Нью-Йорк: Бес күндік семинар немесе Токвильдің арманы 

Нью-Йорк: Бес күндік семинар немесе Токвильдің арманы 

Нью-Йорк:  Бес күндік семинар  немесе  Токвильдің арманы 
ашық дереккөзі
Біз мектеп бағдарламасында да, одан бертін жоғары оқу орнында да   дамыған және дамушы мемлекеттердің жетістігі мен кемшін тұстарын салыстырып келдік. Әрине, былай қарағанда екеуін қатар қоюдың өзі қисынсыз көрінеді. Соған қарамастан, еліміз аяғынан тік тұрып келе жатқан жас мемлекет ретінде дамыған елдердің даму үрдісі мен тәжірибесіне сүйеніп, жаңашылдыққа бет бұрды. Әсіресе, алпауыт Американың жөні бөлек. «Көп естігеннен бір көрген артық» демекші, жақында ҚР Сыртқы істер министрлігі БҰҰ хатшылығы мен БҰҰ Даму бағдарламасы бірлесіп, «Қазақстандық БАҚ-тардың БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі жұмысын жария етудегі әлеуетін күшейту» жобасы аясында Қазақстанның Қауіпсіздік кеңесіне мүшелігін отандық ақпарат құралдарында жария етуде қазақстандық журналистер мен саяси шолушылардың біліктілігін арттыру мақсатында Нью-Йорктегі БҰҰ штаб-пәтерінде арнайы семинар-тренинг ұйымдастырды. «Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық қауіпсіздікті нығайту, тұрақты дамуды қамтамасыз ету және Орталық Азияның мүдделерін ілгерілетуде ауқымды мақсаттар белгілеген болатын. БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне мүшелік Қазақстанның жаһандық үдерістерге қатысуы, еліміздің бітімгершілік әлеуетін арттыру және дипломатиялық қызметінің кәсіби деңгейін көтеру үшін бірегей мүмкіндік болып табылады. Бұқаралық ақпарат құралдарының осы жобаға белсене қатысуы, ең алдымен, Қазақстанның Қауіпсіздік Кеңесіндегі жұмысы туралы уақтылы және жан-жақты ақпарат беру тұрғысынан маңызды», – деді Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов жоба қатысушыларымен кездесу кезінде. Бұл шараға елімізден қатысқан он шақты БАҚ Қазақстан Республикасының 2017-2018 жылдардағы БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесіне мүшелігінің саяси маңыздылығына, сондай-ақ Қазақ­-станның бұл органдағы жұмысына жақыннан үңілуге тырысты. «Түркістан» газетінің тілшісі ретінде еліміздің халықаралық деңгейдегі мәселелерге ой қосып, үн қатуына куә болу бақыты бізге де бұйырған еді. Әйгілі саясаттанушы Алексис Токвильдің «Америкадағы демократиясы» естеріңізде шығар?! 25 жасында АҚШ-қа сапарлап барған болашақ ұлы ойшыл «Америкаға тек бұл елді тамашалау үшін барған жоқпын. Мен бұл елден демократияның өзін… болмысын іздедім» деп жазғанындай, біз де осы сапар аясында сол аңыз қып айтатын сөз бостандығы, адам еркіндігі, тағы да біз ынтық құндылықтардың нағыз болмысын көруді мақсат еттік.

Қазақстан – БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі

Бүгінде Қазақстанды әлем таниды. Еліміз бас кеңсесі АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында орналасқан халықаралық БҰҰ-на  1992 жылы 2 наурызда, тәуелсіздігімізге қол жеткеніне екі жарым ай толғанда толыққанды мүше болды. БҰҰ-ға қабылданған еліміз ұйымның жарғысында және жалпыға ортақ декларацияда көрсетілген бостандық пен құқық сақтауды, оны қамтамасыз етуді міндетіне алып, әлемдік қоғамдастық бас біріктірген Ұйым қастерлейтін құндылықтарды қадірлейтін бөлшегі ретінде енді. Сонымен қатар Қазақстан әлемдік қоғамдастыққа толыққанды интеграциялануда және тәуелсіз мемлекет қалыптастырудағы реформаларды жүргізуде БҰҰ-ның түрлі институттары тарапынан қолдау тапты. Қазақстан БҰҰ-ға мүшелікке қабылданған кезде ұйым құрамында 168 мемлекет болса, қазір оның қатары өсіп, 193 елге жетті. Сол алғаш мүшелікке өткеннен бері еліміз ұйым жұмысына белсенді атсалысуымен келеді. Бұл – еліміздің сыртқы саясатындағы  басым бағыттардың бірі. Содан бергі тәуелсіз 26 жылда еліміз осы ырғағынан жаңылмай,  өңірдегі тұрақтылық пен айқындықтың дәнекері ғана емес, әлемдік сахнада беделді мемлекетке айналды. БҰҰ Бас Ассамблеясының 47-сессиясында Елбасы Н.