Атамбаев: Мұның бәрі Қазақстан басшылығының қыңырлығынан

Атамбаев: Мұның бәрі Қазақстан басшылығының қыңырлығынан

Атамбаев: Мұның бәрі  Қазақстан басшылығының қыңырлығынан
ашық дереккөзі
Қырғызстанның орнықты дамуы бойынша ұлттық кеңестің отырысында президент Алмазбек Атамбаев ЕАЭО мен қазақ-қырғыз шекарасындағы жағдайды сынға алды, деп хабарлайды Sputnik Қырғызстан.
 Оның айтуынша, бизнесті дамыту үшін ірі нарық қажет, сол үшін де Қырғызстан ЕАЭО-ға "зор үмітпен" кірді. Атамбаев мұны дұрыс шешім деп санайды және республика одақта қала беруі тиіс дейді.
"Мен Ресей мен Қазақстанның бұқаралық ақпарат құралдарын күн сайын оқып отырамын. Олар Атамбаев ЕАЭО-ны құлдыратқысы келеді деп жазады. Бұл барып тұрған сандырақ. Қырғызстан одақтан шығуды ойлаған емес, шықпайды да", — деді президент. Ол Қырғыз Республикасы бір айдан астам Еуразиялық экономикалық одақтан бөлектеніп қалғанын мәлімдеді.

"Мұның бәрі Қазақстан басшылығының қыңырлығынан. Осыдан кейін кім одақты күйретіп жатыр екен?! Мұны тек ақымақтар, тапсырыспен мақала жазатындар ғана көрмейді. Заңды құрметтеп, елдің ішкі істеріне араласпауды талап еткені үшін Қырғызстанды шеттетіп тастады? Егер бәрі келісімшарттарға емес, кейбір президенттердің қыңырлығы мен қиқарлығына байланысты жасалса, ЕАЭО өркениетті экономикалық блокқа айнала ала ма? ", —деп сұрады Атамбаев.

"ЕАЭО елдері басшылары мен ЕЭК басшысы Тигран Саргсянның немқұрайлылығына, бейжайлығына таңғаламын. Оларға не болып жатса да бәрібір, осыдан кейін сол адамдар Қырғызстан туралы бірдеңе айтып қояды. Бұл ащы шындық", — дейді президент.
  "Егер біз өзімізді сыйламасақ, онда кім бізді сыйлайды?! Қарап отырсам, қазір бәрі Атамбаев аяғына жығылып кешірім сұрауы керек деп шулап жатыр. Мен не үшін кешірім сұрауым керек? Қырғызстанның басқа елдің ісіне араласпауды талап ететін заңдарын құрметтеу керектігі үшін бе? Кешірімді Атамбаев емес, басқа елдің ісіне араласатындар сұрауы керек", — деп түйіндеді президент.