Жаңалықтар

Білім саудасы қызып тұр

ашық дереккөзі

Білім саудасы қызып тұр

Компьютер пернетақтасында «Ең сапалы білім» деген тіркесті терсеңіз болды, Google көзді ашып-жұмғанша әлемнің маңдай алды университеттерінің тізімін тауып береді. Оның ішінде, әлбетте, АҚШ пен Еуропаның жоғары оқу орындарының аты озып тұр. Расында, түрлі деректерге қарағанда, Қазақстаннан жылына 30-40 мыңдай адам бөтен елге білім алуға аттанады. Қазақстан жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті Рахман Алшанов 2016 жылы 100 мың қазақстандықтың шетелде оқып жатқанын жария етті. Білікті маман болу үшін, пайдалы білім алу үшін шекара асу керек пе? Сұрақты одан бетер тереңдетсек, неге жұрттың талапты жастары білім қуып, біздің елге келмейді?

ШЕТЕЛДІК СТУДЕНТ – «КҮЛШЕЛІ БАЛА»

Білім беру ісін жолға қою кез келген мемлекеттің даму деңгейін өлшейтін категория болуы тиіс. Ахмет Байтұрсынұлы айтқан, бірақ біз елемеген, «елді түзетуді әуелі бала оқыту ісін түзетуден бастауымыз керек» екенін бізден басқалар баяғыда ұғып қойған. Бұл істің рухани-мәдени астарымен қоса материалдық пайдасы да шаш-етектен. Қазіргі таңда әлемде дамыған, озық саналатын мемлекеттер білім беру саласынан орасан пайда тауып отыр. Жалпы, шетелдік студенттердің саны бойынша әлемде бірінші орында АҚШ тұрса, екінші орында – Ұлыбритания. Олардың табысы туралы ресми деректерге тоқталсақ, АҚШ-тың экономикасына жыл сайын шетелдік студенттер 27 миллиард доллар әкеледі екен. «In the academic year ended May 2014, an estimated 886,000 foreign students studied in the USA, up more than 8 per cent from the previous year, the seventh consecutive year of increase, and the steepest rise in four years. International students add approximately $27 billion into the US economy annually». (Suzanne L. Shier, «US inbound wealth planning for the global family», Trusts & Trustees (2016) 22 (1): 64) «2014 жылы аяқталған оқу жылында АҚШ-та оқитын шетелдік студенттердің саны 886 000 болған, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 8 пайызға артық, осымен жетінші жыл қатарынан шетелдік студенттердің саны көбеюмен келеді, әсіресе соңғы 4 жылдағы қарқын күшті. Шетелдік студенттер АҚШ экономикасына жылына шамамен 27 миллиард доллар кіріс әкеледі» Ал Ұлыбритания экономикасына шетелдік студенттерден түсетін  жылдық кіріс 18 миллиард пен 25 миллиард фунт стерлинг аралығында. «The UK economy is a huge beneficiary of international students, with estimates of up to Ј18bn contributed annually. UK universities are also hugely reliant on funding from international students, particularly at a time when the funding they rely upon from the EU could be at risk in future negotiations». (Newbury К. «A hostile takeover?»,  The New Law Journal, (2016) 166 (7710): 9) «Біріккен Корольдіктің экономикасы шетелдік студенттерден орасан көп пайда көріп отыр, шамамен жылына 18 миллиард фунт стерлинг. Британ университеттері де шетелдік студенттердің қаржысына тәуелді, әсіресе олар үміт артқан Еуропалық одақтан келетін қаржыландыру көздеріне келешек келіссөздердің кесірін тигізуі мүмкін кезде». Жалпы, британдықтардың көпшілігі шетелдік студенттерге жылы қабақ танытады. Мұның себебі де жоқ емес. Биыл сәуір айында ComRes консалтинг компаниясы жасаған әлеуметтік сауалнамада анықталғандай, ересек британдықтардың 60 пайызы шетелдік студенттер жергілікті экономикаға пайда әкеледі деп санайды екен. Олардың 75 пайызы сырттан келген студенттер оқуларын аяқтаған соң, уақытша осы елде жұмыс істеуге қалуы тиіс деген пікір айтқан. Ресми деректер бұл пайымды растайды. Британ университеттерінде жүргізілген әлеуметтік зерттеулердің қорытындысына сәйкес, шетелдік студенттерден түсетін пайда көп: Барлық британ университеттеріндегі студенттердің 19 пайызы – шетелдіктер Шетелдік студенттерден Ұлыбритания экономикасына жыл сайын құйылатын түсім – 25 миллиард фунт стерлинг (шамамен 11 триллион теңге) 2004-2005 оқу жылында ел аумағында шетелдік студенттерге қызмет көрсету үшін ашылған  жаңа жұмыс орындарының саны – 206 600 2004-2005 оқу жылында шетелдік студенттердің университет қалашықтарынан тыс жұмсаған қаражаты 5,4 милллиард фунт стерлинг (2,4 триллион теңге шамасында) 2004-2005 оқу жылында шетелдік студенттердің туыс-туғандары Ұлыбританияға қыдырып келіп, 520 миллион фунт стерлинг (шамамен 227 миллиард теңге) жұмсаған. Осылайша, шетелдік студенттер ғана емес, оларға қонақ болып келетін туыс-туған, дос-жарандары да британ экономикасы үшін табыс көзіне айналғалы қашан. Білім беру саласының мамандары осы есеп-қисапты үкіметтің алдына тартып, «өзі отырған бұтақты өзі кеспеуін» сұрайды. Керісінше, «алтын шыққан жерді белден қаз» деп, шетелдік студенттерге виза алуды жеңілдетіп, иммиграциялық талаптарды өзгерту қажет деп санайды. Брекситтен кейін британ экономикасының басты экспорт көзі – шетелдік студенттерді оқыту екенін бүгінде олар ашық айтып отыр.

