Ауыл жастарына гранттар көбейтілмек

Ауыл жастарына гранттар көбейтілмек

Ауыл жастарына  гранттар көбейтілмек
ашық дереккөзі
Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдауды жетілдіру жөніндегі шаралар, сондай-ақ, электронды сауда-саттықты дамыту мәселелері, денсаулық сақтау саласын цифрландыру жайы талқыға салынды.  Жиында ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдауды одан әрі жетілдіру мақсатында қабылданып жатқан негізгі шаралар туралы Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Қайрат Айтуғанов баяндады. Вице-министрдің мәлімдеуінше, агроөнеркәсіп кешенін мемлекеттік қолдауды жетілдіру мақсатында, сондай-ақ, 2017-2021 жылдарға арналған АӨК-ті дамыту мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында ауыл шаруашылығының басым бағыттарын дамыту және АӨК-ке мемлекеттік қолдауды жетілдіру карталары әзірленген. Ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту, аграрлық қайта өңдеу, АӨК-ті қарқынды техникалық қайта жабдықтау, тұқым шаруашылығы, өсімдіктерді қорғау, агрохимия, мал азығы өндірісі, көтерме-үлестіру орталықтары, егіндіктерді ұлғайту, отарлы қой шаруашылығын дамыту бойынша он карта қабылданған. Ал аграрлық ғылымды дамыту, сиыр еті өндірісі, субсидиялаудан жеңілдікті несиелендіруге көшу арқылы мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін арттыру карталары әзірлеу сатысында. Ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау мәселесі бойынша жиында бұдан әрі «Атамекен» ҰКП агроөнеркәсіптік кешен комитетінің төрағасы Иван Сауэр, Қазақстан машина жасаушылар одағының төрағасы Мейрам Пішембаев, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ректоры Ақылбек Күрішбаев, Қарағанды облысы фермерлер одағының төрағасы Игорь Жабяк, Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев, Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин сөз сөйледі. Мәселені талқылау қорытындысы бойынша Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев бірқатар нақты тапсырма берді. Біріншіден, Ауыл шаруашылығы министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, ауылшаруашылық өнімін шығарудан бастап оны сыртқы нарықтарға экспорттауға дейін тиімді тізбек құру. Екінші, Ауыл шаруашылығы министрлігіне Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп, ауылда міндетті түрде еңбекпен қамтамасыз ету шартымен, ауыл жастарына берілетін гранттардың санын ұлғайту мәселесін пысықтау. Үшінші, Ауыл шаруашылығы министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, өңірлердің мамандануын ескере отырып, ауылшаруашылық өнімдерін субсидиялау тетігіне егжей-тегжейлі талдау жасау, сондай-ақ, ұсынылған барлық шараларды 2021 жылға дейінгі АӨК-ті дамыту мемлекеттік бағдарламасына біріктіру мәселесін пысықтау тапсырылды. Үкімет отырысында қаралған келесі мәселе бойынша негізгі баяндамашы Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Руслан Дәленов электронды коммерцияны тиімді дамыту мақсатында Электронды сауда-саттықты дамыту бойынша 2018-2020 жылдарға арналған жол картасы әзірленгенін және бекітілгенін атап өтті. Электронды коммерцияны дамыту бойынша қабылданған шаралар туралы бұдан әрі Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев, Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов, «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Сәкен Сәрсенов баяндады. Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев электронды сауда-саттықты дамыту мәселесін қарау қорытындысы бойынша тұтынушылардың құқықтарын қорғауды және бизнесті онлайн сауда-саттыққа ынталандыру бойынша тәсілдерді қарастыратын заңнаманы жетілдіру шараларын қабылдауды тапсырды. Ал Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов өз кезегінде денсаулық сақтау саласын цифрландыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар жайында айтып берді. Елжан Біртановтың айтуынша, денсаулық сақтау саласын цифрландыру Президенттің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауын іске асыру аясында «Денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту» жобасы бойынша жеке бастама ретінде іске асырылуда, сонымен қатар «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасымен толық сәйкестендірілген. «Денсаулық сақтау жүйесін цифрландырудың 2017-2018 жылдарға арналған жол картасы әзірленді. Жыл соңына дейін Бірыңғай интеграциялық платформаны қанатқақты енгізу көзделген, оның аясында Қазақстанның әрбір азаматының жеке ұяшығы – денсаулығының электронды паспорты болады. Сондай-ақ, жекелеген қызметтердің жұмысы автоматтандырылады. Олар: медициналық сақтандыру қоры, қоғамдық денсаулық сақтау мен дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету саласы. «Денсаулық сақтау министрлігі мен IBM компаниясының арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды, оның шеңберінде «Watson for oncology» – денсаулық сақтау саласына жасанды интеллектіні қанатқақты енгізу жоспарланған. Қазіргі таңда жоғарыда аталған меморандум аясында қанатқақты жобаны жүзеге асыру бойынша жол картасы әзірленуде», – деді министр. Оның айтуынша, денсаулық сақтау саласын цифрландыру арқылы медицина қызметкерлерінің еңбек өнімділігін ұлғайтып, халықтың медициналық қызметтерге қанағаттану деңгейін арттыру көзделген. Үкімет отырысының соңында алдағы жылы Пхенчхан қаласында (Оңтүстік Корея) өтетін ХХІІІ қысқы Олимпиада ойындарына дайындық барысы да пысықталды. 2018 жылы өтетін қысқы Олимпиада ойындарында әлемнің 80-нен астам елінен 5000-нан астам спортшы мен ресми тұлға қатысады деп жоспарланған. 15 спорт түрі бойынша 102 медаль жиынтығы ойнатылатын болады. Қазақстандық спорт делегациясы 9 спорт түріне қатысуды жоспарлап отыр: биатлон, мәнерлеп сырғанау, тау шаңғы спорты, шорт-трек, конькимен жүгіру спорты, шана спорты, шаңғы жарысы, шаңғымен трамплиннен секіру, фристайл. Қазіргі таңда Қазақстанда екі спорт түрі бойынша 13 лицензия бар. Оның 10-ы биатлоннан, 3-і мәнерлеп сырғанаудан. 2017-2018 маусымда лицензияға ие болу үшін қысқы спорт түрлері бойынша Қазақстанның құрама командасы халықаралық спорттық күнтізбеге сәйкес халықаралық біліктілік жарыстарына қатысады. «Еліміздің Олимпиада құрамасын қалыптастыру атлеттердің дене дайындығының деңгейін, психологиялық тұрақтылығын ескере отырып, қорытынды іріктеу кезеңі мен допингке қарсы бақылау нәтижелері бойынша келесі жылдың қаңтарына дейін жалғасады», – деді Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы.