Жалпақ жұрттың  қызметін қылса да...

Жалпақ жұрттың  қызметін қылса да...

Жалпақ жұрттың  қызметін қылса да...
ашық дереккөзі
  Абай хакімнің «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген сөзін қазақтың әр азаматы бала кезден жадына сіңіріп өскен. Бірақ бүгінгі күні осы сөздің қадірі қашқан сияқты. Иә, қазір қанша еңбек етсе де, бейнетінің зейнетін көре алмай жүргендер көп. Айлығы шайлығына жетпейтін кейбір мамандық иелері маңдай терімен тапқан еңбекақысын ас-ауқатына жеткізе алмайды. Жұмысы қиын болса да, соған сай ақы алмайтын мамандар кімдер? Біздің елде мамандарға қызметіне сай жалақы төлеудің жолға қойылмауына не себеп?

Үкіметке жолданған қиын сауал

Біздің қоғамда адам еңбегі өз деңгейінде бағалана ма? Дәл осы сұрақ көптің көкейінде жүргені хақ. Әсіресе, еңбекақы аз төленетін мамандық иелері үшін бұл тақырып өте өзекті. Кейде Қазақстанда жалақы еткен еңбегіңе емес, отырған орныңа төленетіндей көрінеді. Өйткені лауазымы асқақтап, шені өскен сайын қызметкердің жалақысы да артады. Ал қарапайым жұмысшылардың алатын айлығы «жайлы орындағылармен» салыстыруға да келмейді. Дәл осы мәселені жуырда ғана депутат Әли Бектаев көтеріп, Үкіметке депутаттық сауал жолдады. Депутат өзінің сауалында әлеуметтік қорғау саласындағы мамандардың, яғни тәрбиешілер, медбикелер, санитарлардың  еңбекақысын көтеру қажеттігін атап өтіпті. «Бүгінде медициналық-әлеуметтік мекемелерде – 8434, білім беру саласындағы арнайы интернаттарда – 6050, денсаулық сақтау мекемелерінде – 194089 орта және кіші сатыдағы қызметкерлер жұмыс істейді. Олардың көпшілігі негізінен ауыр науқастармен, мүмкіндігі шектеулі жандармен, жүйке ауруына, психоневрологиялық аурулардың ауыр түріне шалдыққан жандармен, жалғызбасты қарттармен және мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс істеп, оларға медициналық әрі санитарлық қызметтер көрсетеді. Еліміздегі медициналық-әлеуметтік мекемелердегі ең ауыр және лас жұмыстарды осы қызметшілер атқарады десек, қателеспеген болар едік. Өкінішке қарай, осы салада күндіз-түні жұмыс істеп жүрген мамандардың, нақты айтқанда, тәрбиешілердің, медбикелердің, фельдшерлердің, санитарлардың, сондай-ақ, басқа да тазалықты қамтамасыз етіп жүрген техникалық жұмыскерлердің бүгінгі таңда алатын жалақысы өте төмен», – делінген депутаттық сауалда. Әли Бектаевтың келтірген деректеріне сүйенсек, медициналық-әлеуметтік мекемелердегі жалғызбасты қарттармен жұмыс істейтін жоғары білімді медбикелер – 59 мың теңге, орта білімді медбикелер – 49 мың теңге, 18 жастан асқан психоневрологиялық аурулармен жұмыс істейтін медбикелер – 61 мың теңге, төртінші дәрежедегі санитар – 45 мың теңге жалақы алады. Ал білім беру саласына қарасты арнайы әлеуметтік интернаттарда мүмкіндігі шектеулі балаларға қызмет көрсететін категориясы жоқ мұғалімдер мен дәрігерлерге 56 мың, санитарлар мен техникалық қызметшілерге 55 мың теңге көлемінде еңбекақы төленеді. Денсаулық сақтау мекемелерінде қызмет ететін медбикелер қызмет өтіліне қарай 43 900 теңгеден 72 700 теңгеге дейін, ал санитарлар 50 мың теңгеге дейін жалақы алады. Бұл көрсетілген сомалар – штаттық кестеге сай белгіленген еңбекақы. Одан қосымша алынатын түрлі салықтарды есептегенде, өзі мардымсыз жалақының түгі қалмайтыны да шындық. Ал мұндай жалақы үшін ақ тер, көк тер боп жұмыс істеуге кім ниетті болар дейсіз. Осының бәрін есепке алған депутат Әли Бектаевтың Үкіметке жолдаған сауалы  өте орынды. Халық қалаулысы еліміздегі барлық медициналық-әлеуметтік мекемелердегі орта және кіші буын қызметкерлеріне жалақы тағайындау тәртібін түбегейлі қайта қарау қажеттігін ескертіпті. «Олардың біліміне, дәрежесіне емес, атқаратын жұмысының күрделілігі мен ауырлығына әрі ерекшелігіне қарай еңбекақы тағайындауға тиіс деп есептейміз. Осының барлығын ескере отырып, әлеуметтік қорғау, білім беру, денсаулық сақтау мекемелеріндегі орта және кіші буын мамандары мен қызметшілердің еңбекақысын кемінде екі есеге көтеру қажет деп санаймыз. Осы салаларда еңбек етіп, бар тауқыметті көтеріп жүрген 200 мыңнан астам орта және кіші буын қызметшілердің жалақысына тағы да 50 мың теңгеден қосылғанда, шамамен 10 млрд теңгенің көлемінде қаражат қажет. Бұған мемлекетіміздің саясаты да тура келеді, мүмкіндігі де жетеді. Себебі сол қызметшілердің басым бөлігі қыз-келіншектер мен аналар», – деп түйіндейді ойын депутат. Әли Бектаевтың биік мінберден көтерген бұл тақырыбы талайдан бері көптің көкейінде жүрген болатын. Ал аталмыш түйткілді депутаттардың қозғауы мардымсыз еңбек­ақымен күнелтіп жүрген қарапайым қызметкерлердің көңіліне үміт отын ұялатқандай. Шын мәнінде, депутат атап өткендей, барлық саладағы ең ауыр әрі күрделі жұмыстарды атқаратын, есесіне төмен жалақы алатын қызметкерлерге қарайласатын уақыт әлдеқашан жеткен.

