Әнес Сарай: Ноғайлы – тарихымыздың құпияға толы қатпары

Әнес Сарай: Ноғайлы – тарихымыздың құпияға толы қатпары

Әнес Сарай: Ноғайлы – тарихымыздың құпияға толы қатпары
ашық дереккөзі
  Көрнекті  жазушы,  Мемлекеттік  сыйлықтың  лауреаты Әнес Сарай  тарих тылсымына  шұқшия  үңіліп,  тірнектеп  дерек  жиып, тебіреніп  қалам  тербеу  әрбір қаламгердің  қасиетті  парызы  деп  санайды. Тарих тағылымы  арқылы  ғана  қайсар,  табанды, өршіл ұрпақты  қалыптастыруға  қол жеткізуге  болатынына  қапысыз сенеді. Қаламгердің  қарымды  қаламынан туған  «Көнеліктер»,  «Көк  түріктері», «Ноғайлы» – қазақ тарихының  кең  тынысын ашатын құнды  дүниелер екені  жұртшылыққа  мәлім. Белгілі жазушы  Қуаныш Жиенбай мен  көрнекті  қаламгер Әнес  Сарай  екеуара  әңгімесінде  көне  түркілердің  тарихын айналып  өте  алмапты.  Қос  қаламгердің  тағылымды  сұхбатын «Түркістан» газеті оқырмандарының  назарына  ұсынуды  жөн санадық.  – Сіз онсыз да елге белгілі қаламгерсіз. «Мұнаралар шақырады», «Қараша өткен соң», «Бозқырау», «Ақ тымық түн» повестер мен әңгімелер жинағыңыз, «Теңіз сарыны» дилогиясы мен «Ұлу аралы», «Еділ-Жайық», «Өртенген керуендер» романдар топтамасынан құралған «Еділ-Жайық» трилогиясы, «Исатай мен Махамбет», «Асылдың сынығы» атты әдеби еңбектеріңіз біздің рухани қазынамызға айналғалы қашан?! Кенет, ойламаған жерден ғылыми, тарихи тақырыптарға ауыстыңыз да кеттіңіз. Ауысқанда да соңғы жылдар бедерінде қазақ тарихына қатысты бұрын айтылмай, айналысқа түспей жүрген ғылыми деректерді қопара зерттеп, бірнеше құнды кітаптарды дүниеге әкелдіңіз. – Айналайын-ау, қағазға түспей, пісіп-жетілсе де, ойда ғана жүрген ғылыми тұжырымдар мен тосын пікірлер қаншама?! Шығысы Сарытеңіз, батысы Қаратеңіз, түстігі Хуанхэ, Әмудария, терістігі Мұзды мұхитқа тірелген, «алыс-жақынды қамыстай қалтыратқан» Ашина (аспан) түркілері 552 жылы төбелеріне әңгір-таяқ ойнатқан жужандарды талқандап, көшпелі дала билігіне қатысты жаңа тарих бетін ашып, ұлы түрік қауымдастығын құрды. Ашина түріктерінің билігі 150 жылға созылды. Аталмыш әулет салып берген сара жол, өз ұрпағының қаны мен жанына суарылған өршіл рухани қуат 700 жылға сарқылмай жетіп, моңғол дәуіріне иек артты. Осы күні мерзімді басылымдарда болсын, ғылыми еңбектерде болсын «көк түріктер» деп жазады. «Күлтегін», «Білге қаған» бітіктас жазуында түріктер өздерін «Көк түріктері» деп атаған. Мұндағы «көк» түсті емес, космостық – аспан мағынасын білдіреді. Сондықтан «көк түріктер» деп емес, «көк түріктері» деп жазып, «аспан түріктері» деп ұққанымыз мақұл. Осы жеті жүз жылда әр тілде сөйлейтін түркі қауымдарының тілі ортақтанды. Осы кезеңде Хинған жотасынан батыстағы Бұлғар тауына дейінгі құс қанаты талар ұлан-байтақ жалпақ өңір жұрты түркілену процесін бастан өткерді. Хотан-сақ тілді Шығыс Түркістанның қамал қалаларының тұрғындары парсы тілді сармат, албан, абар, суар, соғдақтар, қидан тілді қай, татар, татабылар, угар тілді мажар, зирян, сібір, шоран, шортан тайпалары түгел түркіленді. Түркі тілі әлемнің белді тілінің біріне айналды. Қыпшақ-латын, қыпшақ-араб, қыпшақ-армян сөздіктерінің