Алаш қозғалысының пассионарлық идеялары
Алаш қозғалысының пассионарлық идеялары
«Алаш» партиясы мен «Алашорда» үкіметінің 100 жылдығы елорда төрінде аталып өтті. Астана қаласында «Рухани жаңғыру: Алаш және Азаттық идеясының сабақтастығы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды. Конференция жұмысына ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова, Парламент Мәжілісінің депутаттары, Түркия, Ресей, Әзірбайжан елдерінен келген ғалымдар мен елімізге белгілі алаштанушылар қатысты.
Конференция басында Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың арнайы құттықтау хатын оқып берді. Елбасының құттықтау хатында: «Баршаңызды конференция жұмысының басталуымен шын жүректен құттықтаймын! Алаш қозғалысының 20-ғасырдың басындағы қазақ қауымының саяси-әлеуметтік құқықтарын қорғау, ұлттық бірегейлігін сақтап қалу жолындағы күресі елге қызмет етудің жарқын көріністерінің бірі болып табылады. Алаш қозғалысының пассионарлық идеялары біздің ата-бабаларымыздың азаттық алып, дербес мемлекет құру жолындағы сан ғасырлық аманатымен ұштасып жатыр. Сол кездегі ұлт зиялылары арман еткен мемлекет тәуелсіздігі мен ұлт бостандығына бүгінгі ұрпақ қол жеткізді. Еліміз егемендік алып, әлемнің алдыңғы қатарлы мемлекеттерімен терезесін теңестіріп отыр. Мен «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаламда тағылымы мол тарихымызды зерделеуге, төл тума мәдениетімізді қолдауға қатысты нақты міндеттерді атап көрсеттім. Біздің қоғамдық сананы қазіргі заманның талабына сай жаңғырту арқылы еліміздің тұрақты дамуын қамтамасыз етуді мақсат етіп отырмыз. Мемлекетіміздің экономикалық әлеуеті арқылы халқымыздың бай тарихи әрі рухани мұрасын дәріптеуге де зор мүмкіндік жасала бермек. Бүгінгі келелі жиында айтылатын тарихымыз бен бүгінгі тәуелсіз ел тарихының өмірі мен сабақтастығын ашып көрсететін дәйекті пікірлер, ғылыми ізденістердің нәтижелері жария етіледі деп кәміл сенемін. Конференцияның жұмысына табыс тілеймін», – делінген.
Осыдан кейін Гүлшара Наушақызы Елбасы ұсынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен Алаш қайраткерлерінің мақсаттары үндес екендігіне тоқталды. «Алашорда қайраткерлерінің идеясы Азат Қазақстанның мақсат-мүдделерімен жалғасып жатыр деп айтуға болады. Мысалы, Әлихан Бөкейхан «Дүниеде не болса да біртіндеп жүзеге асады» деген болатын. Яғни, бұл біздің Елбасының қазіргі дәйекті саясатына қарап айтылғандай. Ахмет Байтұрсынұлы кезінде қазақ әліпбиін ең бірінші болып қолға алған болатын. Енді бүгін Қазақстандағы жақында ғана қолға алынған латын әліпбиін жүзеге асыру мәселелері қаралып жатыр. Латын әліпбиіне көшу еліміздегі басым бағыттардың бірі», – деп атап өтті Мемлекеттік хатшы.
Жиында сөз алғандардың бірі Парламент Мәжілісінің депутаты Қуаныш Сұлтанов 1917 жылдың аласапыранындағы Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш зиялылары мен қайраткерлерінің дербес мемлекет құру идеясына баса назар аударды. «Алаш үкіметі мен партиясының мүддесі және идеяларын жарыққа шығарып, тарихымызды қалпына келтіру мүмкіндігінің тууының өзі тек 1991 жылы тәуелсіздігімізді жаңа заманда жариялап, әлемдік қоғамдастыққа тереземіз тең мемлекет ретінде бет алған тұста орнаған әділдік. Осы жиырма бес жылда Алаш тарихына қатысты жүздеген, мыңдаған зерттеулер жарық көрді. Бұл да – тәуелсіздіктің жарқыраған мүмкіндігі, ұлтымыздың өсуге деген құлшынысының көрінісі. Өкінішке қарай, біз әлі күнге дейін тәуелсіздік идеясын жарнама дәрежесінде ғана пайдаланып, оның ішкі терең мазмұнына мән беруге толық көңіл бөлмей келеміз. Қажет деп те ойламаймыз. Тәуелсіздік орнады, енді өмір бақи осылай тұра береді деп ойлаймыз. Осы мәселелерді қозғап, Елбасы халықтың санасына қозғау түсірген соңғы мақаласының негізгі мақсаты да осыны ескерту еді», – дейді Қуаныш Сұлтанов.
Сонымен қатар, конференция барысында тарихшы, академик Мәмбет Қойгелді «Алаш қоғалысы: 100 жылдан соң» атты баяндама жасады. Тарихшы «Алаш қозғалысы неден басталды?» деген мәселе төңірегінде әңгіме қозғады. «Алаш қозғалысы ағартушылықтан басталды. Барлық Еуропа елдерінде, өркениетті елдерде, бәрі де сондай. Ағартушылар Шоқан, Ыбырай, Абай деп айтып келеміз. Ол рас. Бірақ олар ағартушылықты үлкен ауқымда жасай алмады. Жасай алмайтын да еді. Ол жағдайды жасаған – Алаш зиялылары. «Айқап», «Қазақ» басылымдары, елдің санасын өзгерту, жаңа руханият жасау – бұл нағыз ағартушылық. Еуропада ағартушыларды алақанында ұстады. Басына көтерді, ескерткіш қойды. Ағартушылық өз жолымен, сатысымен жүрді. Қазақ қоғамында не болды? Қазақ қоғамында ағартушылық 20 жылға созылды. 20 жылға жетпей жатып ағартушылардың өздері де ағартушылық пен азаттық идеясын біріктірді», – деді Мәмбет Қойгелді.
Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция шеңберінде «Ресейдегі 1917 жылғы төңкерістер және Алашорда», «Алашорданың саяси тұғырнамасының жаңашыл идеялары: дамуы мен іске асуы» атты секция отырыстары өтті. Жиынға қатысушы азаматтар егемен ел атану жолындағы «Алаш» қозғалысының тарихи рөлі, төл тарихымызға деген құрмет сезімін қалыптастыру, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қазақстан халқының ізгі мұраттарын қадірлеу сынды мәселелерді талқыға салды.
Конференция қорытындысы бойынша «Алаш» қозғалысы қайраткерлерінің есімін ұлықтау, Алаш зиялыларының мұрасына қатысты зерттеулерді жүйелеу, өскелең ұрпақты отансүйгіштік рухта тәрбиелеу қажеттігі сынды мәселелер қарастырылған қарар қабылданды.