Жаңалықтар

Қазақстандағы алтынның үштен бірі Ақмолада өндіріледі

ашық дереккөзі

Қазақстандағы алтынның үштен бірі Ақмолада өндіріледі

Елімізде жиналатын астықтың - төрттен бірін, қазылатын алтынның үштен бірін Ақмола облысы өндіреді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде Ақмола облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы турасында баяндаған өңір әкімі Мәлік Мырзалин айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Облыс басшысының айтуынша, жалпы ішкі өнім бойынша өңірлік құрылымда өнеркәсіп секторының үлесі - 25%, ауыл шаруашылығының үлесі 15% құрап отыр. «Жалпы республика бойынша есептегенде Ақмола облысы республика көлемінде сапалы азық-түлік астығының төрттен бірін өндіреді. Бұл астықты өңіріміз экспортқа да шығарып отыр. Индустрияландыру бағдарламасының арқасында облыс алтын өндірісін төрт есе ұлғайтып, республика көлеміндегі жалпы алтын өндірісінің үлесі 34% жетті. Жүк көлігі өндірісінің жартысынан астамы (55%), кірпіштің - 30%, ұнның 10% Ақмола өңіріне тиесілі. Қазақстандағы уран қорының шамамен 10% біздің аймақта шоғырланғанын атап өткім келеді», - дейді Мәлік Мырзалин. ТМД-да теміржол көлігі үшін мойынтіректі (машинаның қозғалмайтын бөлшегіндегі біліктің мойыны) шығаратын жалғыз кәсіпорын Ақмола облысында орналасқан. Мәлік Мырзалиннің сөзіне сенсек, ішкі сұраныстан бөлек, өндірілген мойынтіректердің 80%  Ресей Федерациясына жеткізіледі.