Ақбөкенге тасадан атылған оқ

Ақбөкенге тасадан атылған оқ

Ақбөкенге тасадан атылған оқ
ашық дереккөзі
Жер асты қазынасынан бөлек еліміздің нәсібін молайтып, табиғатын түлететін, тіршілігін тірілтетін тағы бір байлығы бар. Ол – ұшқан құсы, тау-таста жортқан жануары, көлде жүзген балығы. Өкінішке қарай, ел байлығына қол сұғып, көпке ортақ табиғат сыйын жалғыз өзі иемденгісі келетіндердің қатары азаяр емес. Жыл сайын республиканың түкпір-түкпірінде жүргізілетін «Браконьер» шарасының нәтижелері көңілге кірбің ұялатады. Табиғат қорғаушылардың тынымсыз тірлігі тоқтаған емес. Мәселен, Алматы облысында табиғатты, өсімдіктер мен жануарлар дүниесін қорғауға 15 коммуналдық орман шаруашылығы мекемесі, 5 ұлттық табиғи парк, 2 қорық, 109 аңшылық, 36 балық пайдаланушылар жұмылдырылған. ҚР Ауылшаруашылық министірлігі орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі тарапынан 2017 жылы құстардың ұя басу мезгілінде көктемгі аңшылыққа және 2017 жылдан бастап мемлекеттік ұлттық табиғи парктерде аң аулау түрлеріне тыйым салу туралы шешім қабылдаған. Алайда заңсыз аңшылықтың жолын кесетін мұндай шаралар  оң нәтиже бермей тұр. Алматы облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының қызметкерлері жыл басынан бүгінге дейін 1640 рейдтік іс-шара жүргізген. Нәтижесінде табиғатты қорғау заңнамаларын бұзған 625-тен астам дерек тіркелді және 17 іс қозғалды. Атап айтқанда, 610 жеке тұлғаға әкімшілік хаттама толтырылып, 5 жеке тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Браконьерлерден 13 аңшы қаруы, 730 балық аулау құралдары және басқа да айғақ заттар алынды. Әкімшілік жауапкершіліке тартылғандарға 10 млн теңге көлемінде айыппұл салынып, 8 млн 200 мың теңге өндірілді. Келтірілген залал көлемі – 2 млн 682 мың теңге. Оның 1 млн 800 мың теңгесі өндірілді. Алғашқы қар жауысымен Шығыс Қазақстан облысында да заңсыз аңшылық белең алды. Әсіресе, Риддер, Бесқарағай және Көкпекті аудандарында топ құрып, аң аулайтындар көбейген. Сондықтан аймақтағы табиғатты қорғау полицейлері «Браконьер» жедел алдын алу іс-шарасын өткізді. Жедел із кесу шарасы барысында табиғат қорғау заңнамасын бұзған 56 адам анықталды. Оның ішінде заңсыз аң атқан 40, балық аулаған 10-нан астам дерек тіркелген. Сондай-ақ, 5 іс бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды. Тарбағатай ауданында балықты заңсыз аулаған браконьер ұсталса, Көкпектіде рұқсат қағазынсыз аңға шыққан адам анықталды. Қазір барлық заңсыздықтар бойынша тергеу амалдары жүргізілуде. Ал Атырау облысында жүргізілген рейд кезінде 50-ден астам браконьерлік  көлік құралдары тәркіленді. Облыстық орман шаруашылығы жəне жануарлар дүниесі  аумақтық инспекциясының басшысы Данияр Баймағамбетовтің айтуынша, 2017 жылдың 15 қыркүйегінен бастап аймақта заңсыз балық аулаудың алдын алуға бағытталған жедел топ жұмысын бастаған.  Күш құрылымдарының өкілдерінен құрылған топ осы уақыт аралығында балық қорғау заңнамасын бұзған 249 фактіні анықтады. 