БРЕКСИТ БАР ЖОСПАРДЫ БҰЗДЫ

Брексит Британияның ішкі-сыртқы ахуалына түбірлі өзгерістер әкелетіні түсінікті. Бірақ қазіргі таңдағы ең басты алаңның бірі – осы елде білім алатын шетелдік студенттер санының күрт азаю қаупі болғалы тұр. Себебі бұған дейін еуропалық студенттер Альбион аралына емін-еркін кіріп шықса, енді британ университеттерінде оқу үшін оларға Америка, Азия, Африкадан келген ізденушілер секілді виза рәсімдеу қажет болады. Оның үстіне, шетелдік студенттер оқу ақысы үшін жергілікті студенттерден екі-үш есе көп төлеп келсе, енді еуропалық студенттер де шетелдіктер сияқты көбірек қаржы шығындауға тиіс болады. Британиядағы Жоғары білім беру саясаты институты (ағыл. HEPI) және Каплан халықаралық колледжі жыл басында Брекситтің білім беру саласына тигізетін ықпалы туралы баяндама жариялаған болатын. Зерттеу авторлары фунт стерлингтің 10 пайызға құнсыздануы шетелдік студенттер санының қазіргіден 9 пайызға, яғни 20 мыңға артуына себеп болады деп болжайды. Себебі арзан фунт шетелдіктер үшін тиімді. Яғни, Брекситтің бірінші жылында шетелдік студенттер саны 20 мыңға артса, миллиондаған қосымша қаржы қазынаға құйылады деген сөз. Бірақ Тереза Мэйдің үкіметі мигранттардың тасқынын азайтуға басымдық беріп отыр. Ішкі істер министрлігі шетелдік студенттердің Ұлыбританияға келіп, осында білім алуы үшін қойылатын талаптарын күшейтетінін жариялады. Фунттың арзандауына байланысты студенттердің саны бір-екі жылда 20 мыңға артуы мүмкін деп болжап отырғанда, олар виза рәсімдеуге, оқуға түсуге қатысты кедергілерге тап болса, онда британ экономикасы жылына 2 миллиард фунт стерлингтен (шамамен 873 миллиард теңге) айырылуы ықтимал. Оның ішінде оқу ақысы ретінде төленетін 463 миллион фунттан, осы елде жүріп-тұруға жұмсалатын 604 миллион фунт пен 928 миллион фунт шамасындағы университеттерге түсетін басқа түсімдермен түгел қош айтысуға тура келеді. Британ үкіметі үшін «былай тарсаң – арба сынады, былай тарсаң – өгіз өледі» деген күн туған секілді. Бір жағынан, сырттан келетін келімсектер санын шектеу керек, тіпті азайту керек, екінші жағынан, басқа мемлекеттерден келетін жастар ұлттық экономикаға миллиардтап түсетін қаржының қайнар көзі екенін де мойындамасқа амал жоқ. Оның үстіне, 2 миллиард фунт стерлинг – Брекситтің кесірінен білім беру саласындағы болашақ шығындардың басы ғана болмақ. Ресми деректерге қарағанда, 2015-2016 оқу жылында Британ университеттерінде жалпы саны 438 000 шетелдік студент білім алған. Олардың 127 мыңы Еуропа одағы елдерінен, ал 311 мыңы басқа мемлекеттерден келген. Енді Еуропа одағынан келетін білім іздеушілер саны 57 пайызға кемуі мүмкін. Бұл дегеніңіз, мемлекеттік қазына тағы 40 миллион фунт стерлингтен (шамамен 17 миллиард теңге) қағылады. Бірақ маңдайалды Оксфорд пен Кэмбридж университеттерінің пайдасы жылына 10 миллион фунтқа арта түседі, себебі бұл оқу орындарында оқу бағасы тоқтаусыз көтеріліп келеді. Яғни, тарихы сегіз жүз жылдан асатын, беделді білім ордаларының мұртын балта шаппағанымен, шартты түрде «жаңа» университеттердің жағдайы Брекситтің салдарынан одан әрі қиындай түседі деген сөз.