Төгілген терді ақтамайтын табыс

ҚР Статистика комитетінің мәліметіне назар салсақ, еңбекке жарамды қазақстандықтардың 25 пайызы (715,2 мың адам) 60 мың теңгеден төмен, 50 пайызға жуығы 60 мың мен 150 мың теңге аралығында, 16,2 пайызы 270 мыңға дейін жалақы алады.  Сондай-ақ, 123,3 мың (4,4 пайыз) қазақстандық азаматтың жалақысы 270 мыңнан 390 мың теңгеге дейін болса, тағы 124 мың (4.4 пайыз) отандасымыздың табысы 390 мыңнан жоғары. Жалпы алғанда, қазақстандықтардың жалақы қорының көлемі 418,3 млрд теңгені құрайды. Биылғы жылы жарияланған кейбір дерек көздеріне қарағанда, жер астында қауіп-қатерге басын тігіп, ауыр жұмыс атқаратын еліміздегі кеншілердің орташа айлық жалақысы 194 мың теңгеге жуық. Бұл саладағы ең үздік деген мамандар 296 мың теңге табады. Осы секілді ыстық цехта жұмыс істейтін, елімізге аса қажет электр қуатын өндіретін энергетиктердің орташа айлық жалақысы 142 341 теңгеден аспайды. Кейбіреулері 246 550 теңгеге дейін жалақы алады. Бірақ мұндай табыс табатындар көп емес. Ал сол кеніштің кеңсесінде отырған есепші немесе өзге қызметкерлердің жалақысы шахтерлермен бірдей немесе одан жоғары болып келеді. Сонда еңбектің ауырлығы есепке алынбайтын болғаны ма? Басын қатерге тігетін жұмысшылардың айлық табысының кеңседе отырған азаматтардан артық жұмыс істейтіндігі айтпаса да түсінікті. Ендеше, қисын қайда? Елімізде төмен жалақы алатын мамандар қатарында балабақша тәрбиешілері де бар. Таңнан қара кешке дейін тыным таппай жұмыс істейтін, кішкентай бүлдіршіндерге жазу-сызуды үйретуден жалықпайтын жас тәрбиешілердің жалақысы 30-40 мың теңгенің шамасында. Бұл мамандық иелері біздің елде «құрметті маман» саналмаса да, шет мемлекеттерде балабақша тәрбиешілерінің абыройы биік. Еуропа мен Америкада балабақша тәрбиешісі болып қызметке орналасу үлкен тәжірибені талап етеді. Әрине, мамандар еңбегіне сай жоғары жалақы алады. Дамыған елдер бала тәрбиесіне жауапты мамандарды жоғары бағалайды. Өйткені балалардың қалыптасуында балабақша қызметкерлерінің орны ерек екенін олар жақсы түсінеді. Балабақша тәрбиешілері жақсы жалақы алғандықтан, жұмысқа деген ынта-ықыласы да ерекше болатыны сөзсіз. Ал біздің елде жалақысы аз, тапқан табысын түкке жеткізе алмай жүрген мамандарды жұмысын ерекше ыждағатпен істейді дегенге сену қиын. Сөзіміз дәйексіз болмас үшін, шет мемлекеттерде балабақша тәрбиешілеріне төленетін жалақы мөлшеріне назар салып өтелік. Мысалы, Эстонияда тәрбиешіге балаларды бағып-қаққаны үшін айына 500 еуро көлемінде жалақы тағайындалады. Ал Германияда шамамен 1,5 мың еуро болса, Норвегияда тәрбиешілер 3 500 еуро алады. Швеция, Финляндия мен Даниядағы мектепке дейінгі мекеме қызметкерінің айлығы  2 мың еуроны құрайды. Ал Қазақстандағы тәрбиешілердің жалақысын жоғарыда көрсеттік. Бізде балабақша қызметкерлері әрі кетсе 60-70 мың теңге еңбекақы алуы мүмкін. Енді дамыған елдер мен дамыған елдер қатарына қосылуды мақсат еткен еліміздің арасындағы айырмашылықты саралап көріңіз. Айырмашылық жер мен көктей. Төмен жалақы алатын қызметкерлер қатарын еден жуушы, аула тазалаушы, күзетші сынды жұмысшылар толықтыратыны да жасырын емес. Олардың көпшілігі 15-30 мың аралығында жалақы алатын көрінеді. Бірақ мұндай қызметтегілер айлық табысының аз екендігін айтудан қашады, басшылардан қорқақтайды. Неге дейтін боларсыз? Сол аздаған айлық тауып отырған жұмысынан айырылып қалғысы келмейді.

