Сүндет Байғожин: Римге қариялардың батасын алып аттанамын

Сүндет Байғожин: Римге қариялардың батасын алып аттанамын

Сүндет Байғожин:  Римге қариялардың  батасын алып аттанамын
ашық дереккөзі
Рим опера театры «Астана Операның» жетекші солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сүндет Байғожинді жұмысқа шақырды. Танымал қазақстандық опера әншісі шарттары қатал іріктеуден сүрінбей өтіп, Италияның әлемге әйгілі театрында өнер көрсетуге лайық екенін дәлелдеді. Ол мұндай мәртебеге ие болған алғашқы қазақ өнерпазы. Ұжымымен бірге Ж.Бизенің атақты «Кармен» операсының премьерасына қызу дайындалып жатқан әнші уақыт тауып, бізге итальяндық мамандардың сынынан қалай өткенін айтып берді. ‒ Сүндет мырза, қазақ баласына Рим опера театрынан шақырту алу бақыты қалай бұйырды? Үміткерлер аз болмаған шығар, іріктеу қалай өтті? Жақында Италияның атақты Teatro dell’Opera di Roma театрында іріктеу өтті. Рим қаласында 5 күн болып, үш кезеңнен тұратын байқауға қатыстым. Тыңдау кезеңінде әлемнің түкпір-түкпірінен 70-ке жуық баритон дауысты әншілер қатысты. Бірінші күннен бастап қазылар алқасының жоғары бағасын алдым. Ақтық кезеңге бес адам өттік. Сол бестіктің ішінен үздігін анықтап, қазылар алқасы Рим опера театрында келісімшартпен жұмыс істейтін адамның есімін 3-4 күннен соң хабарлайтын болды. Алайда «Астана Опера» театрында 17-18-19 қарашада болатын «Кармен» операсының премьерасына қызу дайындық жүріп жатқандықтан, ол жақта ұзақ бөгеле алмадым. Іріктеудің қорытындысын күтпей, елге оралып, жұмысқа кірісіп кеттім. Дайындықта жүріп, екі жылға созылатын келісімшарт маған бұйырғанын естіп, қатты қуандым. Қатаң комиссия құрамына Рим опера театрының шығармашылық басшылығы мен әйгілі опера әншілері мен ұстаздар енген болатын. Сол мамандардың жоғары бағасын алып, қаншама талантты өнерпаздың арасынан үздік шығу – мен үшін ғана емес, еліміз үшін де үлкен мәртебе. ‒ Тыңдау кезінде қандай шығармалар орындадыңыз? ‒ В.А. Моцарттың «Фигароның үйлену тойы» операсынан граф Альмавива ариясын, Дж.Россинидің «Севильдік шаштараз» операсынан Фигаро ариясын, П.Чайковскийдің «Евгений Онегин» операсынан Онегин ариясын орындадым. Ж.Бизенің «Кармен» операсындағы тореадор Эскамильоны алғаш рет ойнауға бар күш-жігеріммен дайындалып жүргендіктен, байқаудың ақтық кезеңін Эскамильо­ның шумақтарымен аяқтадым. Мақтанғаным емес, 13 жылдан бері осы өнердің қыр-сырын меңгеріп, әлемнің түрлі сахналарында дайындығымды шыңдап, талмай еңбектенгендіктен, қазір орындау шеберлігім жоғары деңгейге жетті деп ойлаймын. Сондықтан қазылар алқасына Рим опера театрында жұмыс істеуге лайықты екенімді дәлелдеу аса қиындық тудырған жоқ. Шетелдік мамандардың сыртымнан қатты сүйсінгені құлағыма жетті. Тіпті, атақты баритон Доменико Колаянни «Мына жігіт Ла Скалада өнер көрсетуге дайын әнші ғой» деп баға беріпті. Қазылар алқасын дауысым, өзімді сахнада ұстауымнан бөлек, итальян тілінде ойымды еркін жеткізе білуім де таңдандырды. Опера деген жиынтық өнер ғой. Солистің дауысы, түр-тұлғасы, сахнадағы қимыл-қозғалысы – бәрі үйлесімді болуы керек. ‒ Италияға қашан аттанбақшысыз? Teatro dell’Opera di Roma-дағы қызметіңізге қашан кірісесіз? ‒ Алдымызда ҚР Тұңғыш Президенті күні, Тәуелсіздік күні мерекелері жақындап қалды. Сол мейрамдарға орай өтетін концерттік шараларға қатысуым керек. Одан кейін өзімнің туған