дүниеге келуінің астарында осындай сыр жатыр. Бабаларымыз төл әліппе ойлап тауып, өздерінің бастан кешкен тарихы мен кейінгі ұрпаққа арналған өсиет сөздерін тас бетіне қашап жазды. «Тізеліні бүктірдік, бастыны жүгіндірдік...», «Бек ұл ұрпағың құл болды, сүлік қыз ұрпағың күң болды...», «Түрік халқы үшін түн ұйықтамадым, күндіз отырмадым...», «Өлімші халықты тірілттім. Жалаңаш халықты тонды қылдым. Аз халықты көп қылдым...» Білге қаған, Күлтегін ескерткішіндегі әрбір түркінің жүрегін толғанысқа бөлейтін осынау жолдарды бүгінде бәріміз жақсы білеміз, бәріміз жатқа білеміз. Жартасқа қашап салынған суреттер – өзге жұрттарда кездеспейтін, баламасы жоқ, түркі әлеміне ғана тән қолтума өнер. Суретпен шежіреленген түркі өмірінің ғажайып айнасы. Әлемдік ғылым өркениет шарттары деп, төл жазуы болуды, қала салу мен монументті мүсін өнерін айтады. Түркілерде мұның бәрі болды, оның сыртында тәңірлік дін, жартас графикасы қағидаларын қалыптап, ХІ ғасырда төл грамматикасын негіздеп, «Түрік сөздігі», «Құдатғу білік» сынды философиялық-әдеп трактатын жазды. Міне, осы жоралар аясында «Көшпелілер өркениеті» ғылыми термині қалыптасып, әлемге мойындалды. «Көшпелілер өркениетін» әкелген жұрт қазір жеке-жеке мемлекет, жиырмаға жуық ұлыс боп отыр. Жалпы әлемдік өлшеммен келгенде түркі дүниесі – бөліп-жаруға келмейтін біртұтас дүние. Л.Гумилевтің «Байырғы түркілердің әдет-ғұрып, салт-дәстүрі, киім киісі ХІХ ғасырдағы қазақтардан айнымайды», П.Мелиоранскийдің «Ежелгі түріктердің тілін таза сақтап қалған тіл – қазіргі қазақ тілі» дегендері көңілге жылы ұшырағанымен, Көшпелілер өркениеті – алалап-бөлелейтіні жоқ, түркі ұлыстарының бәріне ортақ өркениет. Түркі жұртына тікелей байланысты тарихи шындық кейде көзбе-көз бұрмаланып жатады. Тасқа басылып, қолға ұстайтындай ақиқаттың өзі бұра тартылады, біреулер өз жұртының көбірек ауызға ілінгендігін қалайды. Міне, содан келеді де, айдалада отырған сенің қаның қайнайды, жүйкең жұқарады. Әрине, романдарымды жалғастырып, бір бағытта шығармашылықпен айналысуға маған кедергі келтіретін кім бар?! Және өзің білетіндей, әдеби кітаптарым да оқылмай, шаң қауып қалған емес. Сізге ашығын айтайын, тарих деген шіркіннің шартағынан «ішке секіріп түстің» екен, енді одан жуық маңда оңай сытылып шыға алмайсың, магнитіне тұтқындаласың да қаласың. «Көк түріктерін» жазарда қаншама мұрағатты ақтарғанымды білсеңіз, қаншама кітап оқығанымды білсеңіз. Алғашында көк түріктерінің ата-баба шежіресімен шектелермін деп болжағам. Мұның өзі сан тарау, қым-қиғаш дүние. Көк түріктерінің тұрмыс-салты, түркілердің басқару жүйесі, әскері, діни жоралары, жазу-сызуы... Алғашқы қағандар, түркінің шырқау кезеңі, алауыздық және оның салдары, азаттық жолындағы арпалыс, елдік пен ездік... Қытай басқыншылығы және Батыс түркі, Елтеріс құтылық қаған, Білге қаған, Күлтегін (716-734 жылдар)... Солай бауырым, біраз уақытым да, біраз денсаулығым да осы кітапқа шығындалды. Мұның ішінде көшпелі қазақ тарихы да тұнып тұр. Бір шүкіршілік айтатыным, «Көк түріктері» қолға түсе бермейтін сирек кітаптар тізіміне кірді. Тарих деген