Елімізде емхана рейтингін науқастар анықтайтын болады
Елімізде емхана рейтингін науқастар анықтайтын болады
Медициналық сақтандыру қоры пациенттер үшін медициналық қызметті бағалайтын мобильді қосымша әзірленді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің медиа орталығы.
Смартфондар мен гаджеттер қолданушыларына арналған «МСҚ: Халықтық бақылау» қосымшасы 6 қарашада іске қосылды. Қосымшаның көмегімен қазақстандықтар емханалар мен стационарлар қызметін қабылдауға кеткен уақыт, сервис деңгейі, дәрігер берген ем-домның дұрыстығы мен түсініктілігі, қызмет көрсетуге жасалған жағдайлар сынды әртүрлі өлшемдер бойынша бағалай алады. Астана қаласы бойынша «ӘМСҚ» коммерциялық емес акционерлік қоғамы филиалының директоры Нұрлыбек Қабдықапаровтың айтуынша, Астана қаласындағы емдеу ұйымдарының пациенттері қосымша арқылы енгізген пікірлердің неігізінде емханалардың рейтингі жасалмақ.
«ӘМСҚ потенциалды қызмет көрсетушілер дерекқорына енген Астана қаласындағы емдеу ұйымдарының пациенттері өз пікірлерін қосымша арқылы білдіре алады. Бұл пікірлердің негізінде емханалардың рейтингі жасалатын болады. Медициналық ұйымдардың рейтингі пайдаланушылар қойған баға негізінде автоматты түрде жасалады. Болашақта бұл рейтинг азаматтарға ең үздік қызмет көрсететін емдеу мекемесін тандауға мүмкіндік береді», - дейді «ӘМСҚ» КЕАҚ-ның Астана қаласы бойынша филиалының директоры.
Қордың IT стратегия және тәуекелдерді басқару жөніндегі басқарушы директоры Абай Дүйсеневтың атап өтуінше, алдағы уақытта жаңа функциялармен және сервис түрлерімен толықтырылады деп жоспарлануда.
«Қосымшаның көмегімен жедел түрде кері байланыс орнатылып, азаматтардың қызмет көрсететін емхананы таңдау процесі жеңілдей түседі.Ой-пікірлер мен рейтингтің негізінде қала тұрғындары медициналық мекеме туралы толыққанды ақпарат алып, дұрыс таңдау жасай алады.Болашақта біз қосымшаны жаңа функциялармен және сервис түрлерімен толықтыратын боламыз», - деді Абай Дүйсенев.
Ауруханалар мен емханалардың қызметін бағалаудың ешқандай қиындығы жоқ. Қосымшаны пайдалану үшін, ең алдымен, жүйеде тіркелу қажет. Ол үшін пайдаланушы өзінің ЖСН, телефон нөмірі мен аймағын көрсетуі тиіс. Бұдан кейін пайдаланушы медициналық ұйымдардың тізімінен қажетті мекемені таңдап, бес балдық бағалау шкаласы бойынша бағасын қалдыра алады. Қосымша Android платформасына негізделген смартфондарға Playmarket арқылы, ал, iOS платформасы үшін AppStore арқылы жүктеледі.