Ұстаздың еңбегі бағалануы тиіс

Елімізде жоғары жалақы алатын мамандар кімдер? Олардың атқарған еңбегі алған жоғары жалақысын ақтай ма? Әрине, біреудің қалтасын аңдып, жалақысын санаудан аулақпыз. Бірақ еңбегі адал бағаланбайтын жандарды қайтпекпіз? Егер адам баласына ең басты қызмет көрсететін – дәрігерлер мен ұстаздардың жоғары жалақы алатындар тізімінде жоқ екенін ескерсек, біздің қоғамда еңбектің адал бағаланатынына сенім арту қиын. Қазақ ертеден ұстазды үлгі тұтып, мұғалімдікті мәртебесі биік мамандық ретінде бағалаған. Соған қарамастан, бүгінге дейін елімізде ұстаздар қауымының жалақысын жоғарылату мүмкін болмай тұр. Жалақының аздығы жастардың бұл мамандыққа баруына кедергі келтіріп отырғаны тағы бар. Мардымсыз ақшаға бола күні-түні қағаз жазатын, одан қалса, әр баланың артынан жүріп, үй аралайтын ұстаздық жұмысқа ешкім барғысы келмейді. Өткен жылы депутат Ирина Смирнова мұғалімдердің жалақысын арттыру қажеттігін айтып, Үкіметке депутаттық сауал жолдаған болатын. «Бізде мұғалімдердің еңбекақысы 40-50 мың теңгені құрайды. Сынып жетекшілігі үшін 5-ақ мың теңге қосады. Мұндай жүйемен білім беру саласын дамыту қиын. Қазақстанда білім беру сапасын қаржыландыру көлемін ішкі жалпы өнімге шаққанда 6-9 пайызға дейін көтермей, бәрі бекер», – деген еді. Алайда одан да еш нәтиже болмады. Жыл сайын «елімізде ұстаздар мен дәрігерлердің жалақысы артты» деп қуанышты хабар таратқанымызбен, там-тұмдап қосылған үстеме ақымен ұстаздар мен ақ халаттылардың байып кеткені шамалы. Ал шет мемлекеттерде керісінше, ұстаздар мен дәрігерлер ең жоғары жалақы алатын мамандар қатарына кіреді. Ғаламтор деректеріне сүйенсек, АҚШ, Корея, Швейцарияда ұстаздардың жылдық табысы 51 мың АҚШ долларын құрайды. Ал Германияда мұғалімдер 1 жылда 52 мың доллар табыс табады. Катар мемлекетінде ұстаздың жылдық табысы 80 мың долларға жетеді. Біріккен Араб Әмірліктерінде мұғалімнің еңбегі 60 мың долларға, Кувейтте 55 мың долларға, Сауд Арабиясында 50 мың долларға бағаланады. Сондай-ақ, Солтүстік Корея мемлекетінде ұстаздың айлық жалақысы 3-4 мың АҚШ долларына жетеді. Ал жылдық еңбекақысы 21 мың долларға жететін Түркия еліндегі мұғалімнің апталық сағаты – кемінде 15 сағат. Сағат мөлшері одан асып кетсе, қосымша  сабақ  ретінде саналып, үстеме жалақы төленеді. Бізде мұғалімнің тек сабаққа кіру сағаты ғана есепке алынған. Оның сабаққа дайындалуы, үй жұмысын тексеруі, емтихан мен ҰБТ-ға дайындауы, сынып жетекшінің сыныппен бірлесе іс-шараларға дайындалуы, апталықтар мен ашық сабақтарға  әзірлігі, ата-аналармен жиналыс өткізуі, үй-үйді аралауы, мектеп ішіндегі әдістемелік жиналыстарға қатысуы, олимпиадаға дайындауы, ғылыми-педагогикалық жұмыспен айналысуы, күнделікті білімін жетілдіру сынды жұмыстарға кеткен уақыт мүлдем есепке алынбайды. Шет мемлекеттерден үлгі алуға тырысатын биліктегілердің осындайда  көзі жұмылып қалатыны өкінішті-ақ.