жарықтық бір не бірнеше жылда жазыла салмайды ғой. Оған ғалымдарымыз бен тарихшыларымыздың табанды әрі жанкешті ізденімпаз еңбектері қажет-ақ. Оны айтасыз, алдымен «Қазақ» сөзінің түп-төркін мағынасы айқындалды ма, «қазақ» сөзінің әу бастағы түп-төркіні туралы әлі күнге дейін талас-тартыс туындап жатады. Мұндай ахуал тек қазақ қауымының басында емес, көршілес өзбекте, тарихы хатталған дейтін орыста да бар. ХVIII-XIX ғасырдағы орыс тарихы «русь» этнонимінің мәнін анықтау жолындағы ізденістерге толы. Әр саққа жүгірткен алшақ пікірлер де аз болмаған. Осындай бір қызу пікірталастың тұсында орыс ғалымы Ломоносов қиянатқа шыдамай, қыруар жұмысын жиып қойып, тарихпен түбегейлі шұғылданғаны бар. «Неге бұлай істедің?» деген әріптестерінің сауалына: «Ұлттық сананы қалыптастыруда тарихтың атқарар міндетін өзге бірде-бір ғылым атқара алмайды» деп жауап қайтарғаны есте... Арғы жағы түсінікті болар. – «Көнеліктерде» де бұрын біз кезіктірмеген тың деректер көзге шалынып қалды. Бұл, әрине, мәселенің бір жағы ғой, көбіне ғылыми тілде жазылған кітаптарды сол саланың мамандары болмаса былайғы жұрт түсініп, тұшынып оқи қоймайды деген пікірлерді де жоққа шығаруға болмас. Ал сіздің мына дүниеңіз оқылады, оқиғалар түзілісі бірден еліктіріп әкетеді. Адам Атаның пайда болуы, Қадым заман хикаялары, Жердің жаралу тарихы, Көне тас дәуірі, Көне дәуірге соны көзқарас, Тұран жұрты... Қысқа қайырғанда, оқырман сусап жүрген тақырыптар... – Кітаптың толық мәнін түсіндіріп беруге бір сұхбат аясында шама жетпес. Және оны міндетімізге алу да миға сия қоймас. Бастан-аяқ оқып шыққан адамның алтын уақытым текке кетті-ау деп бармақ тістемесін білемін, өкінбесін білемін. Адам Атаның пайда болуы туралы аңыз-әбсана «Тауратта» да, Құран Кәрімде де жан-жақты баяндалған. Біздің қосқанымыз, соны дүниежүзі ғалымдары мен оқымыстылары айтқан тың ойлармен толықтырып, шындыққа сай келетін деректерді қарапайым оқырманға түсінікті тілмен баяндау. Түсінікті тілмен баяндау дегенді ғылыми ұғымнан алшақ алып қарастыруға болмайды. Бұл – әрине, жуық маңда таусыла қоймайтын ұзақ әңгіме. Мен негізі «Көне дәуірге соны көзқарас» тарауына көбірек тоқталайын. Батыс Еуропада қадым заманнан айтылып келе жатқан «атланттар» пайымы өткен ғасырдың аяғында ғылыми тұрғыдан біржола тиянақталды. Тарихтың бір кезеңінде апатты зілзала нәтижесінде қазіргі Атлант мұхитының терістік аймағындағы Атлантида суға батты. Оның байырғы тұрғындары – ұлы теңізшілер қауымы Еуропаға қоныс аударды да, біртіндеп терістік Африка, Арабия, Оңтүстік Үндістанға дейінгі ұлы теңіздердің жағалауына мәдениет ұрығы егіліп, рухани тұрғыдан құнарланды. «Еуроцентризмнің» түп төркіні осында. Аталмыш теорияны негіздеушілер Еуропа кеңістігін алғаш игеріп, мәдениеттендірген де «атланттар» деп білді. Орыс тарихшылары бұл байламды мақұлдамаса да, сыртқа тепкендей сыңай таныта қойған жоқ. Енді біз жоғарыдағы «атланттар» тұжырымына қарама-қарсы екінші бір ғылыми тұжырымды көлдең тартпақпыз. Еуропада өткен ғасырдың басында француз Рене Генонның «Атлантида және Гиперборея» (1929), неміс археологы және дін тарихшысы