Вашингтонда тұратын қазақтың 101 жастағы кейуанасы елге оралғысы келеді
Вашингтонда тұратын қазақтың 101 жастағы кейуанасы елге оралғысы келеді
АҚШ астанасында тұратын 101 жастағы әжей кіндік қаны тамған Қазақстанға оралғысы келеді. Бұл туралы 24.kz хабарлады.
Әсия Сардарбектің АҚШ-қа қоныс аударғанына 40 жылдың жүзі болған. Жамбыл облысының Шу ауданының тумасы тағдыр айдап, Ауғанстан, Түркия, Германия, АҚШ елдерінде тұрған. Елден шалғай жүрсе де, ана тілін, салт-дәстүрін ұмытпаған. Соңғы айларда Әсия әжей төсек тартып қалды. 101 жастағы кейуанаға үй ішінде жүріп-тұрудың өзі қиынға соғып барады. Туған елге деген сағыныш та, өзегін өртейді.
«Қазақстаннан журналистер келеді» деген хабарды естіген ол таңғы 6-дан тұрып, жерлестерімен кездесуге дайындалыпты. Қыздары 80 жастағы Рона мен 70 жастағы Әмина аналарының ерекше қуанғанын айтады.
– Жандарым менің, келдіңдер ме менің отанымнан? Мен сондай ауырып, сағынып жүр едім. Алыстан келдіңдер ғой. Мен Қазақстанды сағынып жүрмін, жиі жылап аламын. Жамбыл облысындағы Шу ауылына әскерилер келгенде менің жасым 10-да еді. Тұрғындардың кейбірін бірден атып тастады. Ал басқалардың дүниелері мен малдарын тартып алды. Бізде қанша түйе, ірі қара, қойлар бар, соның барлығын жазып алды. Сосын біздің қолымызға мөр қойды. Ол атып тастау дегенді білдіреді екен. Оны білген соң отбасымызбен бірге қашып кеттік. Мені Хадиша апайым арқасына салып алды. Осылайша ұзақ жолды бастадық, - дейді Әсия әжей.
Содан соң Сардарбек отбасы кішкентай балаларымен бірге таудан асып, Әмудария өзеніне өткен. Талай тосқауылды еңсерген олар бағыттарынан жаңылыспай, Ауғанстанға жетіпті. Онда оларды жылы қабылдапты. Жылдар өткен соң бойжеткен Әсияға Ауғанстан басқарушысының ұлы ғашық болып қалады. Жастайынан тұрмысқа шығып, беделді отбасына келін болып түседі.
– Олар өте жақсы адамдар болды. Маған мүлдем үй жинау, кір жуу, тамақ дайындау сынды тірліктерді істетпейтін. Өзімнің жеке қызметшім болды. «Келінім туған тілін ұмытпасын» деген оймен қайын атам қызметшілерді қазақ ұлтынан алдыртты, - деп еске алды әжей.
Кейін Әсия Сардарбектің күйеуі Ауғанстанның қорғаныс министрі атанады. Ал 1979 жылы елге Кеңес әскерилері келіп, олар басқа елге қашуға мәжбүр болады. Бұл жолы Әсия әжей Түркияға, Германияға, содан соң АҚШ-қа қоныс аударады. Соңғы 40 жылын осы Вашингтон қаласында өткізген. Кейуананың қыздары биыл Қазақстанға келіп кетіпті. Бұған Әсия әжей дән риза. 90 жыл бойы туған жерінен жырақта жүрсе де, қазақ тілін ұмытпай, салт-дәстүрін берік сақтап келеді. Ақ жаулықты ананың ендігі арманы – Қазақстанға, тарихи Отанына оралу.