Ақтөбелік кәсіпкер 32 млн теңгеге Есет батырға ескерткіш орнатты

Ақтөбелік кәсіпкер 32 млн теңгеге Есет батырға ескерткіш орнатты

Ақтөбелік кәсіпкер 32 млн теңгеге Есет батырға ескерткіш орнатты
ашық дереккөзі
Ақтөбеден оңтүстікке қарай 30 шақырым қашықтықта орналасқан Бестамақ ауылында қазақ халқының даңқты перзенті Есет батыр Көкіұлының 350 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өтті. Салтанатты шараға өңір басшысы Бердібек Сапарбаев қатысты. Бұл туралы Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Мерекенің дәл осы жерде өткізілуінің үлкен мәні бар, себебі — бұл ауылда қазақтың ұлы қолбасшысы мәңгілік байыз тапқан. Мұнда киіз үйлерден құралған үлкен ауыл бой көтеріп, қазақ күресі, аламан бәйге, жорға жарыс секілді ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылып, ақындар айтысы өткізілді. Салтанатты шараның басты оқиғасы — Есет батырдың ат үстіндегі мүсіні ескерткішінің ашылуы болды. Шыны-пластиктен жасалған ескерткіштің биіктігі — 11,5 метр, салмағы — 1,5 тонна. Жергілікті кәсіпкер Нұрлан Сағналин ескерткішті орналастыру және аумақты көріктендіру үшін «Tуған жерге тағзым» акциясы аясында 32 миллион теңге бөлді. «Қазақ халқында «Өткенсіз бүгін жоқ» деген мақал бар. Сондықтан біз Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының бағдарламасына сәйкес тарихымызды, рухани құндылықтарымызды жаңғыртудамыз. Басты мақсат —жас ұрпақты халыққа деген сүйіспеншілікке, өз елінің патриоты болуға, туған жерін құрметтеуге және қорғауға үйрету. Бұл ескерткіштің ашылуы — жастарға үлкен үлгі, өнеге», — деді облыс әкімі. Сондай ақ, салтанатты шара барысында ауылдық дәрігерлік амбулоторияның ашылу рәсімі өтті. Медициналық мекеме мемлекеттік-жеке меншік серіктестік шеңберінде жүзеге асырылған тағы бір әлеуметтік маңызды жоба саналады. Дәрігерлік амбулатория қажетті медициналық құралдармен толық жабдықталған, стоматологиялық және физиотерапия кабинеттері бар. 73 миллион теңгеге салынған мекеме тәулігіне 80 адамды қабылдай алады. Есет батыр Көкіұлы – қазақтың қол бастаған белгілі батыры, тархан – жоғары әскери-рулық ақсүйек өкілі. Ол жарты ғасырдан астам уақыт бойы жоңғарлар мен Еділ қалмақтарына қарсы күрескен, Әбілқайыр ханның үзеңгілес серігі болған. Есет батыр кесенесіне ақтөбелік тұрғындармен қатар Қазақстанның басқа өңірлерінен келген жұрт та тәу етпей кетпейді.