Герман Виттің «Адамзаттың пайда болуы», Гастон Жоржельдің «Адамзаттың төрт ғасыры» (1949) атты еңбектері жарық көрді. «Атлантида» аумағының өзі тарихи деректерден гөрі тарихи болжамға құрылғандықтан аталмыш кітаптар да осы ғылыми болжам негізінде түзілді. Ал Жоржель Еуропа мәдениетінің негізін қалаған тұрандықтар деп біледі және осы пікірінен айныған да емес. Тұранның мәдени орталығын Сібір – Гоби шөлі – Камчатка төңірегінен іздеу керек деп ойын тұжырымдайды ғалым. Бұл айтылғандар біздің тарихи түсінігімізді жаңа деңгейге көтеретін аса маңызды жаңалық. Өзінің пікірін аспандағы жұлдыздардың қозғалу заңдылығына негіздеп айтқан Жоржель болжамы жанымызға жақын. Арада санаулы жылдар өткенде академик Окладников Ангара өзені аңғарындағы Мальта, Бурет мекенінің мәдени маңызын әлем жұртына жариялады. Бұл «Сібір археологиясының» тосын жаңалықтары дүние жүзін қалың ұйқыдан оятты. Атақты археолог өзі ашқан мәдени ошақтарға таң қалғаны соншалық, көпке дейін оны неге жорырын білмеді. Алғашқыда ол мәдени ошақтарын түркі халықтарына жолатпай, ашықтан-ашық «мұны жасаған түрік нәсілі емес, жер бетінен жоғалған белгісіз халықтың мұрасы» деп жүрді де өлерінен сәл ғана бұрын, соңғы еңбегінде: «Ежелгі түріктік Сібір шығыстан гөрі батыспен көбірек байланысты. Оның мәдениет деңгейі біз ойлағаннан гөрі көп биік боп шықты. Байқал, Ангара, Лена өзендерінің аңғарында батыс пен шығыстың ежелгі мәдениеті тоғысып, ажырасқан. Өз кезеңімен салыстырғанда аса ілгері мәдени ошақтардың болғаны басы ашық жайт. Онымен есептеспеуімізге лаж жоқ. Табылған археологиялық айғақтардан көрініп тұрғандай, түріктердің Дон, Дунай сапарлары Байқал қамалдарынан басталған», – деп жазып кетті. Бұлар біздің тарихқа байланысты деректерде кездеспейді. Кездессе де бетімен қалқып өте шығады. Демек біздің жыл санауымыздан бұрынғы 22-24 мыңжылдықтағы Сібір мәдениетін археология түрік халықтарымен байланыстыруға мәжбүр болды. Бұл ғылыми тұжырым төл тарихымызға басқаша қарауға жол ашты. – Сонда біздің бұрынғы Тұран жұрты төңірегіндегі ұғым-түсінігіміз де кеңейді деп ойлайсыз ба? – Әрине, Тұран біздің осы кезге дейінгі ұғымымызда Арал теңізінің оңтүстігі, Әмудария, Сырдария аралығын алып жатқан ойпат деп келдік, солай деп жаздық. Одан әрі тереңдегенде Тұранды терістегі Қаратаудан, шығысы Еренқабырғадан әрі асыра алмадық. Және Тұран ұғымы біздің санамызға Фирдоусидің «Шахнамасы» арқылы ғана енді. Ал Еуропа зерттеушілері болса Тұран деп Орта Азия ғана емес, Қазақстан, Батыс, Орта, Шығыс Сібірді қосақтай атап, Тұран елінің рухани орталығы Орта Сібір деп соқырға таяқ ұстатқандай анық көрсетеді. Осы ретте әлі күнге дейін Тұран топонимикасының Алтай сыртында ғана сақталып, Тұран этникалық тобының Алтай түріктері арасында ізін жоймағаны жоғарыдағы пікірді қуаттай түседі. «Көнеліктерде» де Тұран тайпалары туралы, Арийлер дәуірі, сақтар-скифтер, Қас тайпасы, Шумер және Шу тайпалары туралы да қызықты мағлұматтар келтіріледі. – «Қазақ» сөзінің хатқа түсу тарихы да ешкімді бейжай қалдырмаса керек... – Бұл төңіректе де «айтыс» жетерлік. Қазақ кеше ғана өмірге