Жаңалықтар

Миға - салмақ, ойға -жүк

ашық дереккөзі

Миға - салмақ, ойға -жүк

Біз ХХІ ғасырда өмір сүріп жатырмыз. Бұл ғасырдың басты жетістігі – ақпараттық технологияның өте тез қарыштап дамып, адамзат қоғамына дендеп енуі. Осы бір адамзат ақыл-ойы жемісінің күнделікті өмірде басты қажеттілікке айналғалы ширек ғасырдан асып кетсе де, әлі оның құдіретін жете бағаламаймыз. Пайдасы не, зиянды тұсы қайсы – одан әлі  көбіміз бейхабармыз. Бүгінде компьютерсіз, интернетсіз күніміз жоқ демей-ақ қояйық, бірақ онсыз мына жүйрік заманның шаңына ілесе алмай, талай шаруамыз шатқаяқтап қалатыны анық. Десек те соңғы жылдары оның пайдасымен қатар зияны туралы да жиі айтыла бастады. Ақпараттық технология дәуірінде ұстап, пайдаланып жүрген затың жайында сауатың кем болса, ол үлкен кемшілік. Себебі әрбір нәрсенің пайдасымен бірге зияны да болатыны анық, ақпараттық технология өнімдері де сондай. Ұялы телефон мен компью­­­терді ұзақ пайдаланудың соңы неге соқтыратыны, денсаулыққа қаншалықты зардабын тигізетіні туралы талайдан айтылып келе жатыр, бірақ оны адамдар ұстана ма, ұстанбай ма, өз еріктерінде. Десек те ұялы телефон мен компьютерсіз өмір жоқтай көрінетін бұл дәуірде ақпараттық технология саласында болып жатқан көптеген жаңалықтарды біліп жүргеннің артығы болмас. Бүгінде ғаламторға қосылудың түрі көп. Олар кабельдік теледидар жүйесін қолдануға негізделген (CATV, Community Antenna TV), сымсыз байланысқа негізделген технологиялар (стационарлы және спутникті) және телефон желісіне негізделген технологиялар (модемдер және ADSL). Осылардың ішінде сымсыз байланыстың бір түрі – Wi-Fi (атауы ағылшын тілінде «сымсыз дәлдік» немесе «сымсыз сапа»  – ireless Fidelity деген мағына беретін сөздің қысқарған түрінен жасалған) желісі тұтынушылар арасында өте танымал. Ғаламторға жоғары жылдамдықпен енуге арналған басты технологиялар қатарына енген бұл жүйе өзінің ықшамдығымен (бір Wi-Fi құрылғысы бір мезгілде белгілі бір қашықтықтағы бірнеше құрылғыны интернетке қосады) тұтынушыларды өзіне магниттей тартты. Алайда соңғы кезде Wi-Fi жүйесінің денсаулыққа зияны мен құрылғы ретінде осалдығы туралы ақпараттар тарап жатыр. Мысалы  thverge.com сайтында IT-мамандар Wi-Fi жүйесінің қауіпсіздігіне айтарлықтай қауіп төнгені туралы мәлімдеген. Олар Wi-Fi желісінің жеке және корпоративтік желілерді қорғауға пайдаланылатын WPA2 қауіпсіздік хаттамаларының осал тұсының бар екенін, сол арқылы интернетке тегін қосылғысы келетін сауатты тұтынушылар оның кодын бұзып кіріп, трафикті қалай болса, солай пайдалана алатынын жеткізді. Олардың айтуынша, құрылғы Wi-Fi желісіне қосылған болса, оған қауіп төнеді. Өйткені Wi-Fi-ға қосылуға арналған Android платформасына негізделген құрылғылардың 41 пайызында жоғарыдағыдай осалдық бар. Ал даниялық ғалымдар Wi-Fi-дың адам денсаулығына тигізетін әсерін зерттей келе, сымсыз байланыстың бұл түрін ағзаға зиянды деп тапты. Олардың анықтауынша, Wi-Fi мидағы тамырларды тарылтып, бас ауруына шалдықтырады, кісіні шаршатады. Сол себепті Wi-Fi технологиясын қолдайтын телефон мен планшетті ұйықтаған кезде жастықтың астына қойып ұйықтау қауіпті. Сондықтан ұйықтаған кезде Wi-Fi-ды өшіріп тастап, телефон мен планшетті алысыраққа қою керек. Ал Electromagnetic Biology & Medicine басылымында жарияланған ғалымдардың мақаласында ұялы құрылғыдағы түрлі гаджеттер онкологиялық ауруларды тудыратыны жайында айтылған. Демек интернетпен жұмыс істейтін құрылғыларды байқап пайдаланбасақ, зияны да аз емес секілді... Бұл айтып отырғандарымыз заманауи құрылғылардың адамға биологиялық жақтан тигізіп жатқан әсері болса, психологиялық жақтан тигізетін зияны одан да ауыр. Интернеттегі түрлі бейнересурстар мен әлеуметтік желі, ұялы телефондағы түрлі қосымшалар да адамды өзіне телміртіп қою мақсатында жасалған. Жақында әлемге танымал Фейсбук (Facebook) әлеуметтік желісінің негізін салушылардың бірі, алғаш ашылған кезде сол желімен аттас компанияның президенті болған Шон Паркер фейсбуктың үнемі адамдардың назарын өзіне бұрып, бос уақытының бәрін өзіне тарту үшін ойластырылып жасалған жоба екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, желіні жасаушылар «адам психологиясының осал тұсын тапқан». Бұл жайында ол Axios порталына берген жауабында: «Бұл – желіні пайдаланушыға суреттеріне жазылған пікірлер мен жазғандарына басылатын «ұнату» белгісінен алатын ризалық сезімдеріне негізделген. Ал ол адамды бұдан көбірек «ұнату» белгісін көруге, жазғандарына көбірек пікір айтылуын оқуға қызықтыра түседі. Бұл дегеніңіз адамның адамға, қоғамға деген қарым-қатынасын өзгертеді. Тіпті адамның қабілетіне де әсер етуі мүмкін. Демек әлеуметтік желілер ұрпақтарымыздың миына не істеп жатқаны бір құдайға ғана аян», – деді ол. Бұл – бүгінде әлемде миллиардтаған адамның өмірінің мәніне айналып кеткен аса ірі әлеуметтік желіні басқарған адамның сөзі. Сондықтан онымен санасуға тура келеді. Жалпы әлеуметтік желі адам психологиясына қалай әсер ететіні жайында аз жазылып жүрген жоқ. Адамдарды рухани оңашалықта өмір сүруге жетелейтін бұл жүйе адамға білім мен тәрбие беретін дәстүрлі құралдарға мүлде қарама-қарсы деуге болады. Мұнда тіркелген адамдардың кейде тұлғасының шынайы не жалған екенін білудің өзі қиын. Сондықтан әлеметтік желіде түрлі арандату мағынасындағы жазбалар мен пікірлер көп болады, кейде тіпті қолданушылар бір-бірін ашық түрде балағаттап, намысына тиетін жазбалар жазып, суреттер мен бейнежазбаларды желіге жүктеп отыратын жағдайға дейін барады. Бұның бәрі әлеуметтік желіні адамдарға шексіз еркіндік алаңы ретінде елестетіп, ойыма не келсе соны істей аламын деген сенімге жеткізеді. Осының кесірінен әлемде талай адамның абыройы төгіліп, талай адам қорлыққа шыдамай өзіне қол салған жағдайлар да орын алып жатыр. Жалпы, әлеуметтік желі бопсалау мен қорқытып-үркітудің, алаяқтардың жұртты алдап-арбау ордасына айналғалы да аз уақыт өткен жоқ... Әлеуметтік желінің қиратқыш күші жеке адамдардың ғана емес, тұтас мемлекеттің бүтіндігіне қатер төндіретіні кейінгі кезде байқалып жатыр. Әлемдік баспасөздерде «Араб көктемі» аталып кеткен халық ереуілдері, Ливия, Египет, Сирия сияқты елдерде болған жағдайлардың бәрінде халықты мемлекетке қарсы үгіттеу жұмыстары осы әлеуметтік желілер арқылы жүргізілгені жайында материалдар көптеп шыққаны мәлім. Сондықтан да болар, кейбір елдер әлеуметтік желілер мен ғаламтор арқылы байланыстарды қатаң қадағалайды. Кейбір елдер оны қолдануға тыйым салған. Мәселен, АҚШ-тық Ютуб (YouTube) бейнехостингі мен Фейсбук (Facebook) әлеуметтік желісі Қытайда бұғатталған. Сол секілді ресейлік Mail.Ru Group атты ірі IT холдингі өнімдерін кейбір елдерде пайдалануға жол берілмей келеді. Алайда мемлекеттер тарапынан жасалып жатқан бұндай қадамдардың көбінде саяси мақсат үстем болатынын мойындау керек. Шынына келсек, бәрі адамның өзіне байланысты. Әйтпесе әлеуметтік желіні дұрыс мақсатқа пайдалана білсек, оның пайдасы да жоқ емес. Мысалы, өзің танысқың келетін белгілі тұлғалармен тілдесу, достық қарым-қатынас жасау, жұмыс бабында өзіңе қажет мәліметтерді алу, құжаттардың көшірмелерін жіберу т.б. көптеген жұмыстарды осы желі арқылы жүргізуге болады. Сол секілді өзіңнің жеке бизнесіңді жүргізуге, өзіңнің мекемеңнің жұмысын жарнамалауға да қолайлы. Айталық, Instagram желісі арқылы аккаунт ашқан тұлғалар өзіне өте көп жазылушылар жинауына болады. Кейбір танымал тұлғалардың жазылушылары газет-журналдардың ешбірінде болмаған таралым санынан асып түседі. Ал олар өз парақшасында жарнама жасау арқылы пайда табады екен. Мәселен, теледидардан сұхбат беріп отырған бір жас әнші Instagram-да өз парақшасында бір көйлекті жарнамалағаны үшін 3 миллион теңгеге шамалас қаражат тапқанын айтты. Бүгінде заманауи смартфон ұстайтындардың Уатсап (WhatsApp) қосымшасын пайдаланбайтыны жоқ. Өткен жылы қолданушыларының саны миллиардтан асқан бұл қосымша арқылы сурет түсіруге, бейнежазба жасауға, мультимедиялық файлдар алмасуға, хабарламалар жазу, дауыс және бейнеқоңыраулар жасауға болады.  Енді сол уатсап арқылы байланысқан адамның геомәліметтері көрсетіліп, байланыстағы кісінің жүрген жері екінші адамға жеткізіліп тұрмақшы. Бұл өз кезегінде адамның қауіпсіздігі үшін де өте маңызды. Жалпы, ақпараттық технология өнімдері екі жүзді пышақ секілді нәрсе. Оны дұрыс пайдалана білу – адамға көп пайдасын тигізсе, теріс пайдалану – өзіңе ғана емес, өзгелердің де өміріне зор зиянын тигізуі мүмкін. Ойға салмақ, миға жүк болатын нәрседен қашық жүруге ақылымыз бен біліміміз жете қояр ма екен?..