Жәй теректен Бәйтерекке дейін (Эссе)
Жәй теректен Бәйтерекке дейін (Эссе)
Әке-шешем ақ таяқ ұстап, ақтылы қой қайырған қарапайым шопан болатын. Сырдың жағасында, қамыс пен сексеуілдің арасында өскен біз секілді жалаң аяқ, жалаң бас балаларға бәрі таңсық. Балтакөл, Көлқұдық, Шеңгелді, Ешкіқора, Майлытоғай, Күйікасар, Тозғанқұм секілді жайлау мен қыстауды қалдырып, әке-шешем Шәуілдірге көшті. Колхоздың мыңға жуық бір отар қойын тапсырып, Отырардың күншығыс жағындағы Шөлтөбенің іргесіне таяу киіз үй тікті. Аумағы ат шаптырымдай жердің төрт бұрышына ағаш қазық қағып белгілеп алды да, бір шетінен қоржын там соғуға кірісті. Бұл 1961 жылдың ерте көктемі еді.
Біз өскен жақтағы елді мекендердің аты айтуға жеңіл, ұғымға оңай, тілге орамды көрінетін. Ал бұл жақтағы ауылдардың аты бұрын-соңды адам естіп көрмеген қызық: Молотов, Ворошилов, Каганович, Жданов, Сталинабад... Не екенін түсінбейміз. Қоныстанған ауылымыздың аты – Автобаза. Көне қоныс – көшкен жағымызда жантақ, шеңгел, жусан, кеурек, жуа, жауқазын, қурай, тораңғыл, жыңғыл, жиде, сексеуіл, түйеқарын, сүйрік, борық, киікоты секілді ағаш пен шөп өссе, Шәуілдірдің табиғаты бөлектеу екен. Есекмия, алабұта, кәріқыз, дермене деген шөптерінің қалыңдығынан шөккен түйе көрінбейді. Тұт ағашы ну орман сияқты. Көк тіреген теректері cұңғақ. Сұлу.
Көкем көк есекке мінгізіп, қолыма өткір балта мен қайраулы қара пышақ ұстатты да:
– Сталинабадтағы нағашыларыңа барып қайт, – деді. – Сонда Досмайыл, Қозыке, Айтахан деген нағашыларың тұрады. Сәлем бер.
«Сосын не істеймін?» дегендей әкеме аңтарылып қарадым.
– Мына атшаптырым шарбақты айналдыра екі қатар терек егеміз. Нағашыларыңның теректерінен кесіп, қаламша алып кел.
– Қаламша? Ол не, көке?
– Теректің бұтағын қаламша дейді. Барып сұра. Өздері кесіп береді. Досмайыл атаңның шарбағында теректер кемдеу. Қозыкеде көп. Әсіресе, Айтаханның ағаштары оқтай түзу. Бірінші сол нағашыңа бар. Оның үйі Әгірлестің бержағында.
– Әгірлес қайда?
– Сталинабадтың аржағында.
«Әгірлес» деген де ат болады екен-ау!» деп ойладым. Әгірлес! Мағынасы не? Оның мәнін кейін ұқтым. Ол орыстың «Агролес» деген сөзі екен. Біздің қазақтар тіліне икемдеп, Әгірлес дей салған. Сол Әгірлесіңіз сыңсыған орман сияқты ұшы-қиыры жоқ бау-бақша екен. Алманың неше түрі, уылжыған сары өрік, қара өрік, алма, шие, алмұрт ауыздың суын ағызады. Кім еккен? Кімдікі? Колхоздың бағы. Айтахан секілді ауылдың бармағы майлы бағбандары егіпті.
Соғыстан соң Сталин: «Біз жеңіске жеттік. Самолетпен ұшып бара жатқанда Совет Одағының жері жасыл желектен көрінбеуі керек! Жайқалып тұру керек!» – депті. Сталиннің айтқаны – заң. Бүкіл еңбекші халық кетпенін сүйретіп, тапсырманы тастай қып орындаған. Айтахан атам соғыстан соң туған ұлының атын Қуаныш деп қойыпты. Қуаныш! Жеңістен соң дүниеге ұл келді. Қуаныш емей немене?! Қазақ ырымшыл халық қой. Бір жағы елдің де қуанышы болсын деп тілеген шығар.