келген, өткен-кеткені жоқ балаң халық емес. Көне мәдениеті, өнері, рухани мұрасы бар ежелгі жұрт екендігі бесенеден белгілі. Бірақ тоңмойын түсінік пен солақай саясаттың «іштарлықтан» ірге ажыратқан жері бар ма?! Қазақтың аты баяғыда хатқа түскен ежелгі халық екені жөнінде ХІХ ғасырдағы орыс ойына бұлтартпас дерек күйінде нақты хабар жеткізген Сенковский Осип Юлиан-Семенович (1800-1858). Ол – әдебиет сыншысы, журналист әрі оқымысты адам. 1819 жылы Стамбулдағы орыс елшілігінде қызмет етіп, Египет, Сирияны аралап, араб тілін үйренген. Кейін Петербург университетінің шығыс тілдері кафедрасын басқарған. Сенковский шығыс елдерінде жүргенде Фирдоусидің «Шахнамасының» толық нұсқасымен танысып (біздегі аудармалар әлі тұтас емес), дастанда қазақ атының аталып қана қоймай, әжептәуір жырланатыны туралы да хабар берген. Бірақ отаршыл-реакцияшыл бағыт ұстанған автор кезінде бұл мәселені жеріне жеткізе зерттемеді, алғашқы дақпырт тез арада басылып қалды. «Шахнама» мәліметін жүйелеп, шындыққа әлемнің көзін ашқан ғалым А.Вамбери. Ол 1885 жылы «Түрік халықтарының этнологиясы мен этнографиясы» атты неміс тілінде зерттеу жазып, қазақ есімі ІХ-Х ғасырларда болғанын әдеби, тарихи деректермен дәлелдеп берді. Онда былай делінген: «Қазақ, қазақ хандығы деген ел Көк теңіздің (Арал теңізі) солтүстігін мекендеп отырған күшті әрі көп санды жұрт...» Зерттеуші ғалымдарға да, «Шахнаманың» авторы Фирдоусиге де сенбеске лаж жоқ. Ұлы ақынның аузына қазақ есімінің аспаннан түспегені белгілі. – «Ноғайлыны» «Көнеліктер» атты зерттеу еңбектің заңды жалғасы десе болады, – депті кітаптың аңдатпасында. – Әнес Сарай Ноғайлы тарихын «Қырымның қырық батыры» эпосымен салыстыра отырып, тарихтың бұрын айтылмаған тың беттерін тірілтіп, халқымыздың өткен-кеткені туралы көкжиегімізді кеңейтеді. Едіге, Нұрадын, Мұса, Жаңбыршы, Орақ, Мамай, Қарасай, Қазилардың өмір-деректерімен етене танысып, белгілі тұлғалар туралы жаңа көзқарас қалыптастырамыз. Сондай-ақ, еңбекте Сыпыра жырау, Асан Қайғы, Шалкиіз, Доспамбет, Қазтуған өмірі туралы тың деректермен ұшырасып, олардың өмір сүрген кезеңдері туралы соны, тың байламдар жасаған...» Осы тұстан тоқтайық... – Ноғайлы – халқымыздың тарихи бел-белестерінде жүріп өткен бір кезеңі. Ғұн дәуірі, түркі дәуірі сияқты, ол да тарихымыздың бір қатпары. Ноғайлы түркіге қарағанда уақыт жағынан кейінгі ұрпақ – бізге бір табан жақын. Ғұн, түркі, қыпшақ, ноғайлы, ақыры қазақ болдық, осының бәрі – бірінен-бірінің артық-кемі жоқ, үзіліп-жалғанып, шұбыла созылған төл тарихымыз. Ноғайлы дәуірін Ш.Уәлиханов қазақ халқының «Алтын ғасыры» деп атапты. Осыдан 150 жыл бұрынғы қазақ қауымының нақ байлам түсінігі осындай болған, дастан-толғаулар да осынау ойды нақтылайды. Ноғайлы кезеңінде Қыпшақ Даласы қоғамдық өрлеудің жаңа сатысына көтерілді. Шыңғыс әулетінен шыққан ұлы хандардың билігі әлсіреп, бұған дейін аяғынан тұсалып, аузынан маталып келген жер иесі – жергілікті халық өкілдері алқалы топқа кірді. Бұрынғыдай хан тәртібімен ондық, жүздік, мыңдық санатында болып, бір ізбен жүріп, бір ізбен тұру қалып, ауқатты, қайраттылар жасақ құрып, соңына