығып кетеді. 4 адамнан тұратын топтың әр мүшесі бас-басына бір-бір қымбат көлік талап еткен кездер де болыпты. «Жұлдыздардың еркелігіне етіміз үйренген. Алайда шектен шығып, ақылға қонбайтын дүниелерді сұрап жататындарға жай ғана «Сау болыңыз» дегің келеді. Алайда тапсырыс беруші дәл сол әншінің өз мерекесінде болғанын қатты қаласа, ештеңе істей алмайсың. Әлгі жұлдыздың барлық қылығына көнуіңе тура келеді», – дейді той ұйымдастырушы.«Мейрамбек пен Саятымнан артық емес»
Өз ән кешін өзге сахналастарынан ерекше етіп өткізгісі келетін қазақ әншілері де шетелдік әріптестерін концертіне қонақ етуге әуес. Хабарландырудағы кеш қонақтарының тізімінде шетелдік әншінің есімі тұрса, концертке қызығушылық артады деген түсінік белең алғандай. Мәселен, 2016 жылы «Балуан Шолақ» спорт сарайында екі күн қатарынан дүрілдетіп концерт берген Қайрат Нұртас ресейлік танымал әншілер Нюша мен Тиматиді арнайы шақыртып, сахна төрін берді. Қайрат жалғыз өзі ән салса да, зал толмай қалмайтын еді. Алайда Нюша мен Тимати келеді дегенді естіп, Қайраттың әнін тыңдамайтын жастар да сол кештің билетін қолға түсіру үшін жанталасты. Ерекше бағдарламамен жұртты таңдандырған әнші сол концертке қатысқаны үшін ресейлік әншілерге 89 млн теңге қаламақы төлегені белгілі болды. Әлеуметтік желіде бір топ қыруар қаржыны желге ұшырдың деп Қайратты сөксе, Нюшаға қазақша ән айтқызғаны үшін риза болған тағы бір қауым жас әншінің бұл қадамын қуаттады. Концертіне ресейлік әріптесін шақырып, қазақтың әнін шырқатқан тағы бір әнші – Мәдина Сәдуақасова. Өзінің 20 жылдық концертіне белгілі әнші Александр Панайотовты қонақ етіп, онымен бірге халық әні «Япурайды» шырқаған Мәдина өзге әріптестері секілді шетелдік әншінің атағы арқылы зал толтыруды мақсат етпегені анық. Өйткені концертке дейін Панайотовтың келетінін жариялаған жоқ. Ән кешіне дейін қайта-қайта сұхбат алған тілшілерден де құпия ұстады. Елмен қазақша амандасып, қазақтың әнін айтып, сахнаға Александр мырза шыққанда, жұрт таңданып қана қоймай, ризашылығын да жасырған жоқ. Мәдина ресейлік әріптесіне қызметі үшін қанша миллион санап бергені бізге беймәлім. Алайда бұл «тосынсый» Мәдинаға арзанға түспегені анық. Ал сахнадағы 15 жылдық мерейтойын атап өткен ерлі-зайыпты әншілер – Тоқтар мен Бейбіт шетелден қонақ шақырған жоқ. Журналистердің «Әріптестеріңіз секілді ән кешіңізге шетелден әртіс шақырмайсыз ба?» деген шымшыма сұрағына Тоқтар Серіков: «Шетелден әнші шақыртуды қаламаймын. Келіп жатқан шетелдік әртістер Мейрамбегім мен Саятымнан артық емес. Нағыз қазақтың мықтылары солар. Қазақ соларды жақсы көреді. Әйтпесе, шетелден әнші шақыру біздің де қолымыздан келеді. Қазір қу дүние не істетпейді. Ақша болса, барлығын да жасауға болады», – деп жауап берген еді. Расында да, шетелден әнші шақырмадыңдар деп Тоқтар мен Бейбіттің концертіне жұрт келмей қойған жоқ. Керісінше, қазақ сахнасының кіл мықтылары, нағыз сегіз қырлы, бір сырлы серілері өнер көрсетеді дегенді естіп, халық тайлы-тұяғымен келді. Қазақтың қоңыр үнін, сазды әнін тыңдап рахаттанды, демалды. Мән-мағынасы жоқ әндерден, шетелдің даңғаза музыкасынан шаршаған адамға одан артық не керек?