Жаңалықтар

Тәуелсіздік пен Алматы – егіз ұғым

ашық дереккөзі

Тәуелсіздік пен Алматы – егіз ұғым

Қазақстанның тәуелсіз ел атануы жолында аянбай еңбек еткен тұлғалар көп. Ол кешегі қазақтың азаттығын аңсаған Алаш арыстарынан бастау алады десек, қателесе қоймаспыз. Биыл елімізде «Алаш» партиясы мен «Алашорда» үкіметінің құрылғанына 100 жыл толғаны баршаға мәлім. Аталмыш датаға орай Алматы қаласының әкімдігі Алаш арыстарын ардақтауға, «Алаштың» 100 жылдығын тойлауға ерекше назар салып отыр. Алматы шаһарының «Алаштың» 100 жылдығын атаусыз қалдырмауы заңдылық. Өйткені Алаш арыстары армандаған Қазақстан тәуелсіздігі алғаш осы қалада жарияланды.  Алматы – Тәуелсіздіктің алтын бесігіне айналған шаһар. Алаш зиялыларының ізін жалғап, бабаларымыз аңсап күткен егемендікке қол жеткізуімізге бастамашы болған бірден-бір тұлға – Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев. Осы орайда, Алматы қаласында «Нұрсұлтан Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» атты көшпелі ғылыми-білім беру және мәдени-ағартушылық көрмесі өз жұмысын бастады. Көрменің ұйымдастырушысы – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы. Көшпелі көрме жобасының ашылу салтанатына ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы директорының міндетін атқарушы Махмұт Қасымбеков, Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы және Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек қатысты. Елбасы кітапханасы ұйымдастырып отырған көрменің негізгі мақсаты – Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Тәуелсіз Қазақстан тағдырындағы рөлін мұрағат құжаттары мен жәдігерлер арқылы жүйелі түрде кеңінен көрсету. Көрме 4 бөлімнен тұрады: «Көшбасшы жолы» бөлімі ҚР Президентінің өмірбаянын, «Көшбасшы феномені» бөлімі мемлекеттік құрылыстың қалыптасу және даму концепциясын, «Президент наградалары – халық құрметі» бөлімі жоғары мемлекеттік наградаларды және «Әлем таныған көшбасшы» бөлімі  ҚР сыртқы саясатын қамтиды. Көрменің салтанатты ашылу рәсімінде сөз алған Елбасы кітапханасының басшысы Махмұт Қасымбеков: «Біздің осы көрмені ару қала – Алматыда бастауымыздың өзіндік себептері бар. Біріншіден, Алматы өздеріңізге мәлім, әлемге әйгілі мәдениет пен өнер орталығы. Тәуелсіздігіміз ең алғаш осы Алматы қаласында жарияланған болатын. Сондықтан бұл қала барша қазақстандықтар үшін ерекше ыстық әрі жүрегімізге жақын», – деп бастады сөзін. Одан әрі кітапхана директоры көрмеге қойылған жәдігерлер, көрермендер назарына ұсынылатын құнды дүниелерге тоқталып өтті. Алматы шаһарындағы Мемлекеттік орталық музейде ұйымдастырылған көрмеден қонақтар Елбасы кітапханасының архив, кітап, музей қорларының материалдарын тамашалай алады. Көрмеге Астанадағы Елбасы музейінен 800 түпнұсқа қолжазба, суреттер және жеке заттары әкелінді. Олардың қатарында шет мемлекеттердің үкімет басшылары Нұрсұлтан Назарбаевқа тарту еткен жоғары мемлекеттік наградалар, Қасиетті Құранның бірегей жинақтары, мемлекет басшылары сыйға тартқан қолтаңбалық кітаптар, Мемлекет басшысының әлем тілдеріне аударылған еңбектері бар. «Бұл көрме Алматы қаласының мәдени және рухани өміріндегі елеулі оқиға болады деп үміттенеміз. Көрме аясында біз көптеген семинарлар, конференциялар, кездесулер өткізетін боламыз. Олардың барлығы Алматы қаласының жоғары оқу орындарында өткізілетін болады», – деп қорытты ойын Махмұт Қасымбеков. Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы егемен Қазақстанның бүгінгі қол жеткізген жетістіктері Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тиімді саясатының жемісі екендігіне тоқталды. «Тәуелсіздігіміздің алтын бесігі – Алматы қаласында өткелі тұрған бұл шараның маңызы өте зор. Себебі ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен халықаралық қауымдастықтан өзіндік орын алған қуатты мемлекет – Қазақстан ажырамас екі ұғым. Мемлекет басшысы халқымыздың ғасырлар бойы аңсаған еркіндіктің есігін ашты. Тарих үшін өте қысқа мерзімде ел экономикасын қарыштап дамытып, ішкі және сыртқы саясатты әлемдік деңгейге көтерді. Елбасының сарабдал саясатының арқасында толағай табыстарға қол жеткіздік. Қазіргі уақытта Қазақстан әлем мәдениетінің құрамдас бөлігіне айналды. Осы бағыттағы біздің бағдарымыз айқын. Ол – әлем мәдениетінің қақ төрінен орын алу. Бұл ретте біз Елбасымыздың бастамасымен ұлттық салт-дәстүрлерімізді, тілімізді, өнерімізді, әдебиетімізді, бір сөзбен айтқанда, ұлттық руыхымызды жаңғыртуды бастадық.  