Жаңалықтар

Қазақ елінің өркениетті таңдауы

ашық дереккөзі

Қазақ елінің өркениетті таңдауы

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2017 жылдың 26 қазанында қазақ тілінің латын графикасына көшу туралы жарлыққа қол қойғаны белгілі. Елбасының маңызды шешімінен кейін латын қарпіне көшу үдерісі қызу талқылануда. Осындай талқылаулардың бірі әл-Фараби ғылыми кітапханасында өтті. «Қазақ тілін латын графикасына көшіру реформасы – рухани жаңғыру бастауы» атты дөңгелек үстелде латын әліпбиіне көшу маңыздылығы мен жаңа жүйедегі ережелер сөз болды. Қазақ тілінің жаңа әліпбиге ауысуына байланысты өзекті мәселелерді саралаған дөңгелек үстелге Алматы қалалық әкімдігі Ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Садықов, «Қазақпарат» халықаралық агенттігінің бас директоры Асқар Омаров, сондай-ақ, ҚазҰУ филология және әлем тілдері факультетінің оқытушы-профессорлары мен студенттері қатысты. Латын қарпіне көшу – Қазақ елінің тәуелсіз әрі өркениетті таңдауы. Латын әліпбиіне көшу туралы мәселе тәуелсіздік алған жылдардан бері көтеріліп келеді. 2006 жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халықтары Ассамблеясының ХІІ сессиясында: «Қазақ әліпбиін латынға көшіру жөніндегі мәселеге қайта оралу керек. Бір кездері біз оны кейінге қалдырған едік. Әйтсе де латын қарпі коммуникациялық кеңістікте басымдыққа ие және көптеген елдер, соның ішінде посткеңестік елдердің латын қарпіне көшуі кездейсоқтық емес. Мамандар жарты жылдың ішінде мәселені зерттеп, нақты ұсыныстармен шығуы тиіс. Әлбетте, біз бұл жерде асығыстыққа бой алдырмай, оның артықшылықтары мен кемшіліктерін зерделеп алуымыз керек», – деген болатын. Ал «Қазақстан-2050» стратегиясында латын тіліне 2025 жылы толық көшетініміз туралы айтылды. Кешегі өткен жиында да латын қарпіне көшу туралы шешімнің маңыздылығы әңгіме болды. Бұл ретте дөңгелек үстелге қатысқан «Қазақпарат» агенттігінің бас директоры Асқар Омаров: «Президенттің бұл қадамы – саяси ғана емес, тарихи шешім. Еліміздің тарихындағы ең маңызды шешім – ол тәуелсіздігімізді жариялау болса, екіншісі осы «Рухани жаңғыру» және латын әліпбиіне көшуіміз. Бұл ретте кертартпалыққа салыну үлкен  қателік болып есептеледі, артқа шегінетін жеріміз қалмады, енді күтудің,  кейінге қалдырудың реті жоқ. Алдымызда 7 жыл уақытымыз бар, оның екі  жылы бейімделуге, яғни үйренуімізге кетеді», – деді. Өз сөзінде Асқар Омаров латын қарпінде жазу алғашында қиындық туғызатындығын, соған қарамастан, отандастарымыз жаңа әліпбиді тез меңгеріп алатындығын атап өтті. Осы ретте, «Қазақпарат» директоры порталда күніне бір мақаланы латын әліпбиінде жариялап отыруға уәде етті. Латын жазуына негізделген қазақ әліпбиінің қабылдануы еліміздің рухани өміріндегі саяси мәні зор оқиғаға айналып отыр. Айта кетейік, Қазақстан латын қарпін қолданатын бесінші мемлекет болмақ. Латынға көшу Қазақстанның Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан және Түркіменстан секілді Орталық Азия және Каспий теңізі аймағындағы мемлекеттермен одан әрі жақындасуына, қарым-қатынастарының күшеюіне мүмкіндік береді. Елімізде латын қарпін тәжірибеге енгізу жұмыстары қолға алына бастады. Сондай-ақ, бұл жұмыстың үлкен жауапкершілікті талап ететіні де түсінікті. Ең бастысы, қарапайым халыққа ұғынықты болу үшін түсіндіру жұмыстарын, ақпараттандыру шараларын тоқтатпау қажет. Ал әліпби қабылданғаннан кейін түйткілдердің бәрі шешімін табады деп те айта алмаспыз. Себебі жаңа әліпбиге негізделген компьютер бағдарламалары жасалып, балабақша, мектептен бастап ересектерді жаңа графикаға үйрету мәселесі, қаржылық шығындар сынды әлеуметтік мәселелер пайда болады. Бірақ мұның бәрі – өз уақытында шешімін табатын іс. Жиында сөз алған қатысушылардың бірі филолог Анар Салқынбай да жаңа әліпбиге көшу бағытындағы атқарылар шаруаның көп екендігіне тоқталды. «Латын әліпбиіне көшу кезеңінде бұқарамен қызмет, халыққа түсіндіру жұмыстары жүргізілуі маңызды. Екіншіден, ғылыми жұмыстар  дұрыс атқарылуы тиіс», –  деді Анар Салқынбай. Жаңа әліпбиге ауысу мәселесіне келгенде тіл заңдылықтары назардан тыс қалмауы қажет. Яғни, латын графикасына негізделген қазақ әліпбиін жасау ісінде қазақ тілінің дыбыс жүйесіндегі төл дыбыстар мен өзге тілден енген кірме дыбыстарды жеке-жеке қарастырып, әрқайсысының өзіндік ерекшеліктерін, жазу барысында туындайтын әртүрлі заңдылықтарына баса назар аударылуы тиіс. Әліпбидегі емле-ережелерге кеңінен тоқталып, тілдік құрылымын талдаған Қазақ тіл білімі кафедрасының меңгерушісі Съезд Ақынбек латын әліпбиінің әлі де жетіліп, бір ретке келетіндігіне сенім білдірді. Сөйлеген сөзінде филолог жаңа әліпбиге көшу ұлтты жаңғыртуда жүйелі бастама болғандығын жеткізді.  «Латын қарпіне ауысу туралы шешімді қазақ тілінің болашақ өресін ілгерілетіп, еңсесін көтеруге бірден-бір жасалған маңызды қадам ретінде, әсіресе, тәуелсіздік алғаннан бері елеулі бір оқиға ретінде қабылдауға тиіспіз. Ендігі кезекте латын графикасы арқылы тіліміздің жаңа бір белеске, әлемдік ғылым мен білімнің электрондық қорына ықпалдасуына, соның ішінде, латын графикасымен жасалған ғылым мен білімнің қорына қол жеткізуге мүмкіндік беретін бірден-бір сара жол ретінде қабылдауымыз керек. Осы тұрғыдан алғанда, егемендік алғаннан бері етек-жеңімізді жиып, оңы мен солымызды танып, латын графикасына көшкен елдердің түрлі тәжірибелерін ескеріп, осындай қадамның жасалуы Елбасымыздың көреген, сарабдал саясатының нәтижесі деп айтуымызға болады. Қай елдің әліпбиін алып қарамасақ та, сол әліпбиде белгілі бір дәрежеде кем-кетіктер болады. Себебі әр адамның өзіндік көзқарасы, ұстанымы болады. Әрине, апостроф белгісімен қабылданған әліпбиге көңілдері толмай жатқан азаматтар да бар. Түркітілдес халықтардың үлгісін неге алмаймыз деген ұстанымдар да байқалады. Шынын айту керек, бұл қаулы қабылданғаннан кейін, ол бірнеше уақыт бойы тәжірибеден өтеді. Қай ел латын графикасына өтпесін, онда осы әліпбидің нұсқасына байланысты бірнеше рет өзгерістер мен толықтырулар болған. Бұл нұсқа бастамасы. Оны ары қарай жетілдіру – өзіміздің болашақтағы міндеттеріміз», – дейді  филология ғылымдарының кандидаты Съезд Ақынбек. Қазақ әліпбиінің тамыры тым тереңде жатқаны барша жұртқа тарихтан белгілі. VI-VII ғасырларда «Орхон-Енисей» ескерткішіндегі руникалық жазулар ұлтымыздың рухани-мәдени танымын танытатын құрал болды. Ортақ таңбаның арқасында түркі халқы өзара тығыз байланыста болып, бір-бірін түсінген. Бұған қазақ даласынан табылған археологиялық ескерткіштердегі таңбалар дәлел. Одан кейін Ислам дінінің келуімен араб қарпіне негізделген әліпби тарала бастады. Елде Х-ХХ ғасыр аралығында, шамамен 900 жылдай араб әліпбиі қолданылды. Ахмет Байтұрсынұлы араб графикасына негіздеп реттеген әліпби –  «төте жазу» 30-жылдарға дейін пайдаланылды. Одан әрі 1929 жылы КСРО Орталық Атқару  Комитеті мен КСРО Халық Комиссарлары Кеңесінің Президиумы латындандырылған жаңа әліпби – «Біртұтас түркі алфавитін» енгізу туралы қаулы қабылдап, латын әліпбиінің негізінде жасалған жазу үлгісі 1929-40 жылдарда қолданысқа енді. Ал 1940 жылы «Қазақ жазуын латындандырылған әліпбиден орыс графикасы негізіндегі жаңа әліпбиге көшіру туралы» Заң қабылданып, кириллицаға ауыстырылды. Деректер бойынша, бүгінгі күні латын әліпбиін әлем халықтарының 80 пайызы қолданады. Сондықтан латын қарпін білген қазақстандықтар жер шарының қай түкпірінде жүрсе де өзіне қажетті ақпарат алып, хабар алмасуға мүмкіндік алады. Сонымен қатар, латын графикасы халықаралық сипат алып, өзге елдерге қазақтың бай және көркем тілін танытатыны сөзсіз. Елбасы межелеген бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына қосылуды мақсат етсек, латын әліпбиіне көшіп қана қоймай, жаңа әліпбиді уақыт оздырмай, тез арада жетік меңгеріп алғанымыз абзал. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев  латын қарпіне көшу күрделі үдеріс екенін, сондай-ақ, оның мақсаты тілімізді дамыту және оны әлемдік ақпараттық кеңістікке шығару үшін жағдай жасау екендігін атап айтқан болатын. Сол себепті де, латын әліпбиіне көшу Қазақстан халқы үшін, болашақ ұрпақ үшін құндылығы мен маңыздылығы жоғары бастама. Латын әліпбиіне көшу ұлтымыздың санасын бұғаудан босатып, түркі және жаһандық әлеммен ықпалдасуға, қазақ халқы ертеден қолданған әліпбиімізге қайта оралып, ұлттық санамыздың қайта жаңғыруына жол ашпақ. Қазақстан халқының бұл маңызды қадамы еліміздің алға жылжуына, жаңа заман талабына сай өсіп-өркендеуіне, жан-жақты дамуына үлкен үлес қосып, жемісі мен жеңісін әкелері сөзсіз. Жалпы, мамандар әлемдік елдермен бәсекеге түсуде елімізге қажетті қарудың бірі – латын әліпбиіне негізделген қазақ жазуы екендігін айтады.