332 балық аулау құралы, 2 тонна 648 кг балық, 26 жүзу жəне көлік құралы, 33 браконьерлік қайық тəркіленді. Ең өкініштісі, браконьерлер елімізде онсыз да санаулы-ақ қалған киіктерді нысанаға алуды доғарар емес. Ақтөбе мен Торғай даласындағы былтырғы қырғыннан кейін Қазақстанда ақбөкеннің саны күрт азайып кетті. Мамандардың айтуынша, бүгінде елімізде небәрі 100 мыңнан сәл асатын киік қалған көрінеді. Оның 70 пайызы Батыс Қазақстан облысы аумағында. Қырылған киіктердің статистикасына көз жүгіртсең, браконьердің бәрі осы өңірде жүр ме деп қаласың. Құқық қорғау органдарының дерегінше, соңғы үш жыл ішінде киіктің 248 ұшасы, 1117 мүйізі алынып, 558 киік атып алынғаны анықталған. Әрине, бұл қолға түскен қылмыс дерегі, көзден таса қалғаны қаншама?! «Киікті заңсыз аулау және оның дериваттарын алу бойынша қылмыстық құқық бұзушылық 2014 жылмен салыстырғанда 5 есеге көбейді. Мысалы, 2014 жылы мұндай оқиға – 4 рет, 2016 жылы 19 мәрте тіркелген. Киік ұшасымен ұсталу оқиғасы да 4 есеге (35-тен 151-ге дейін) артты. Бөкеннің емдік мүйізін тәркілеу оқиғасы 7 есеге (70-тен 530-ға дейін) артып отыр. Биылғы екі айдың өзінде киіктің 40 ұшасы, 176 мүйізі табылып, тәркіленген», – дейді Орал табиғат қорғау прокурорының міндетін атқарушы Дәурен Тәжғалиев. Ақбөкен Батыс Қазақстан облысының оңтүстік аудандарында – Бөкей ордасы, Жаңақала, Жәнібек, Қазталов аудандарында ғана мекендейді. Соған қарамастан, киіктің тұяғы тимеген Орал қаласы мен Зеленов ауданынан 2015-2016 жылдары 551 мүйіз табылыпты. Яғни, бұл браконьерлер киіктің аталығын атып, мүйізін еш қиындықсыз облыс орталығына жеткізгенін айғақтайды. Мәселен, 2015 жылы 31 шілде күні Орал қаласының іргесіндегі Желаев ауылында Алматы облысының тұрғыны А.Жантөреев ұсталған. Оның автокөлігінен 149 дана киік мүйізі шыққан. Қылмыстық іс көтеріліп, тергеу жүреді. Арада айдан артық уақыт өте, қыркүйектің 4-і күні дәл осы Жантөреев Бөкей ордасы ауданы аумағынан тағы ұсталған. Бұл жолы оның көлігінен ақбөкеннің 50 мүйізі табылған. Қылмыстың жолын кесуі тиіс тәртіп сақшылары, керісінше, оған дем беріп отырғаны өкінішті-ақ. Мәселен, Д.Мұқанов деген тергеуші Жантөреевтен тәркіленген 149 мүйізді хаттамаға 49 етіп тіркеп, сирек кездесетін жануардың мүйізін қара базар нарығына екінші мәрте түсуіне жол берген. Бұл әрекеті үшін Д.Мұқанов «полиция майоры» шенінен айырылып, 2 жыл 6 айға бостандығы шектелді. «Браконьерлерді тәртіп сақшыларының өзі бүркемелейді» деген ел ішіндегі қаңқу сөзді дәлелдеген тағы бір оқиға 2016 жылдың 14 қарашасында болған еді. Сол күні таңғы сағат 7-де «Охотозоопром» инспекторлары Бөкей ордасы ауданы, Саралжын ауылдық округі аумағынан 820DVA07 нөмірлі «Нива» автокөлігін тоқтатқан. Ақбөкеннің 7 текесі мен 2 ешкісін артқан көлікте Бөкей ордасы аудандық ІІБ учаскелік инспекторы Д.Әшімов отыр екен. «Табиғатты қорғау керек!» деп ұрандататын мекемелерден де сенім кетті. Жуырда Қызылорда облысының Қазалы ауданында УАЗ автокөлігімен Қазалы орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі ММ-нің 5 қызметкері ұсталды. Арал аудандық ішкі істер бөлімі қызметкерлері мен Қызыл­орда облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының және «Охотзоопром ӨБ» РМҚК қызметкерлерінің бірлесіп  жүргізген рейді кезінде әлгі бесеу мінген көліктен 1 дана қос ұңғылы 12 калибрлі аңшы мылтығы, 22 дана дайын оқ, 1 дана шаппа пышақ және 39 дана қоянның өлі денесі табылған. Қазіргі таңда бұл дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 335-бабы 3-бөлігі 4-тармағымен сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіміне тіркеліп, тергеп-тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осыдан кейін тілсіз тіршілік иелері үшін кімнен қорған сұрайсың?