Іскерлік пен ұстаздық ұштасқанда

Іскерлік пен ұстаздық ұштасқанда

Іскерлік пен ұстаздық ұштасқанда
ашық дереккөзі
Лев Николаевич Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Елбасымыздың өзі ашып, батасын берген еліміздегі танымал білім ордаларының бірі. Мұндағы 13 факультетте республикамыздың түкпір-түкпірінен оқуға келген түлектерімізді білім нәрімен сусындатып жүрген тәжірибелі ұстаздар да аз емес. Солардың бірі Академиялық мәселелер департаментінің директоры Шәмен Балтабайұлы Палымбетов. Ол Қызылорда облысы, Шиелі ауданындағы Абай атындағы орта мектепте оқып жүрген кезінде-ақ физика, математика және химия пәндеріне қатты қызығушылық танытты. Мақсаты мектепті бітірген соң техникалық мамандық бойынша оқуға түсіп, білімін жалғастыру болатын. Ол кезде инженер-құрылысшы мамандығына сұраныс жоғары. Арман қуған балаң жігіт Алматы қаласындағы политехникалық институтқа құжаттарын тапсырып бағын сынайды. Өкінішке қарай, байқаудан өтпей қалады. 1973 жылы кеңес армиясы қатарына шақырылып, Ресейдің Самар облысында азаматтық борышын атқарады. Мұнда да уақытын құр өткізбей қолы қалт еткенде емтиханға дайындығын жалғастырды. Алдына мақсат қоя білген ол, азаматтық борышын өтеген соң, Алматыдағы Ауыл шаруашылығы институтынан бір-ақ шығады. Кешегі сарбаз енді студент атанады. Институтты қызыл дипломмен аяқтап, Қызылорда қаласындағы Жамбыл гидромелиоративтік институтының филиалына жұмысқа орналасады. Институтта бір жылдан астам қызмет атқарған соң өз мамандығы бойынша жұмыс істеуге шешім қабылдайды. Қызылорда облыстық аргоөнеркәсіп техникалық бірлестігіне инженер болып қабылданып, кейін аға маман және бөлім бастығы, басқарма бастығы лауазымдарына дейін көтеріледі. Міндеті облыс шаруашылықтарының материалдақ техникалық базасын қажетті жабдықтармен қамтамасыз ету. Жұмыс деген бастан асатын. Ресей, Беларусь,Украина елдерінің жабдықтаушыларымен тұрақты келісімдер жасалып, облыс экономикасының көтерілуіне игілікті шаралар атқарылады. Зымырап он алты жылдың қалай өткені де байқалмай қалды. КСРО келмеске кеткен тоқсаныншы жылдары Шәмен Балтабайұлы достары Ербай, Райымбекпен бірігіп облысты қосалқы бөлшектермен қамтамасыз ететін «Шер» компаниясын құрады. Компания жұмысы тез жанданып, төгілген маңдай тер жемісін бере бастайды. Компанияда бір жарым жыл жұмыс істеп, 1997 жылы қазіргі Тараз қаласындағы мемлекеттік университетке оқытушы қызметіне жұмысқа ауысады. Бизнесті бірге бастаған достары оның бұл қалауын құптап, ақ жол тілеп шығарып салады. 2008 жылы зайыбы Мұсабаева Меруерт Насұрлаевна (бүгінде география ғылымдарының докторы) Астана қаласындағы жоғары оқу орнына қызметке шақырылады. Ерлі-зайыптылар келісіп, Астанаға бірге аттануға шешім қабылдайды. Осылайша Шәмен Балтабайұлы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде еңбек жолын жалғастырады. Бастапқыда университеттің тіркеу офисі қызметі басшысының орынбасары, тіркеу офисінің директоры болса, бүгінде Академиялық мәселелер департаментінің директоры қызметтерін атқарып келеді. Соңғы кездері ұзақ жылдар жинақтаған мол тәжірибесін білім беру саласына арнап, оқу үдерісін ұйымдастыру, ондағы реформалардың ендірілуіне ат салысуда. 2009-2010 жылдары университеттің Қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы болып жұмыс істеді. Бұл қызметті де үлкен абыроймен атқарып, университетке талапкерлердің сапалы қабылдануына өз үлесін қосты. Ол білім ордасының оқу үдерісін ұйымдастыру, талдау жасау, логикалық тұрғыдан үйлестіру, оқытудың кредиттік технологиясын ендіруге ат салысты. Сондай-ақ, оқытудың сапасын арттыру, автоматтандыру жұмыстарын ендіруді ұйымдастыру бағытында өз ісін жетік білетін маман екенін дәлелдеді. Бүгінгі таңда нарықтық экономика кез келген саладағы мамандардың кәсіби білім деңгейіне жоғары талап қояды. Енді білім берудегі басты назар болашақ түлектердің біліктіліктері мен қабілеттеріне, олардың іс жүзінде жұмысқа бейімділігіне аударылады. Түлектердің жұмысқа орналасуы – жоғары оқу орнындағы білім беру жұмыстары сапасының басты көрсеткіші. Себебі әр білім ордасының түпкілікті мақсаты елімізге қажетті мамандар даярлау. Осыған орай Еуразия ұлттық университетіндегі басты міндет нарықтық жағдайдағы жұмыс істей алатын бәсекеге қабілетті, жоғары білікті мамандар даярлау болып табылады, – дейді Шәмен Балтабайұлы. Ол түлектерге білім берумен қатар, зайыбы Меруерт Насұрлаевнамен бірге өз балаларын тәлімді тәрбие мен тиісті білім алуға, еңбекке баулуға тырысты. Қазір балалары ер жетті. Әрқайсысы өз таңдаған мамандығымен айналысуда. Шәмен Балтабайұлының еңбегін Еуразия ұлттық университетінде ғана емес, еліміздің түрлі жоғары оқу орындарындағы әріптестері, Білім және ғылым министрлігіндегі мамандар да жоғары бағалайды. Оның кеудесінде жарқыраған «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медалі мен «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төс белгісі ұзақ жылғы еселі еңбегінің айғағы іспетті.  

Жүніс ТОЛЫБАЙ