Қапшағай көгілдір отынға қосылды

Қапшағай көгілдір отынға қосылды

Қапшағай көгілдір отынға қосылды
ашық дереккөзі
Қапшағай қаласына көгілдір отын жетті. Бүгін осындай тарихи сәтке жергілікті жұртшылық куә болды. Көптен күткен шара шымылдығын Алматы облысы әкімінің орынбасары Айдарбек Байжанов ашып, тұрғындарды осынау қуанышымен құттықтады. Бұдан кейін, шараға қатысқан ақсақалдар қауымы мен «Қапшағай аймақтық газ желілері» ЖШС өкілдері сөз алып, атқарылған жұмыстың маңыздылығына тоқталды. Мұнан кейін облыс әкімінің орынбасары Айдарбек Естенбекұлы, Қапшағай қаласының әкімі Талғат Қанатұлы, аталмыш серіктестіктің техникалық директоры Александр Камаров баршасы ұйымшылдықпен газ түймесін бірге ағытып, алауды салтанатты түрде жақты. Бұл «Алматы облысының 2007-2015 жылдардан 2020 жылға дейінгі кезеңде кешенді газдандыру» бағдарламасы негізінде жүзеге асырылып жатқан жоба. Осынау игі іс өңірдің дамуына жаңа серпін беріп, халықтың хал-ахуалының жақсаруына ықпал етіп, көштің ілгері жүруіне септігін тигізетіні сөзсіз. Жалпы, газ құбырының жобалық өнімділігі жылына 400 млн. текше метрді құрайды. Ол қаланың 60 мың халқын табиғи газбен қамтуға мүмкіндік беріп отыр. Қазіргі күні қаланың 4, 5, 8, 10-шағынаудандарына құбыр жүргізіліп, үйлер сол құбырға қосылған. Енді жыл соңына дейін 18 және 19-шағынаудандардағы жеке үйлер мен көп қабатты пәтерлер көгілдір отынмен қамтылатын болады. Сондай-ақ, «Жан Іле» туристік ойын-сауық орталығы, Заречный, Арна елді мекендеріне де газ жеткізу жоспарда бар.