Аслан Сәрінжіпов айтқан сылтаулар

Аслан Сәрінжіпов айтқан сылтаулар

Аслан Сәрінжіпов айтқан сылтаулар
ашық дереккөзі

Өткен аптада Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов Үкімет сағатында депутаттар алдында есеп берген еді. Мәжілісте өткен Үкімет сағаты «Оқулықтардың сапасы және жалпы орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарын оқулықтармен қамтамасыз ету» мәселесіне арналды. Бұл – оқулық мәселесіне арналған алғашқы Үкімет сағаты емес.

Өйткені елімізде жыл сайын оқулықтар жаңартылады. Алайда одан сапаның артқан­дығы әлі де байқала қояр емес. Оқулықтың жетіспеушілігі де бөлек әңгіме. Әр оқу жылының басында дауға айналатын оқулық мәселесінің түпкілікті шешілетін күні әлі де алыс секілді. Үкімет сағатындағы министрдің есеп беруі осыны дәлелдегендей болды.

70 миллион теңге неге тиімсіз жұмсалды?

 Халық қалаулыларының алдына есеп беруге келген Білім министрі ә дегеннен-ақ сын садағына ілікті. Таныстыру үшін қолына ұстап келген оқулықтары тағы да сапасыз болып шықты. Естеріңізде болса, оқу жылының басында Білім және ғылым министрі еліміздің білім ордаларындағы оқулық тап­шылығын шешетіндігін айтып, уәдені үйіп-төккен. Ал депутаттар кезекті Үкімет сағатында Сәрінжіповтің сол уәдесін орын­дағандығына сенім білдіріп еді. Үкімет сағатына тас түйін дайындалып келген Аслан Сәрінжіпов ең әуелі депутаттарға биылғы жылы алғаш рет Қазақстанда Білім және ғылым министрлігі әзірлеген 1-11 сыныптарға арналған қазақ тілінің деңгейлік оқулықтарын таратып берді. Бұл оқулықтар министрліктің басқаруымен ведомство қаржысына шығарылған көрінеді. Оқулықтардың сапа­сыздығы мен сансыз қателері де­путаттардың қытығына тиген. Осы­дан кейін Мәжіліс депутаттары министр мырзаға сұрақтарын жаудырды.

 «Мына оқулықтың қайда басылып шыққаны да көрсетілмепті. Ашқан кезде парақтары да шашылып қалды. Егер кітапта бас­пахана көрсетілмеген болса, жауап­кершілік сізге жүктеледі. Қайда, қашан басылып шыққаны көрсетілмесе, сапа туралы қалай сөз болады? Оқулықты кім басып шығарды, кітап неге шашылып қалды? Осының барлығын анықтаңыз», – деді депутат Виктор Киянский. Ал Аслан Сәрінжіпов бұл оқулықтар министрліктің тәжірибе ретінде басып шығарған кітабы екендігін ескертіп ақталған. Білім және ғылым министрінің айтуынша, аталмыш оқулықтарды жарыққа шығару үшін арнайы авторлар іріктеліп алыныпты. «Біз оқулық шығаратын бизнеспен айналыспаймыз», – деп күйгелектенген Аслан Сәрінжіпов министрлік басып шығаратын оқулықтардың бас­паханадан шыққан кітаптардан әлдеқайда сапасыз болатындығын мойындады. «Біз оқулықтарды басып шығаратын бизнеспен айналыспаймыз. Тек компаниялар басып шығаратын оқулықтардың бағдарламасын бекітеміз. Сон­дықтан жүйеге сенеміз. Ал бұл – базалық оқулық. Қыркүйек айын­да бұл оқулықты тәжірибеден өткізетін 30 мектепке оқулықтың басқа нұсқасы беріледі. Оның мұқабасы, басылымы мүлде басқа болады. Оқулықтарды қыркүйек айында сынақтан өткіземіз. Сосын бiр жыл iшiнде барлық кемшіліктер жойылғаннан кейiн, біз бүкiл мектептердің 1-11 сыныптарында оқулықтарды деңгейлiк оқулықтарға алмастыруды жоспарлаймыз. Айта кетерлігі, бүгінгі күні қазақ тiлi бо­йынша деңгейлiк оқу бағдарламасы бекітіліп, бiрақ оқулықтары басып шығарылмаған болатын. Осы мәселе қазір толығымен шешілгелі отыр», – деп атап өтті Білім және ғылым министрі.