Назарбаев Қазақстанның халық­аралық саясаты туралы айта келіп, екі маңызды ұсынысты алға тартты. Оның біріншісі – барлық үкіметтердің ізгі ниет білдіру тәртібімен «бір+бір» формуласы бойынша БҰҰ-ның бітімгершілік күш-жігерінің қорын құруды бастау. Бұл формула әрбір мемлекет қорға өзінің қорғаныс бюджетінен бір пайыз бөліп, жыл сайын оны бір пайызға ұлғайтып отыруды көздейді. Осылай еткенде он жылдан соң бітімгершілік сомасы он есеге өседі. Екінші ұсынысы – Азиядағы Өзара Ықпалдастық және Сенім Шаралары жөніндегі Кеңес (АӨСШК) шақыру. Мемлекет басшысының бұл бастамасы көпшілік елдер тарапынан, сондай-ақ, БҰҰ-дан қолдау тауып, Қазақстанның сыртқы саясатын айқындауда айтарлықтай рөл атқарды. Ал БҰҰ жанындағы Қазақстанның Тұрақты өкілдігі Президент Жарлығымен 1992 жылдың 15 маусымында ашылды. Бұл еліміздің сыртқы саясатының міндеттері мен мақсаттарын алға жылжытып, әлемдік қауіпсіздік пен бейбітшілікті сақтаудағы оң бастамаларды жүзеге асыруға, өңірдегі және ел ішіндегі маңызды әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуге белсенді түрде атсалысып келеді. Міне, осы Тұрақты өкілдіктің жемісті жұмысы былтыр өз нәтижесін беріп, қазақ елінің мәртебесін биікке көтергені көптің есінде. Қазақстан алғаш рет 2017-2018 жылдарға БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайланды. БҰҰ Бас Ассамблеясында өткен дауыс беру нәтижесінде Қазақстан 138 мемлекеттің қолдауына ие болды. Айта кетейік, Азия-Тынық мұхиты аймағы мемлекеттері атынан 1-орынға Қазақстан және Таиланд елдері таласып, еліміз басты бәсекелесінен 55 дауысқа басым түсті. «Дауыс берушілердің үштен екісінің қолдауына ие болып, Қазақстан Қауіпсіздік кеңесіне 2 жылға тұрақты емес мүше болып сайланды, 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап қызметін бастайды», –  деп мәлімдеді сол кезде Бас Ассамблеяның 70-сессиясының төрағасы Могенс Люккетофт. Еліміздің ресми өтінімі бойынша Азия-Тынық мұхиты тобынан Қауіпсіздік Кеңеске  екі жыл қатарынан тұрақты емес мүше ретінде    сайлану – сыртқы саясаттағы негізгі жетістігі. Өйткені 1945 жылдан бергі БҰҰ-ның тарихында бұл органға әлемнің ең үлкен құрлығынан 23 ел ғана сайланып, сонда жұмыс істеген. Олардың қатарында Қытай, Жапония, Корея Республикасы, Үндістан, Пәкістан, Индонезия, Малайзия, Сингапур, Филиппиндер, Біріккен Араб Әмірліктері сияқты қуатты мемлекеттер бар. Енді Орталық Азия аймағының өкілі ретінде мұның қатарына Қазақстан да қосылды. Тұрақты емес мүшелік  Қазақстанға не береді? Жалпы, оның Қазақстан үшін мүмкіндігі мен артықшылығы қандай? Бұл туралы саясаттанушы Әзімбай Ғали халықаралық ұйымның тізгінін қолға алу Қазақстан және еліміздің дипломатиясы үшін үлкен олжа екенін айтады. Оның пікірінше, бұл оқиға геосаясатта арасы қатты алшақтаған Ресей мен АҚШ қарым-қатынасына «жылылық» әкелуі мүмкін. «БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесінің мақсаты – ірі державалар арасында әскери қақтығысты болдырмау. Осы мақсатта әр жылдары тұрақты және тұрақты емес мүшелері алмасып, кеңеске төрағалық етуде бейбітшілік мүддесінде түрлі бастама көтереді. Биыл тұрақты емес мүшені сайлауда Қазақстан кездейсоқ таңдалып отырмаған секілді. Осы жағынан алғанда, халықаралық қауымдастық арасы тым суып бара жатқан Батыс пен Ресейді, АҚШ пен Ресейді табыстырғысы келетін болуы керек. Өйткені бұл дүрдараздық барлық тараптың экономикасына айтарлықтай зиян әкеліп жатыр», – дейді ол. БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне 15 мемлекет мүшелік етеді. Оның бесеуі, атап айтқанда Ұлыбритания, Қытай  Халық Республикасы, Франция, Ресей Федерациясы және Америка Құрама Штаттары тұрақты мүше. Ал қалған онының әрқайсысы 5 аймақтық топтан екі жылға сайланады. Демек, Қазақстан екі жыл қатарынан Азия-Тынық мұхит тобындағы мемлекеттерді танытушы Малайзияның орнын басады. Қазақстан БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде бір жылда не атқарды? Біз бұл сауалдың мәнісіне БҰҰ бас ассамблеясында әлем елдерінің өкілдері бас қосқан отырыс барысында көз жеткіздік. Ол күллі жұртты дүрліктірген Сирия мәселесі, Мьянманың батысында тұратын мұсылман-рохинджалардың халықаралық гуманитарлық көмекке мұқтаждығы, әлем бойынша аштыққа ұшыраған адамдар санының көбейіп кетуі, тағы басқа ғаламшардың түкпір-түкпіріндегі елдердің бүгінгі таңда бетпе-бет келіп отырған мәселесі жан-жақты талқыға салынып, шешу жолдары қарастырылады. Одан бөлек жаппай қырып-жою қаруларын қолдану, халықаралық терроризм, әскери қақтығыстардың көбеюі, климаттың өзгеруі және ғылыми прогрестің кері салдары адамзат болашағына қауіп тудырып отыр. Сондай бір баяндаманың бірінде 2016 жылы аштыққа ұшырағандар 815 миллион адамды құрағаны айтылды. БҰҰ Азық-түлік және ауылшаруашылық жөніндегі бас директоры Жозе Грациану да Силваның айтуынша, бұл негізінен әскери қарулы қақтығыстардың артуына байланысты. «Өкінішке қарай, соңғы он жылдықтан кейін аштыққа ұшыраған адамдар саны қайта өсті. Аштық қасіреті әлемде әскери қарулы қақтығыстар мен табиғи апаттардың салдарынан туындап отыр. Соңғы он жылдықта бұл жағдайлар өршіді және шешуі қиын мәселеге айналды», – деді ол. Ұйым басшысының айтуынша, қазір әлемде 64 миллион адам қарулы қақтығыс жүріп жатқан туған жерлерінен қашып, босқын болып отыр. Айта кетсек, бұл Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі жоғары көрсеткіш саналады. Біз БҰҰ-ның бас ассамблеясына барған күні Қауіпсіздік кеңестің 8078-отырысы өтіп жатты. Әлемді алаңдатқан мәселені талқылау барысына қатысып, түйткілді бейбіт жолмен шешуге күш салған саясаткерлердің пікірін тыңдаудың өзі – тұтас халықтың басына төнген қауіп-қатердің маңыздылығын айқындай түскендей. Сонау 1945 жылдан бері қаншама әлемдік мәселені қазанында қайнатқан БҰҰ ассамблеясы залының аурасы да басқа. Əдеттегідей Ресей мен АҚШ сөз қағыстырудан бастады. Ресей бірқатар мəселелердің əлі нақты еместігін (химиялық қару қолдануға қатысты) айтып, резолюцияны қарауды кейінге шегеруді ұсынды. Сирия мәселесіне қатысты әр мемлекет өкілі сөз алып, өз ойын білдірді. Оның ішінде Қазақстанның БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Қайрат Омаров та болды. Ал  күн тәртібінде тұрған тақырып бойынша Қауіпсіздік кеңес мүшелері ашық дауыс берді. Қазір Қауіпсіздік кеңеске Франция мемлекеті басшылық етуде. «Сирияда кезінде химиялық қару қолданылды ма?» деген мəселені зерттеу үшін 2015 жылы «СМР» арнайы комиссия құрған болатын. Ол 26 қазан күні арнайы баяндама жасады. Алайда оған екі күн қалғанда АҚШ аталған комиссияның мандатын тағы бір жылға ұзарту туралы резолюция дайындап, Қауіпсіздік кеңесінің мақұлдауына ұсынды. Ресей жағы мандатты ұзартуға қарсы шықты. Дауыс беру кезінде Ресейдің ұсынысын тек 8 ел қолдап, ұсыныс өтпей қалды. Кез келген құжат мақұлдануы үшін 15 елдің 9-ы қолдауы керек. Ал арнайы комиссияның мандаты 16 қараша күні, яғни бүгін аяқталады. Кеңеске мүше елдер ай сайын белгілі мəселелер бойынша дебат өткізіп отырады. Алдағы бір ай ішінде бірнеше дебат өткізу жоспарда бар. Сол жиындардың біріне Елбасы Н.Назарбаев қатысуы ықтимал. Бес күнге арналған семинар-тренингте халықаралық саясат, әлемдік қауымдастық көмегіне зәру елдердің мән-жайына қанықтық. Әрине, «ауруы асқынған» мемлекеттің бұл түйткілдерді шешуге қауқары жетпейтіні түсінікті. Сол себептен де халықаралық ұйымның күн тәртібіне енгізіліп, арнайы дауысқа салынып, қаулы-қарар қабылдануда. Қазақстан мемлекеті төр­ағалық ететін маңызды басқосулар әлі алда. Бүгінде тұрақты өкілдіктегі мамандар әлеуметтік-экономикалық ахуалы ушыққан шалғайдағы мемлекеттерге барып, бітімгерлік миссиясын атқарып, тәжірибе жинақтауда. Ал Қауіпсіздік кеңеске тұрақты емес мүше болу қызметін абыроймен өткізу – елдігімізге сын.