Көк есекті тепеңдетіп, әлгі түсініксіз Әгірлесті бетке алып бара жаттым. Қазір есептесем нағашымның баласы сол кезде он бес жаста екен. Танысудың сәті түспеді. Неге? Оман жағалап, ауылдан шыға бергенімде алдымнан өзім қатарлы екі-үш қара сирақ бала кездесті. Суға шомылып жүр екен.
– Қайда барасың? – деді олар.
– Әкем жұмсады. Сталинабадтағы нағашыларыма барып, теректен қаламша алып келуім керек.
– Соған бола Сталинабадқа барасың ба? Одан да бізбен бірге суға түс. Біздің үйде терек көп. Қанша қаламша керек? Қайтарыңда қалағаныңша кесіп ал. Көмектесеміз! – деп қолқалады бейтаныс балалар.
Мен де баламын. Он бір жастамын. Ойынға қызығып, айтқандарына көндім. Құмарым қанғасын әлгі баланың бауына кірдім де, тарбиған теректерінен екі бума қаламшаны қырқып алып, есекке теңдеп, үйге келдім. Әкем «Кімнің терегінен алдың?» деп сұраған жоқ. Шарбақты айналдыра шаншып шықтым. Арада алты жыл өтті. Мектепті бітіретін кезде жас терекке көзі жасаурап қараған әкем басын шайқап налыды.
– Шырағым, мына бақатерек не Айтаханның, не Қозыкенің (Қозыке –әйгілі журналист, шоқантанушы, «Ана тілі» газетінің тұңғыш бас редакторы Жарылқап Бейсенбайдың әкесі) теректеріне ұқсамайды! – деді қабағын шытып. Жүрегім су ете қалды. Біліп қойды.
– Шыныңды айтшы, тарбиған-тарбиған мына пәлелерді қайдан кесіп әкеп ең? Кімдікі?
Күмілжідім. Үн жоқ. Әкем сөйлеп жатыр. Тоқтар емес.
– Айтаханның теректері аспанның сәнін келтіретін теректер. Қозыкенікі де солай. Шарбақтың шырқын бұздың. Жетімқырдың етегіндегі елдің теректері быртық-быртық бірдеңе еді. Сен, сірә, нағашыларыңа бармай жақын жердегі Жетімқырдың іргесіндегі ауылдан ала салғансың-ау? Өй, нәлеті!
Теріс бұрылып кетті. Басымды бұрып, бақатерекке қарадым. Шынында да сиқы жоқ екен. Аласа. Қортық-быртық. Діңгегінің бар-жоғы белгісіз. Тарам-тарам тарбиған бұтағы көп. Табиғат та адам сияқты тұқымына байланысты болғаны ма? Бау – шарбағына, адам – орманына қарап өсе ме? Иә, солай. Солай екенін алғаш рет аңғардым.
Сталинабадта «Айтаханның арығы» деген арық бар. Осы күнге шейін су ағады. Бұл не арық? Арыс өзенінің сағасынан жырылған оманның суын ауылға тартатын ағысы қатты арық. Сталинабад пен Әгірлесті мекендеген елдің бәрі Айтаханның арығынан су ішіп өсті. «Сулы жер – нулы жер» дейді ғой. Ауыл-аймақ нуға айналды.
Айтахан атамның баласы Қуаныш та әкесінің терегі секілді бой түзеп түзу өсті. Әуелі Луговойдағы техникумда оқыды. Оның о жақта білім алып жүрген түбіт иек студент екенін білген жоқпыз. Аптасына үш рет шығатын аудандық «Қызылқұм» газетінде нөмір сайын мақалалары бірінен соң бірі жарияланып жататын. «Әй, осы түбі журналист болады-ау!» деп сырттай тон пішетінбіз. Күндердің күнінде республикалық «Лениншіл жас» газетінде (қазіргі «Жас Алаш») шағын әңгімесі жарияланды. Ол кезде әр газеттің әрпін қалдырмай оқитынбыз. Мақала жазса майын тамызатын, әңгімелері әсерге бөлейтін Оралхан Бөкеев, Ақселеу Сейдімбеков, Жомарт Әбдіхалықов, Жанат Елшібеков, Жақау Дәуренбековтің есімдері елге танылып қалған кез. «Әй, осы біздің Қуаныш Айтаханов осылардың қатарына қосылып қалады-ау?!» деп жорамалдап жүргенімізде аты-жөні көрінбей, ұшты-күйлі жоғалып кетті. Қайда? Белгісіз. Білмейміз. Сөйтсек, Мәскеудегі Тимирязев атындағы ауыл шаруашылығы академиясын бітіріп кеп, қазіргі Бәйдібек ауданында ветврач болып жүргенін естідік. «Қап, әттеген-ай, бір талантты журналистен тірідей айырылып қалдық-ау!» деп өзімізше өкіндік.
