Жаңа жылдан бастап елімізде ең төменгі күнкөріс деңгейі қанша болады?

Жаңа жылдан бастап елімізде ең төменгі күнкөріс деңгейі қанша болады?

Жаңа жылдан бастап елімізде ең төменгі күнкөріс деңгейі қанша болады?
ашық дереккөзі
Жаңа жылдан бастап Қазақстанда ең төменгі күнкөріс деңгейі 28 мың 284 теңге болады. Бұл туралы ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау  вице-министрі Светлана Жақыпова айтты.  Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, ең төменгі күнкөріс деңгейі бекітілгенде азаматтардың шығындарының үлесі ескеріледі. Әр өңірде бұл көрсеткіш әр түрлі болуы мүмкін.
 Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте вице-министр келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі күнкөріс деңгейін өсіру құрылымы өзгеретінін атап өтті. Қазіргі таңда ең төменгі күнкөріс деңгейіне есептелген кәрзеңкенің 60 пайызын азық-түлік, 40 пайызын азық-түлікке жатпайтын тауарлар құрайды. Енді ол 55-те 45 арақатынасына өзгертілмек.

"Ресми статистиканың мәліметінше, тұтыну құрылымы өзгерген. Азық-түлікке жатпайтын тауарлар мен қызметтер шығындарының үлесі 45 % жетіп отыр. Сондықтан ең төменгі күнкөріс деңгейінің құрылымын өзгертуге шешім қабылдадық", — деді Жақыпова.

Оның айтуынша, қазақстандық кәрзеңке едәуір дұрыс тамақтануды және ағзаға қажетті дәрумендер мен энергетикалық ресурстарды жеткізуді қамтамасыз ететін азық-түліктің 43 түрінен тұрады.
 "Мұны ең төменгі деңгей деп алып отырмыз. Түсініп отырсыздар ма? Егер адамның шамасы келсе, көбірек жұмсауына болады. Ең төменгі деңгейді ең төменгі стандарт деп түсіну керек.  Мемлекетке масылдар көбейіп, таза тұтыну қызығушылығы туындамау үшін базалық төлемдер, мемлекеттік көмек әрқашан осы  ең төменгі деңгейде болуы тиіс", — деп атап өтті Жақыпова.
Министрдің орынбасары әлеуметтік төлемдерді жоғары деңгейде белгілесе де, қоғамды еңбек етуге ынталандыра білген Германияны мысалға келтіріп өтті. "Ол стандартқа күш қолдану әдісімен емес, халықтың санасын өзгерту арқылы баруымыз керек секілді. Сонда ғана шынымен де масылдар кетіп, шын мұқтаждар қалады да, төлемдер соған сәйкес болады. Сонымен қатар ол үшін елдің мүмкіндігі болуы тиіс екенін де ұмытпауымыз керек. Өйткені барлық әлеуметтік төлемді көтергенде ел бюджетіне салмақ түседі ", — деп атап өтті Светлана Жақыпова.

"Төлемдерді көбейтсек, бюджетті толықтыру үшін ертең-ақ салықты көтеру керек болады. Біз бұл кезеңнен өткенбіз. Сондықтан барлығына кезең-кезеңімен баруымыз керек, алайда азаматтар да санасын өзгертуі тиіс", — деп түйіндеді вице-министр.