Жаңалықтар

Рамазан Стамғазиев: Қазақ өз әнін әлі іздеп жүр

ашық дереккөзі

Рамазан Стамғазиев: Қазақ өз әнін әлі іздеп жүр

Оның киелі өнердің қамытын қаймықпай киіп, саңлақтардың аманатын абыроймен арқалап жүргеніне 30 жыл. Қолынан домбырасы, аузынан әні түспегеніне 30 жыл. Ол кешегі таңды-таңға ұрып жырлайтын жыршылардың, әні мен сәні үйлесім тапқан сал-серілердің, қазақтың ұлттық өнерін биікке көтерген дүлдүлдердің ізін жалғап, марғасқалардың артында қалған мол мұраны ел құлағына сіңіріп, ұрпаққа ұлағат етуді әншілік парызым, ұстаздық борышым деп біледі. Аманатқа адалдығы, ұлттық өнерді өркендетсем деген жанкештілігі үшін халықтың оған деген құрметі бөлек, ықыласы ерек. Өмірдегі елу, өнердегі отызын Республика сарайының сахнасында тыңдармандарымен бірге атап өткен қазақтың біртуар әншісі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Рамазан Стамғазиевпен концерттен кейін тілдесіп, көкейдегі көп сауалды қоюдың сәті түсті. – Алматының төрінде, Республика сарайында ән кешіңіз дүркіреп өтті. Халық әніңізді де, өзіңізді де сағыныпты. Мауқын басты, арқаланып қайтты. Көптің көңілінен шыққан концерт өз ойыңыздағыдай өтті ме? – Концертте алдын ала жоспарланған біраз дүние орындалмай қалды. Техникалық ақауларға байланысты сахнада қойылуы тиіс кейбір көріністерді көрсете алмадық. Кей әндер айтылғанда ауыр түтін жіберіп, сахнада бұлт айналып жатқандай әсер қалдыруды көздегенбіз. Ұлту Қабаева «Өмір, өмір» әнін шырқағанда алдынан вентилятор жел үріп, арнайы тіктірілген костюмі қанат секілді жайылып, ұшқан құсты елестетуі тиіс еді. Лэд-экраннан аспанның, айдың көрінісі беріліп, құс секілді қалықтаған әнші құдды жер мен көктің ортасын жалғап тұрғандай әсерлі көріністі көрсеткіміз келген. Құрылғылар істен шықты да, көп ойымыз жүзеге аспай қалды. Осы көрініс үшін пәленбай мың теңгеге тіктірілген костюм жарамсыз боп, салбырап тұрды да қойды. Мұндай детальдар концерттің тұтас концепциясын бұза қойған жоқ, әрине. Десе де ұсақ-түйектің бәрі ойластырылып, әннің өзінен бөлек, оның әсерін арттыратын дүниелерге де айрықша мән берілгендіктен, бәрі ойдағыдай болғанын қалайсың ғой. Мерейтойлық концерт болғандықтан, 20 жасында Алматыға арман қуып келген бозбала Рамазанның өнердегі өсу жолын көрсетіп, 30 жылда еткен еңбегін, қоржынына жинаған әндерін алып шыққымыз келді. Залда ұстаздарым, жора-жолдастарым, курстастарым, әндерімнің авторлары отырды. Мені олармен байланыстыратын жарқын естеліктерді сахнадағы экран арқылы көпшілікке көрсетіп, әдемі шақтар туралы емен-жарқын әңгімелесіп, тыңдарманмен арамызды жақындата түсуге тырыстық. Жасымыз 50-ге келіпті. Жас та емеспіз, кәрі де емеспіз. Жыл мезгілдерімен өлшеп қарағанда жадыраған жазға да, аязы қақаған қысқа да ұқсамайтын кезең. Салқыны тоңдырмайтын қоңыр күзге көбірек ұқсайды. Сондықтан Тұрсынжан Шапай ағамызға «Күзгі әуен» деген ән жаздырып, Ұлту екеуміз салмақты, салиқалы әнді көпшілікке тарту еттік. Кешімізді де осы әннің атымен атауды құп көрдік. – Жаңа ән жазылып, репертуарыңызға енген сәтте оны тыңдарман қалай қабылдайтынын, қанша ғұмыры болатынын