Алматыда «Халық мұрасы» атты ән, күй, жыр кеші өтті

Алматыда «Халық мұрасы» атты ән, күй, жыр кеші өтті

Алматыда «Халық мұрасы» атты ән, күй, жыр кеші өтті
ашық дереккөзі
Алматы қаласындағы Ұлттық кітапхананың акт залында «Халық мұрасы» атты ән, күй, жыр кеші өтті. Оған Рамазан Стамғазиев, Рымкеш Жұмаділова, Еркін Шүкіманов, Ұлжан Байбосынова, Ардақ Исатаева, Мұрат Абуғазы, Аманкелді Күзеубай, Өркен Дүйсен, Шолпан Даржанова, Айгерім Қараменова және тағы басқа өнер қайраткерлері, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы Халық музыкасы факультетінің студенттері қатысып, қазақтың дәстүрлі әндерін ұлттық музыкалық аспаптармен – домбырамен, қобызбен, сыбызғымен, шертермен орындады.  width= Іс-шараның мақсаты – қаладағы әртүрлі жамағат өкілдеріне, ислам дініне бет бұрып жатқан жастарға, шаһар тұрғындарына ата-бабаларымыздан қалған рухани мұраны дәстүрлі әндер арқылы насихаттау болатын. Концертті «Әл-Мәдина» мешітінің бас имамы Бақытжан қажы Жаңбырбайұлы ашты. «Біздің ата-бабаларымыз дінді ғасырлар бойы жырға қосып насихаттады. Ақындарымыз, жырауларымыз өздерінің өсиет сөздерін бүгінгі күнге ұлттық аспаптармен жеткізді. Бұл дегеніміз қазақтың дәстүрінің ішінде дін жатқанын көрсетеді. Бүгінгі өткелі жатқан «Халық мұрасы» атты ән, күй, жыр кеші – сол бабаларымыздан қалған рухани дәстүрдің жалғасы» деді ол. Сахнада өнер көрсеткен әрбір әнші көрермендердің зор ықыласына бөленіп отырды. Көпшіліктің көңілінен шыққан кешті Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы «Халық әні» кафедрасының меңгерушісі, Өнертану докторы Аманкелді Күзеубай жүргізді.   Концерт аясында Ұлттық кітапхана қызметкерлері арнайы кітап көрмесін ұйымдастырды. Онда қазақтың діні мен дәстүріне қатысты кітаптар қойылды. Іс-шараға Алматы қаласының зиялы қауымы, әртүрлі діни жамағат мүшелері, қоғам қайраткерлері, жастар ұйымдары, студенттер ҮЕҰ және БАҚ өкілдері қатысады. Айта кетейік, концертті Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының тапсырысы бойынша «Ел-шежіре» қоғамдық қоры ұйымдастырды.

Жасұлан Наурызәлиев