 БАЙ-БАҒЛАННЫҢ БАЛАСЫ ҒАНА ОҚИ МА?

Ұлыбританиядағы «элиталық» университеттер қатарында әдетте Оксфорд, Кэмбридж, Лондон экономикалық мектебі аталады. Айтпақшы, Оксбридж демекші (Оксфорд пен Кэмбридждің қосақталған атауы), мақтаулы университеттер оқуға қабылдау барысында талапкерлерді алалайды деген мәселе соңғы кезде жиі айтылып жүр. Бұл мәселе шетелдіктерден гөрі ең әуелі жергілікті студенттерге қатысты. Оксбридж сияқты тарихы сегіз-тоғыз ғасырдан асатын іргелі оқу орындары студенттерді оқуға қабылдауда олардың білім деңгейін, емтиханда алған бағасын, жеке талантын немесе бұған дейінгі жетістіктерін ғана сарапқа салмайды. Болашақ студенттердің қандай ортадан шыққаны, бұған дейін қайда (ақылы мектепте немесе мемлекеттік тегін мектепте) оқығаны, ата-анасының әлеуметтік жағдайы, қызметі де ескеріледі деседі. Осы орайда бір ғана мысал айталық, қазіргі британ жазушыларының ішінде ең танымалдысы әрі ең бай әйелдердің бірі саналатын Джоан Роулинг мектепте қанша жақсы оқыса да, Оксфорд университетіне түсе алмаған. Болашақта жазушы болам деген арман оны Оксфордқа құжат тапсыруға талаптандырды. Бірақ оның мемлекеттік мектепте оқығаны және әке-шешесінің қарапайым адамдар болғаны себеп пе, әйтеуір, элиталық университет оның құжаттарын кері қайтарған. Кейін Экзетер университетін тілдер мамандығы бойынша бітіріп шыққан жас Роулинг ақыры өз мақсатына жетіп, атақты жазушы болды әрі Британиядағы ең бай жазушы әйел атанды. Оксбридждің абитуриенттерге қойған қатаң талаптарының теріс нәтижесі осы – атақты жазушы атақты университеттің түлегі емес. Ал британ университеттерінің барлығы өз түлектерінің өмір жолы мен қызметтік жетістіктерін қадағалап, түлектерімен мақтанып, өзіне рейтинг жасайтыны әмбеге аян. Расында, Еуропа мен Ұлыбританияның оқу орындары өздерінің түлектерін мақтан тұтады. Мысалы, Ньюкасл университеті қара нәсілділердің көшбасшысы Мартин Лютер Кингтің осыдан жарты ғасыр бұрын осы университетте докторлық атақ алғанын бүгінге дейін мақтан тұтып, өздерін насихаттап келеді. Әйтсе де, британдық билікпен саясат өкілдерінің көбі элиталық университеттерді бітіргені ойландырмай қоймайды. Бүгінде аты мәлім бірнеше премьер-министр, Лордтар мен Қауымдастар палатасының өкілдері, талай үкімет мүшелері осы Оксбридждің кешегі студенттері болатын. 2010-2015 жылдар аралығында жасалған зерттеулерге жүгінсек, Оксбридж студенттерінің 80 пайызы Британиядағы топ-менеджерлердің балалары екен. Ал 2011 жылы жасалған ұлттық зерттеуде тұрмысы орта отбасыдан шыққан жастардың жетіден бірі ғана элиталық университеттерге түсетіні, ал жекеменшік мектептерді бітіргендердің көбі осы оқу орындардың студенті атанатыны анықталған. Жақында Британ парламентінің депутаты Дэвид Лэмми Оксфорд пен Кэмбридж университеттеріндегі дискриминацияға қатысты мәселе көтерді. Аталмыш оқу орындарына сұрау салған депутат бұл университеттерге түсетіндердің дені Лондон мен оның маңындағы қалаларда тұратынын анықтаған. Яғни, шетелдік азаматтарды былай қойғанда, Альбион аралының Лондоннан қашық аудандарында тұратын британдықтар үшін Оксбриджге оқуға түсу орындалмас арман. Соңғы жылдары жағдай өзгерді дей алмаймыз, былтырғы деректерге қарағанда, Кэмбридж студенттерінің 38,1 пайызы, ал Оксфорд университетінің 44,3 пайызы – ақылы жекеменшік мектептердің түлектері. Әлбетте, Оксбридж университеттері талапкерлерге қойылатын қатал талап ең әуелі олардың академиялық дайындығының жоғары болуына қатысты дейді. Ал Итон секілді элиталық мектептерде білім берудің сапасы да жоғары екенін, есесіне, мұндағы оқу ақысының өте қымбат екенін ескерсек, мұндай игілікке тек ақсүйектер мен байлардың балалары ие болатыны түсінікті ғой.