Жо-жоқ, өкінішіміз бекер екен. «Өткір кездіктің қап түбінде жатпайтынын» іспен дәлелдеп шықты. Оңтүстік Қазақстан облысындағы Созақ, Арыс, Шардара, Қазығұрт, Сайрам, Отырар аудандарында басшылық орындарда болып, өмір сүзгісінен өтті. Ысылды. Мол тәжірибе жинады. Қайда жүрсе де елді экономикалық, әлеуметтік тұрғыдан дамытуға, мәдени-рухани тұрғыдан байытуға барын салды. Қай өңірде басшылық жасамасын, барған жерін бау-бақшаға айналдырып, ырыс пен ынтымақты орайластырып отырды. «Айтаханның арығын» жүргізіп, суландырды. Нуландырды. Әсіресе, сол ауданның тарихын танытып, танымдық кітаптар шығаруды басты назарда ұстауы – көпті көрген кісінің ісі десе де болады. Сол өлкенің атақты ақын-жазушыларын арнайы шақырып, қаншама кездесулер ұйымдастырды. Созақ ауданында жыл сайын жаңғыратын «Теріскей таланттары» атты өнер фестивалі республикалық дәрежеге көтерілгені көпшіліктің есінде. Соның бәрі кім үшін? Ел үшін! Оның еңбегі де бағаланып, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты болды. Қатарынан екі рет сайланды. Мемлекет және қоғам қайраткері болу – айтуға ғана оңай. Атан түйе тарта алмайтын ауыр жүкті арқалап, алға сүйреді.
Парламент отырыстарында заманға лайық заң жобалары талқыланып жатады. Ондай сәттерде Айтаханов озат оқушы сияқты. Орнынан тұрып сөйлейді. Түсіндіреді. Өз пайымы мен көзқарасын іркіп қалған емес. Пікір-сайыс барысында 142 заң жобалары бойынша өз ұсыныстарын айтты. Қанша мәрте заң жобалары мен Парламенттің тыңдауларында, дөңгелек үстелдерде баяндамашы болды. Үкіметке еліміздің экономикалық дамуы, әлеуметтік сала, халықтың әл-ауқаты, балалар мен аналар жәрдемақысы, жұмыссыздық, тіл мен демографиялық жағдайлар туралы, ауыл шаруашылығы мен ауылды дамыту, елді мекендерді газбен қамтамасыз ету, таза ауыз су, жол салу, мектеп, аурухана, балабақша салу және басқа да мәселелер бойынша 190 депутаттық сауал жолдады. Зейнетақы реформасы мен жер реформасы туралы пікірлерін ешкімге жалтақтамай, жалтармай тура айтты. Агроөнеркәсіп кешенін дамыту жөнінде бағдарлама жасауға, суармалы жерді тиімді пайдалану, шаруаларға арзан ұзақ мерзімді несие немесе субсидия беру, жекеменшіктік тұрғын үй салу үшін жер телімін жедел беру туралы ұсыныстар жасады. Өзі тікелей үкімет басшысына дейін кіріп, республикалық бюджеттен қаржы бөлдірген объектілер көдедей көп, қара ағаштай қадау-қадау.
Қазақ елінің керуеніне ілесудің өзі – кез келген адамның маңдайына жазыла бермейтін бақ. Ал Қуаныш Айтаханов керуенге ілесіп келе жатқан қатардағы адамның бірі емес, керуенбасыға айналған азамат. Ауылдағы жәй теректен Астанадағы Бәйтерекке дейінгі сан соқпақты жолдардан сүрінбей өтіп, халқын өмір даңғылына бастаған дарабоздардың бірі.
Көпен ӘМІРБЕК,
Қазақстанның еңбек
сіңірген қайраткері