жеріме, Қостанай қаласына барып, жеке концертімді өткізуге ниеттеніп отырмын. Қазақ ырымшыл халық қой. Алыс сапарға аттанар алдында елге барып, үлкен кісілердің батасын алғым келеді. Содан кейін Италияға жол жүремін. Рим опера театрындағы жұмысым қаңтар айында басталады. Келісімшарт 2 жылға созылады. Егер онда шығармашылығымды дамытудың жаңа мүмкіндіктері болып жатса, әрі қарай да қалып жұмыс істеуге тырысамын. Бірақ өзім қызмет ететін өнер ордасы – «Астана Опера» театрынан алыстамаймын. Астанаға келіп, Абай (Л.Хамидидің «Абай» операсы), Бекежан (Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсы) секілді жетекші партияларды орындап тұрамын. Театрдың басшылығына, ынтымағы жарасқан ұжымыма маған көрсеткен қолдаулары үшін үлкен алғыс айтамын. ‒ Рим опера театрының келісім-шартында қандай талаптар бар? Өз елімізде біраз танылып үлгергендіктен, орындайтын шығармаларды таңдауға мүмкіндігім болды. Ал Италияда мен беймәлім адаммын. Еңбек жолымды жаңадан бастаймын деуге болатын шығар. Біраз тер төгуге тура келеді. Қазақтың өнері ешкімнен кем емес екенін дәлелдеу үшін қыруар еңбек ету керек. Рим опера театры қандай партияларды берсе, соны орындаймын. Өзімнің кәсіби дайындығымның жақсы екеніне сенімді болғандықтан, өзіме жүктелген кез-келген міндетті абыроймен орындай аламын деп ойлаймын. Екі жыл ішінде өз беделім ғана емес, елімнің, күллі қазақтың беделі сыналайын деп тұрғандықтан, босаңсуға хақым жоқ. ‒ Италия – операның отаны болғандықтан, опера әншісіне онда өнерін өркендетудің мүмкіндігі мол екені анық. Өсу жолымен жоғары сатылап, шетелде танымал әншіге айналсаңыз, елге ат ізін салмай кетпейсіз бе? ‒ Келісімшарт мерзімі аяқталғаннан кейін, басқа театрлар жұмыс істеуге шақырса немесе Рим опера театры әрі қарай қызметімді жалғастыра беруді ұсынса, қабыл алатыным анық. Өйткені өзіңіз айтқандай, онда өнерлі адамның, еңбектенемін, өсемін деген кісінің алдында даңғылдың бәрі сайрап жатыр. Қазақстанға мен кез келген уақытта ораламын ғой. Алайда мен елде жүргеннен гөрі, сыртта жүргенде мемлекетімізді көбірек дәріптей аламын. Тек операда ғана емес, өнердің барлық саласында еліміздің атын шығаратын әлемдік деңгейдегі жұлдыздар керек. Солар арқылы жаһан жұртшылығы өнерімізді таниды, еліміз туралы білуге талпынады. Елбасы ұсынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасының түпкілікті мәні де осы деп ойлаймын. ‒ Рим опера театрының сахнасында өз репертуарыңыздағы қазақ композиторларының шығармаларын орындау мүмкіндігі туар ма екен? Егер Италияда жақсы танылып, өз концертімді беретін деңгейге жетсем, қазақтың операларын, арияларын міндетті түрде орындаймын. «Астана Опера» театры Италияға гастрольдік сапармен келіп жатса да, ұжыммен бірге өнер көрсетуге дайынмын. Ал оған дейін келісімшарт шарттарын орындап, Рим опера театрының қойылымдарына қатысамын. Осынау баға жетпес тәжірибе шығармашылық өсуім үшін аса маңызды. Болашақта классикалық өнерсүйер қауымды жаңа партиялармен, спектакльдермен қуантамын деп үміттенемін. Атақты баритон Ермек Бекмұхамедұлы Серкебаевтың арманы Еуропаның үздік сахналарында Қазақстан мәдениетін асқақтату болған еді. Пір тұтқан тұлғамның арманын іске асырсам деймін. Өйткені қазақстандық опера өнері барша әлемге танылуға әбден лайықты. ‒ Сұхбатыңызға рахмет! Шығармашылығыңызға табыс тілейміз!  

Сұхбаттасқан

Анар ЛЕПЕСОВА