Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіруге қатысты ҮНДЕУ
Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіруге қатысты ҮНДЕУ
Латын графикасы негізіндегі қазақтың ұлттық әліпбиін түзу, қалыптастыру және қолданысқа енгізу – өскелең өмір мен өзгермелі уақыттың талабы.
Ел Тәуелсіздігін жариялаған сәттен бастап ауық-ауық көтеріліп келе жатқан бұл мәселе, міне, бүгінде жан-жақты талқылану арқылы қалың жұртшылықтың қолдауына ие болып, ең жоғары ресми деңгейде тарихи шешім қабылданды.
Бұл тарихи әрі прагматикалық шешімді – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың 2017 жылғы 26 қазандағы № 569 Жарлығын қазақ тілінің барша жанашырлары – Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының мүшелері толық қолдайды.
Латын графикалы жаңа қазақ ұлттық әліпбиі – елдің санасын жаңғыртатын, әлемдік кеңістіктегі ауқымды ақыл-ой қазынасына жол ашатын, ойлау жүйеміз бен төлтума рухани қасиеттерімізді айшықтайтын, қазақ тіліне реформа жасауға мүмкіндік беретін, тілдік төл заңдылықтарымыз бен емле-ережелерімізді толыққанды қамтамасыз ететін, рухани-ақпараттық кеңістігіміздің тұтастығын сақтайтын, ұлттық бірегейлену мен бірлігімізді нығайтатын символдық та, әлеуметтік те, экономикалық та маңызы зор ұлттық жоба деп білеміз.
Сондықтан тілдік реформаға жол ашып отырған жаңа ұлттық әліпбиге көшу үрдісі елдігімізді тұғырлы, мемлекеттілігімізді ғұмырлы ететін тарихи маңызды қадам деп санаймыз және барша жұртшылықты осы Үндеуді қолдауға шақырамыз.
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы
Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясы
Қазақстан Жазушылар одағы
Қазақстан Республикасы Ұлттық кітап палатасы
А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты
М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты
Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты
Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институты
Философия, саясаттану және дінтану институты