қосын ілестіру мүмкіндігіне ие болды. Жергілікті жұрт өкілдері ханға қарсы сөйлейтіндей дәрежеге жетті. Алтай мен Арапат (Карпат) арасын жайлаған қыпшақ нәсілді жұрттың жүрегінің басында әлдилеп келген рухани жан байлығы Ноғайлы дәуірінде жыраулық өнерге айналып, шыңдалудың шырқау шыңына шықты. Ноғайлы заманының әдеби мұраларынан азды-кемді хабардар болғанымызбен, ол жұрттың тарихынан мүлде хабарсызбыз десек, артық айтқандық емес. Мақсатымыз – осы ақтаңдақтың орнын толтырып, Ноғайлының тарихын зерделей отырып, әдеби мұраларға негіз болған тарихи тұлғалардың іс-әрекет, өмір деректерін саралай келіп, Ноғайлы феноменін тереңірек түсіну. Ноғайлының тегі, Ноғайлының жері мен елі, басқару жүйесі, Ноғайлы қалалары мен Сарайшық, Ноғайлының билері, батырлары мен жыраулары... бұл бір түбі терең қазына ғой. Басқасын айтпағанда Едіге, Асан Қайғы, Ер Тоған, Абат, Азулы және Доспамбет, Сүйініш ұлы Қазтуған... дастандарын қайта-қайта парақтап шыққанның өзі неге тұрады?! – Махамбет әлемін өзіңіздей жіті зерттеген қаламгер сирек. Ұлы ақынның үрім-бұтағын жеріне жеткізе талдаған деректі дүниеңіздің ақын өміріне қатысты жайлары қызықтырады. Келешекте Махамбет тақырыбы қалайша жалғасын таппақ? – «Жаман сырын айтамын деп, шынын айтады» деген... Жақын арада өмір бойғы жазған-сызғандарымның басын түгендеп, 25 том жинақ даярлап қойдым. Соның ішінде бәрі бар. Халықтың келешегіне керек-ау дегендерін қайта жөндеп, толықтырып, қайта қарадым. Оның бер жағында ұйқы қашырып, мазалап жүрген тағы бір күрделі тақырып бар. Ол Кіші жүздің ханы – Әбілқайырға байланысты. Әбілқайыр туралы қалам сілтегендер баршылық. Әбілқайырдың елге сіңірген еңбегі көтеріңкі көңілмен айтылып келе жатады да, оқыс бір түйін тамақтан не ары, не бері өтпей, орта жолда кептеледі де қалады. Ол – бұрыннан айтылып жүрген Ресейге бодан болу саясаты. Біздің кейбір ғалымдар мен қаламгерлер кейде мәселеге сол уақыттың мүддесімен қарамай, ойды шолтаң еткізіп, шолақ қайыратындары бар. Әбілқайырдың алдында екі жол тұрды: не Ресейге, не Қытайға – қалмаққа бодан болу. Біз сірә, Ресейге бүйрек бұру арқылы ғана аман қалдық-ау деп ойлаймын. Қалмаққа бодан болғанда ертеңгі күніміздің не боларын кім білсін! Осы тақырыпты індете зерттеп, бір жүйеге түсірсем деген ниеттемін. Оған жеткілікті материалдарым қолда. Ал Исатай-Махамбет турасындағы еңбегім оқырмандардан жақсы баға алды. Хаттар әлі күнге дейін келіп жатыр. Ертерек жазылған драмалар, опера либреттолары, киносценарийлер осы еңбегімнің ықпалымен жаңаланып жатқанын естимін. Деректі фильм де түсірілді. Көп жазылғанымен, терең зерттелмеген Исатай-Махамбет тарихы қазір бір келеге келгендей. Бірақ әлі де толықтыра түсетін тұстары бар. Бөкей хан туралы, Бөкей өлгеннен кейін жас старшын Исатайдың Бөкейдің жұбайы Атанға арқа тірек болып, Жәңгірдің мұрагерлігін сақтауға күш-қайрат жұмсағаны, сол істе өзінің аталасы Өтеміспен қырғи қабақ болып, шабындыға жол берілгендігі туралы жаңа деректердің басы қылтияды. Сондай-ақ, Исатай-Махамбеттің жауынгер-сарбаздары, ереуілшіл жасақ қолбасшылары да терең зерттеле қоймапты. Қазір