Бұл оқулықты шығару үшін министрлік 70 миллион теңге жұмсаған екен. «Айтарлықтай үлкен қаражат. Бұл тек авторлардың құрастыру бойынша жұмысы ғана емес, яғни 1-11 сыныптар аралығындағы оқулықтар. Яғни шамамен бір сыныпқа 7 миллион теңге жұмсалады. Бұл – авторлардың қаламақысы, дизайн бойынша мамандандандырылған компанияның жұмысы, әдістеме бо­йынша жұмыстар. Осыдан кейін ғана баспаның жұмысы қарастырылады, ал басып шығаруға көп қаржы кеткен жоқ», – деп түсіндірді Білім министрі. 70 миллион теңге жұмсалған оқулықтың сапасынан гөрі ішіндегі өрескел қателер көбірек жаға ұстатқан. Мәжіліс депутаттары қолдарындағы оқулықтардың ішіндегі сөйлемдердің оқушы түгілі ересектерге де түсініксіз екендігін айтты. Мысалы, «Қазақ тілі» оқулығында «Туған жердің түні де ыстық, күні де ыстық» деген жұмбақты, бірінші сыныпқа арналған оқулықтағы «Әже, сіз неге ұялмайсыз?» деген сөйлемдерді көрген депутаттар одан әрі тағатсызданып, Білім және ғылым министрінен түсініктеме талап етті.

Еліміздің бас ұстазы Аслан Сәрінжіпов оқулықтардың сапасыздығына әсер етіп отырған бірнеше себептерді атап өтті. Оның алғашқысы – елімізде тәжірибесі мол және кәсіби біліктілігі жоғары мамандардың тапшылығы. Министр кейде оқулық жазатын авторлар құрамында бұрын бұл салада жұмыс істемеген, оқулық материалдарын шығарумен айналыспаған маман­дардың болатынын да айтып қалды. Сол себепті, бұл салаға шетелдік мамандарды тартып, оқулық дайындайтын мамандардың біліктілігін арттыру жұмыстарын қолға алуды ұсынды ведомство басшысы.

Министр мырза тоқталған екінші мәселе – мектептерді оқулықпен толықтай қамтамасыз етуге қаражаттың жетіспеушілігі. Оның сөзіне қарағанда, оқулықпен қамтамасыз ету үшін жалпы көлемде 14 миллиард теңге бөлінуі тиіс болған. Алайда еліміздегі барлық мектептерді оқулықпен қамтамасыз етуге 2 миллиард теңгеден астам қаражат әлі де бөлінбегендіктен, қаржы жеткіліксіз екен. «Мектептердің оқулықтармен толықтай қамтамасыз етілмеуінің себебі – оқулық сатып алу жүйесінің толықтай қаржыландырылмағаны. Қазіргі таңда жетпей тұрған сома 2 миллиард 374,5 миллион теңгені құрайды. Мамырда еліміз­дегі оқулықпен қамтамасыз ету мәселесі бойынша селекторлық кеңес өткізілді және жергілікті атқарушы органдардың мәліметтері бойынша маусым айында мәслихаттар қажетті қаржыны бөледі», – деп атап өтті Аслан Сәрінжіпов.

Үкімет сағатында белгілі болған тағы бір жайт мынау. Оқулықтар өз елімізде емес, Қытай мен Түркияда басылып шығады. Себебі онда оқулық шығару құны Қазақстанға қарағанда арзанға түседі. Ал кітапты құрастыру жұмыстары Қазақстанда өткізіледі. «Бұл енді бизнестің мәселесі, қайда арзан болса, сонда басылып шығады. Бірақ оқулықтарды көптеп шығару үшін оның құнының 5-10 па­йызы жұмсалады. Негізгі құны – авторлық жұмыс, дизайн, әдіснама. Оқулықтардың баспалардан шығатын құны да әр түрлі. Себебі бұл жеке бизнес, біз олардың өзіндік құнын, баға белгілеуін білмейміз. Бірақ өткен жылы мақсатымыз мектептерді оқулықтармен 100 пайызға қамтамасыз ету болды», – деді Аслан Сәрінжіпов депутаттар алдында. 2014 жылғы Үкімет сағатында да Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов республика бойынша оқулықпен қамтылу деңгейі 96,4 пайыз екендігін айта келе, оқулық жетіспеушілігінің себебіне айналған бірнеше мәселені атап өткен болатын. Ол кезде де министр қаржының жетіспеушілігін айтқан. Былтырғы Үкімет сағатынан бері жеті айдан астам уақыт өтсе де, аталған мәселелердің әлі де шешімін таппағандығы ма? Сондай-ақ, осы жиында оқулықтарды жеткізу ісі мамыр айында аяқталып, тамызда оқулықтардың мектептерде болуы қажеттігін айтқан.