Бүгінде Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шетелдік сарапшылар мен халықаралық ұйымдар тарапынан жоғары бағаға ие болып отыр», – деді өз сөзінде Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы. Ал елордадан келген қонақтарды қабылдаған Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек мырза: «Алматыда Тұңғыш Президент күні қарсаңында аса маңызды мұндай шараны өткізу қала тұрғындары үшін үлкен құрмет. Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы, оның орасан жетістіктері Нұрсұлтан Әбішұлының атымен тығыз байланысты. Қазақстанның Тұңғыш Президенті – біздің заманауи мемлекетіміздің іргетасын қалаушы. Елбасының басшылығымен жүріп жатқан ауқымды экономикалық, саяси және рухани жаңғыру Қазақстанның әлемнің дамыған 30 елі қатарына енуін қамтамасыз етеді. Елбасының тұрақты қолдауы арқасында Алматы ел экономикасының бестен бір бөлігін беретін Орта Азиядағы ірі мегаполис ретінде даму үстінде. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тұлға ретінде құбылысы, яғни феномені зор тарихи шешімдерді қабылдауынан көрінеді, олар: Тәуелсіздікті жариялау, Конституцияны қабылдау, астананы көшіру және тағы басқалары», – деді. Осыдан кейін Махмұт Қасымбеков, Арыстанбек Мұхамедиұлы және Бауыржан Байбек көшпелі көрменің лентасын қиып, жиналған жұртшылық музейге орналастырылған жәдігерлермен танысты. Сонымен қатар, жоба шеңберінде ғылыми конференциялар, семинарлар, тренингтер, тақырыптық және шолу экскурсиялары, сондай-ақ, «Назарбаев моделі» кітабының тұсаукесері тәрізді бірқатар іс-шаралар өткізілді. Көшпелі көрме жобасының іс-шаралары Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Күні және Тәуелсіздік күні мемлекеттік мерекелеріне орай жүзеге асырылып отыр. ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының ұйытқы болуымен ұйымдастырылған жобаның алғашқы күнінде көрменің ашылу салтанатынан кейін «Ғылыми-білім беру қызметіндегі жұмыстың инновациялық үлгісі» атты семинар мен ҚР Мемлекеттік күзет қызметі Президенттік оркестрінің есептік концерті өтті. Ал көшпелі көрменің екінші күні «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы: Мемлекеттік басқару стратегиясы және көшбасшы феномені» тақырыбындағы халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциямен басталды. Конференцияға Алматы қаласы әкімдігі мен мәслихатының өкілдері, жоғары оқу орындарының ректорлары, ғылыми-зерттеу институттары мен орталықтардың өкілдері, сарапшылар, саяси жаңғыру және әлеуметтік саяси қатынастар саласындағы мамандар қатысты. Ғылыми-тәжірибелік конференция шеңберінде Қазақстан егемендігі мен мемлекеттілігін нығайтудағы Мемлекет басшысының тұлғалық рөлі, ұлт­аралық және дінаралық келісімдерді нығайту мен жаңа қазақстандық елжандылықты қалыптастырудағы Елбасының тарихи рөлі, аймақтық және жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі Қазақстанның көшбасшылығы, Мемлекет басшысының сыртқы саяси бастамалары сөз болды. Сондай-ақ, жобаның екінші күнінде «Рухани сананы жаңғырту: кітапхана және архив қызметтеріндегі өзекті мәселелер» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Дөңгелек үстелге қатысушылар кітапхана мен архивтің мәдени-ағартушылық орталық ретінде тәуелсіз Қазақстан тарихындағы өзекті мәселелерді зерттеудегі рөлін, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауының негізгі бағытын Қазақстан мәдениеті жаңғыруының стратегиялық факторы ретінде жүзеге асыру, Қазақстан халқы, «Мәңгілік Ел» ұрпағының бәсекеге қабілеттілігін қалыптастырудағы кітапхана мен архивтің рөлін бағамдады. Көшпелі көрме жобасының бірқатар шаралары Алматы шаһарындағы жоғары оқу орындарында өтті. Солардың бірі – «Рухани жаңғыру: жастар көзқарасы» тақырыбындағы халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция. Бұл шара Елбасының идеялары мен бастамаларын ілгерілету және насихаттауды, мәдени кодты сақтау мен қазақстандық жаңа буынның санасын қалыптастырудағы студент жастардың рөлін зерттеуді көздейді. Ал «Қазақстан жолы: «Мәңгілік Ел» семинары Қазақстандық жастардың отаншылдық сезімін күшейтуге, азаматтық жауапкершілігін қалыптастыруға бағытталған. Айта кетейік, Елбасының еңбек жолына арналған Алматыдағы кешенді көрме 2018 жылдың 14 қаңтарына дейін жұмыс істейді.