осы бағытта кітапқа толықтырулар енгізуге талап қылып жатырмын. – Әнеке, біраз жайдың басын қайырдық-ау деп ойлаймын. Әрине, әңгімені ары қарай жалғастыра беруге де болар еді. «Өңкей ғылымға негізделген мәліметтерді тықпалай бермей, жазушының ішкі жан дүниесіне үңілсе қайтер еді бір уақ» деуі де мүмкін ғой бүгінгі сауатты оқырманның... – Ресейде туып, Ресейде өскен, қазақ-орыс мектебін бітірген маған қазақ тілді қаламгер қауымға жанасу, қала берді жазушы санатына ену тіптен де оңай болған жоқ. Машақатты, азапты қиын жолды бастан кешіруге тура келді. С.Мұқанов, М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафиннің аттарын білгенмен, шығармаларын қазақ тілінде оқу мүмкін болмады. «Абай жолымен» тоғызыншы сыныпта орысша таныстым. Ал С.Сейфуллин, Б.Майлин, І.Жансүгіров сынды қаламгерлер болғанын университет партасына отырғанда ғана білдім. «Лениншіл жас» газетімен әскерде жүргенімде кездейсоқ ұшырастым. Бірге әскери қызмет атқаратын жамбылдық жігітке посылка келіп, сол «Лениншіл жаспен» оралған екен. Әлгі жыртылған газетті түгендеп, желімдеп алып, ал кеп оқиын. Үш жылда жаңағыны 30 қайтара оқыған шығармын, мәтіні көкейде жатталып қалғаны соншалық, әлі есімде. Есесіне мектеп жасында ауыз әдебиетімен молынан сусындадым. Барлық батырлар жырын, «Қыз Жібек» пен «Қозы Көрпеш – Баян сұлуды» жатқа соғатынмын. Мал жайланып, аяқ-із басылған қызыл іңірде көрші-қолаңдар біздің үйге жиналатын. Әлгілерге батырлар жырын мақамға салып әндетіп оқимын. Бетке шығар жақсы-жайсаңдарын майданға сыпырып берген қам көңіл ел көздерінен жастарын сығып, аһылап-уһілеп отырушы еді. Үйретушім, әдеби ұстазым – фольклор болды, одан ұтылмаған сияқтымын. Мектепте қатар оқығандардың жазуға машығы барлары, орысша жазып кетті. Ал менің құлағыма біреу қазақша жаз деп сыбырлады да тұрды. Сол сыбыршы дамылсыз үгітімен жанымды баурап, Қазақстанға қарай ұшырды. Қазақ сөзін, қазақ үнін, қазақ әуенін аңсаған көңілім көп ұзамай су сепкендей болды. Үйге де соқпай, оқуға асығып келе жатқанымда Ақтөбеден бір әйел қызымен поезға отырды. Қызын оқуға, химия факультетіне әкеле жатыр екен. Мен қазақ журналистика факультетіне келе жатқанымды айтқанымда: «Қап, қарағым-ай, болашағы жоқ оқуды таңдаған екенсің» демесі бар ма? Әлгі сөз бүйіріме шаншудай қадалды. Қазақстанда қазақша оқудың болашағы жоқ екен. Маңдайыммен жар сүзіп, есеңгірегендей күй кештім. Сосын бұл сөздің астарын өзімше ширатуға тырыстым. Жан-жағыма қараймын, қаптаған орыс. Қазақ сөзі естілмейді. Қазақтардың өзі орысша сөйлейді. Бұл енді жолаушы поезы ғой, қазақтың астанасы өзгеше шығар деп, Алматыға кеп түстім. Әскери жол дорбамды иығыма іліп, екінші Алматыдан бұрынғы университет ғимаратына жаяу тарттым. Бір қазақты кездестіре алмай, әрі-сәрі күйде университетке де жеттім. Алып-ұшып аңсап жеткенімде іздегенімді таппай, ел көшкен қара жұртты сипап қалғандай халде болудың не екенін түсінетін шығарсыз?! Уақыт бәрін емдейді дейміз, жоқ емдемейді, сырттай сауыққандай болғанмен, жара орны тыртық боп қала береді. Қазақстандық шындыққа қалыптасу маған оңай болмады. Мәселен, қазақ тілінен