Жасөспірімдерге арналған арна керек
Жасөспірімдерге арналған арна керек
Осыдан барып талай жерде қойылып жүрген сұраққа тірелеміз. Бұл сериалдардың пайдасы не? Әсіресе, жасөспірімдерге олар не береді? Бәлкім, Қазақстанның өскелең ұрпағына арналған өзіндік арна керек шығар? Елімізде бүлдіршіндерге арналған «Балапан» арнасының жұмыс істеп жатқанына 7 жылдай уақыт болды. Балалармен қатар үлкендер де «Балапанның» көрерменіне айналып үлгерді. Дәл осындай арна жасөспірімдерге (11-18 жас) де керек сияқты. Бұл жастағыларға арналған хабар аз. Тіпті, жоқ деуге де болады. «Хабар» арнасында 13 жыл бойы «ХХІ ғасыр көшбасшысы» дейтін оқушыларға арналған зияткерлік сайыс экраннан түскен жоқ. Аптасына 1 рет, 1 сағат көлемінде эфирге шыққан бағдарламадан жастар көп нәрсе алды. Білім қоржындарын толтырып, оқуға деген ынталарын арттыратын. Білім бәсекесінде үздік шыққандарға оқу гранты мен қаржылай сыйлық табысталатын. Ең өкініштісі, қаржы тапшылығы деген сылтаумен бағдарлама жабылып тынды. Осылайша, жастардың жалғыз интеллектуалдық сайысына нүкте қойылды. Биыл жаңа маусымда талай телеарнада «тың жобалар» дүниеге келді. Талай жаңа бағдарламалар ашылды. Көбі шоу-бизнестің күйін күйттеген хабарлар. Қазақы менталитетке жат бағдарламаны қаламайтындардың қатары күн сайын артуда. Байқар болсақ, кейбіреулердің шоу бизнес жаңалықтарына деген сұранысы жоғары. Бұл халықтың ой-өрісінің қаншалықты деңгейде екенін көрсетеді. Абайдың бір өлеңін жатқа айтудан жаңылатын жұрт, жұлдыздардың жеке өміріне келгенде еш мүдірмей жауап береді. Өкінішті- ақ... Алдыңғы буынның солай кеткені кеткен. Тым болмаса, кейінгі толқынның бетін бері қаратсақ болар еді. Ол үшін жасөспірімдердің жеке арнасы болса. Танымдық хабарларға толы, интеллектуалдық шеберлікті арттыратын, заман талабына сай бағдарламалардан ешкім де бас тарта қоймас. Баланы теледидар тәрбиелеген шақта көк жәшікке баса мән бергеніміз дұрыс. Қалай дегенмен де, жасөспірімдерді пайдалы дүниелермен сусындата алатын арнаның болғаны жөн. Не десек те, 15 жасар қыз бен ұлдың «Балапанның» көрермені болмайтыны белгілі ғой.
Нәзира Қасымбек,
Халықаралық ақпараттық
технологиялар университетінің
студенті