Жаңалықтар

Иран-Ирак шекарасындағы зілзаладан қаза тапқандар саны артты

ашық дереккөзі

Иран-Ирак шекарасындағы зілзаладан қаза тапқандар саны артты

Иран мен Ирак шекарасының маңындағы 7,6 балдық жойқын жер сілкінісінен қаза тапқандардың саны сағат сайын өсуде, – деп хабарлайды 24.kz арнасы. Арнаның хабарлауынша, Иран аумағында 330-ға жуық адам ажал құшты. Тағы 2 жарым мыңнан астам тұрғын жараланған. 70 мыңға жуық кісі баспанасыз қалды. Ал Иракта 5 адам көз жұмып, 100-ге жуық жергілікті тұрғын жапа шеккен. Зілзала ошағы Иранның Сарполь-э-Захаб қаласынан солтүстікке қарай 32 шақырымдай жерде 10 шақырымдай тереңдікте тіркелген. Кей деректерге қарағанда, сілкініс болған жерде дүмпудің күші 9-10 балға жеткен. Табиғат апатынан Иран елінің батысындағы Керманшах пен Илам өңірі қатты зардап шекті. Сонымен қатар Ирак жерінде үйлер мен ғимараттар қираған. Апат аймағында іздестіру-құтқару жұмыстары жүріп жатыр. Жапа шеккендерге азық-түлік, жылы көрпе таратылып, дәрігерлік көмек көрсетілуде. Екі елдің шекарасындағы жер сілкінісінің күшті болғаны соншалық ол Біріккен Араб елдерінде, Кувейтте, Йеменде, Сауд Арабиясында, Израильде сезілген. Бұл елдерде қанша адамның жапа шеккені әлі белгісіз. Ал апат аймағында тағы да онннан астам кішігірім дүмпу болды.