жазбаша емтихан тапсырғанымызда Дәулетова деген апайымыз жоғарғы сыныпқа арналған «Қазақ әдебиеті» оқулығын жағалай көрсетіп тұрып: «Мынадан көшіргендеріңе екі қоямын», – деді. Әлгі сөзге сеніп, ойымда тұрған кітап сөзіне жоламай, өзімше баяндап жазып әбігер болсам, жанымдағылар кітаптан сөзбе-сөз ысқыртып жатыр. Кітаптан көшіргендердің бәрі бес алды, мен үш алдым. Қазақ әдебиетінен ауызша тапсырғанымызда онша жүйткіп тұрмасам да, Мәскен Сармурзина деген апай: «Ресейден келіп, қазақша оқуға талаптанғанды өмірімде алғаш көруім. 5 қойдым. Өзгелерің де сөйтіңдер», – деді. Қазақ тілінен Хайруллина апай да сөйтті. Осы жайлар күйзелген көңілімнің жыртығын жамағандай болды. Қазақтар бір-біріне жанашыр екен, қандай қиын жағдай болмасын бір-біріне болысқысы кеп тұрады екен. Осы жылылық маған қуат берді. Мен аңсап, сусап іздеген бұлағымды тапқандай болдым. Өмірде бір жақсылыққа екі жақсылықпен жауап беруге тырысқан мені қара көздердің ұялас күшіктей ынтымақшылдығы, үнемі алдымнан шығып отырған ықыласты ниеттер – өз халқыма деген мақтаныш сезімін теңіздей тасытты. Бір қарапайым мысал келтірейін: 1961 жылы осы Ақмола облысының Новочеркасск ауданының бір совхозында жұмыста болдық. Шығымы аздау жыл болды. Бір жарым ай жұмыс істедік. Совхоз директоры ауруханада болды ма, жоқ демалыста болды ма, біз кетердің аз-ақ алдында келді. Түк таппаған шығармыз деп жүрсек, бас-басымызға 200 сомнан табыс жазыпты. Бізді жақын тартып, жанашырлық танытқанын ішіміз сезеді. Сол орденді, қапсағай қара жігіт маған қарап отырып, жанындағы бухгалтерге: «Бұл балаға 600 сом жаз», – деді. Ол қыруар ақша ғой. Осындай жақсылықты адамдардан көп көрдім. Кейін осы совхоздағы көңілге түйген әсерлерім негізінде «Жол-жөнекей» атты әңгіме жаздым. Қазақша жазуға төселу оңай болмады. Университеттің екінші курсында «қазақша білмейді, қазақ журналистика бөлімінде орынды босқа алып отыр» деген арыз жазылып, курста мәселе қаралып, жолдастарым қорғап қалды. «Менің қазақша білмейтінім» университет газетіне де, «Лениншіл жасқа» да басылды. Алғашқы жинақтарым шыққан кезде «орысша ойлайды екен» деген сын айтылып қалып жүрді. Иә, менің өскен ортам теңізші, балықшы ел. Астрахан облысының Ақ Сарай өлкесінің төлімін. Менің сойымның (фамилиям) Сараев болуы тегін емес. Бір кезде орталығы осы Сарай қаласы болған Алтын орда исі қазақтың астана жұрты еді. Қазақ­станмен рухани ара-қатынасы үзілгелі көп болған. Қазақстан жұрты сияқты заман ауанына ауысып жаңармаған, сол атам-заманғы көрген-білген қазақшылығын тұтынып қалған. Ән мақамдары да, сөз саптаулары да ескі. Оған қоса теңіз тірлігі мен кәсіптеріне орай кәсіби сөздерді көп қолданады. Мәселен, «ішкөт, шәлкі, өрел, қаталақ, тышқаншық, шәңгі, нәміс, нәлбек, саған» т.т. Осы диалектілер бөгесін боп, алғашқы тырнақалдыларым баспаға өтпей қап жүрді. Өз өскен ортамның тілін қазақтың әдеби тілімен ұштастыру көп қиындықтар тудырды. Тамыры топыраққа дұрыс отырғызылмаған ағаштай тоқтап барып өстім. Қазір мұның бір де бірі болмағандай, көрген түстей, сағымдай... – Әңгімеңізге рахмет, Әнеке!  

Сұхбаттасқан

Қуаныш ЖИЕНБАЙ