Бүгінде мектеп оқулықтарын шы­ғару үшін 2012 жылы қабылданған стандарттар қолда­нылады. Сол стандарттар негізінде 2013 жылға сәйкес оқу бағдарламалары дайындалған. 2015 жылы 4,5,6,11-сыныптарға арналған оқулықтар сатып алына бастаса, ал 1,7,8-сынып оқулықтары сараптамадан өткізілуде. Жан-жақты сараптамадан өтіп жатқан оқулықтар келесі оқу жылынан бастап бағдарламаға енгізіледі. Сөйтіп, бір жыл ішінде оқулықтар мен оқу бағдарламалары теңес­тіріледі. Осының нәтижесінде бағ­дарламалар мен оқулықтар сәйкессіздігі жойылмақ.

Депутаттардың оқулық маз­мұнына қатысты сауалына министр: «Оқулықтар сапасы ғалым, халық қалаулылары, білім беру ұйымдары өкілдерінен құрылған комиссия тарапынан қадағаланады, олардың қорытындысы алынады», – деп жауап берген болатын. Бірақ министрдің бұл жауабына депутаттар қанағаттанбаған тәрізді. Халық қалаулысы Оразгүл Асанғазы бұл құрылымның жұ­мысы тек қағаз жүзінде ғана жүзеге асатынын ашып айтты. Депутаттың айтуы бойынша, комиссия құрамындағы ғалымдар көбінесе оқулықты оқымай-ақ, қол қойып жібереді екен. Ал кейбір комиссия мүшелерінің оған қатысуға уақыты да жоқ көрінеді. Сондай-ақ, Үкімет сағатында оқулықтарда келтірілетін деректер, тарихи даталар мен танымал тұлғаларға қатысты ақпараттар әр баспадан шыққан оқулықтарда әр түрлі көрсетілетіні де назардан тыс қалған жоқ. Депутаттардың сөзіне сенсек, ол деректер әлі күнге дейін бірізге түспеген және олардың стандартқа сай болуын құзырлы мекемелер назардан тыс қалдырып отыр.

Оқулық мәселесіне қатысты сан түрлі түйткіл талқыланған жиын соңында сөз алған Мәжілістің вице-спикері Дариға Назарбаева мектептерде Білім және ғылым министрлігі ұсынған баламалы оқулықтарды міндетті оқулық ретінде енгізудің әзірге қажеті жоқ екендігін ескертті. «Біз әлі күнге дейін министрлікпен бірегей оқулық базасын құру туралы және міндетті ретінде балама оқулықтардан бас тарту мәселесінде ортақ түсінікке келе алғанымыз жоқ. Әрине, балама оқулықтарға ешкім қарсылық білдіріп отырған жоқ, мектептер оны сатып ала берсін, кітапханаларын толықтырсын. Мәселе, онда емес. Егер мұғалім қажет деп санаса, онда оның өзі кітапханаға барып, сол оқулықты алар еді. Сосын егер оқушы мектеп оқулығынан алатын білімге қанағаттанбаса, онда кітапханаға барып, сол жерден ол да білімін толықтыра алады. Қазір бізде мектеп оқушыларында ақпараттар алуға, оларды өңдеуге толық мүмкіндіктер баршылық», – деді вице-спикер. Сонымен қатар, Дариға Назарбаева мемлекет қаражатына шығарылған оқулықтар үшін министрлік те, оған қол қойған министр де тікелей жауапкер еместігін айтты. Сондықтан да, оқулық мәселесі әзірге оң шешілетін емес. Вице-спикер ханым айтылмай жүрген ақиқатты осылайша жайып салды.

Жыл сайын жаңа оқулықтарды ұсынып, одан әрі сынға ұшырайтын Білім және ғылым министрлігінің келесі жаңа оқу жылында нендей жаңалық енгізетіні әзірге беймәлім. Ал оқулық мәселесінің жаңа оқу жылында шешімін табатынына үміттен күдік басым. Қыркүйек айы жақындағанда ата-аналар тағы да қара базарды жағалап, оқулық сатып алу үшін сабылмаса игі еді...