БІЛІМ – ТАБЫСТЫ БОЛУДЫҢ КІЛТІ

Байлық пен білімнің, білім мен табыстың бір-біріне тонның ішкі бауындай жақын екенін британ қоғамы айғақтап отыр. 2014 жылы Әлеуметтік мобильдік және балалардың арасындағы кедейшілік (ағыл. SMCP) атты ұйым 4000 британ саясаткерлері, бизнесмен, ақпарат құралдарындағы белгілі тұлғалар арасында зерттеу жүргізген екен. Сауалнамаға қатысқан осы беделді тұлғалардың 65 пайызы тамыр-таныстықтың маңызы зор екенін мойындаған. Олардың төрттен үш бөлігі, яғни 75 пайызы Британияда ата-ананың қызмет лауазымы мен баланың болашақ табысының арасындағы байланыс басқа елдерге қарағанда анағұрлым жоғары екенін айтқан. Нақты мысал келтірсек, осы елдегі жоғарғы судьялардың 71 пайызы, дипломаттардың 53 пайызы, Лордтар палатасының 50 пайызы, қоғамдық ұйым төрағаларының 45 пайызы бір кезде жекеменшік ақылы мектепте оқыған екен. Бұл аз болса, жоғарғы судья­­­­лардың 75 пайызы, үкімет мүшелерінің 59 пайызы, Лордтар палатасының 38 пайызы Оксбриджде білім алған. Осы деректерден-ақ бүгінгі британ элитасының түп-тамыры қайда екенін елестету қиын емес. Расында, мемлекеттік тегін мектепте оқыған жеткіншектің Оксбриджке оқуға түсуі оңай емес, ал Оксбриджді бітірмеген адамның Британ парламенті мен үкіметінде көрнекті қызметке ие болуы өте қиын. Билік белгілі бір элиталық топтың несібесіне айналып, ал қарапайым азаматтар өзінің қарабайыр тіршілігімен ғана өмір сүретіні бұл елде жаңалық емес. Әлбетте, британ элитасының атадан балаға ауысқан ақсүйектік тәрбие-тәлімі бар екенін, олардың көбісі терең білімді, көкірек көзі ашық азаматтар екенін жоққа шығара алмаймыз. Оның үстіне, бұл елде элитадан шыққан тұлғалар ең әуелі мемлекеттік мүддені ойлауға, ұлтқа қызмет етуге дағдыланған. Бұған мысал ретінде экс-премьер Дэвид Кэмерон мен қазіргі сыртқы істер министрі Борис Джонсонды алсақ та жеткілікті. Екеуі де жекеменшік Итон колледжінің, одан соң Оксфорд университетінің түлектері. Дэвид Кэмерон Брексит референдумынан кейін өз еркімен премьер-министрлік қызметті тәрк етсе, Борис Джонсон елдің алдына шығып сөйлеген әр сөзінде Горацийден үзінді оқиды. Мемлекеттегі басты тетіктердің құлағын ұстаған элиталық топ элиталық білімнің жемісін көріп отыр. Осыған қарап, сапалы білімнің ұрпақ және ұлт тәрбиесіндегі рөлін бағамдауға болады. P.S. Ғылымы мен өнері озық елде білім алып, тәжірибе жинау, табиғи талантты шыңдау, жан-жақты өсу – екінің біріне беріле бермейтін мүмкіндік. Әлбетте, қазақ жастары жүз мыңдап шет елдерге білім іздеп аттануы елдің қуатын әйгілейді. Әйтсе де, білім-ғылымның ортасы – Қазақ елі болғанын, өзгелердің магниттей тартылып, Қазақстанға келгенін көру бір арман... Сапалы білім беру ісін жолға қоюдың басқа пайдасын былай қойғанда, экономикалық табысы мол болатынын жоғарыда айттық.