шамалай аласыз ба? – Ән жазу – қыруар еңбек. Композитормен, ақынмен ақылдасасың, кем-кетігін түзейсің, даусыңа келіңкіремейтін тұстарын өзгертесің. Одан кейін ән өңдеушімен жұмыс істейсің. Оған әннің бағыты қандай болу керегін, тыңдарманға не жеткізгің келетінін түсіндіресің. Ал дайын болған әннің тағдыры – әншінің қолында. Оны үлкен концерттерге алып шығуға, бейнебаян түсіріп, телеарналардан таратуға, альбомдарға қосуға болады. Әнді тыңдарманға қандай жолмен жеткізем десе де орындаушының өз еркі. Бақытыма орай, маған ән жазған авторлар өнерге жүрдім-бардым қарайтын жандар емес, ойындағы оралымдарды дөп басатын дүние тумайынша жаны тыныш таппайтын жанкештілер. Мәселен, ақын біткенді аузына қаратқан Несіпбек Айтұлы «Дариға-дәуреннің» сөзін жазарда қатты қиналған. Бірнеше рет өзгертеді – көңілінен шықпайды. Қағазын умаждап, қоқысқа лақтыра салады. Қайта жазады, тағы да солай. Сөйтіп бірнеше күн өткен соң Тұрсынжан Шапай ағамыз келеді мән-жайды білмекке. Әннің сөзі әлі дайын емес. «Шықпады, Тұрсынжан», – дейді Несіпбек аға түсі кірмей. «Көрсетші енді жазғаныңды», – деп Тұрсынжан аға қоқыста жатқан қағаздарды ақтарып, ішінен өзіне керегін тауып алады. Сөйтіп екеуі ақылдасып отырып, әнді аяқтайды да, бірден мені шақырады. – Ақын мен композитор қолыңызға әнді ұстатып, әнмен бірге үлкен жауапкершілік пен сенімдерін қоса аманаттаған сәтте «Дариға-дәуреннің» төлқұжатыңызға айналарын ішіңіз сезді ме? – Ол кезде сезгем жоқ. «Адам бақыттың келгенін емес, кеткенін сезеді» дейді ғой. Сол секілді әнің болашағы қандай боларын білмейсің. Тыңдарманға жеткенде ғана белгілі болады. Халықтың пікірін тыңдап, әніңді қалай қабылдағанын, өзіңе қалай қошемет көрсеткенін көргеннен кейін ғана түсінесің. Менің ән қоржынымда 300, 500 ән болса да, халық соның он шақтысын ғана білуі мүмкін, екеуін, я үшеуін-ақ бағалар. Бір ғана әнмен тарихта қалған кісілер бар. Атақты Шашубай «Ақ қайың» деген әнді шығарған. «Ақ қайың, қызыл қайың, сырлы қайың, Баласы Қошқарбайдың Шашубаймын» деп келетін әнімен есімі тарихта қатталды. Атақты Ғазиз ақын «Атандым Ғазиз ақын бала жастан, Әнші жоқ Қараөткелде менен асқан» деп әндетті. Оның артында қаншама ән қалды, бірақ Ғазиз ақын десе, халықтың есіне ең әуелі сол ән түседі. Яғни, бұл әндер олардың төлқұжаттарына айналды. Әнді жаздырып жатқанда «Дариға-дәурен» менің төлқұжатыма айналуы мүмкін деп ойлаған жоқпын. Кейіннен, арада біраз уақыт өткен соң, жылдар өткен соң, халықтың жүрегіне дәл осы ән арқылы жол тапқанымды түсіндім. – Республика сарайының сахнасына араға 10 жыл салып шықтыңыз. Он әннің айналасында жүрген әншілер жыл сайын айғайлатып концерт беріп жатқанда қоржынына қазақтың ең қазыналы әндерін жинаған әншінің халықты 10 жыл күттіруі өнерге қиянат емес пе? – Әнші үшін сахнаның үлкен-кішісі жоқ. Республика сарайында болмаса да, еліміздің басқа сахналарында жыл сайын концерт беремін. Алдыңғы жылы қазақ өнерінің қара шаңырағы – М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының сахнасында екі күн қатарынан ән кешім өтті. Екі күндік концертте екі түрлі репертуар болды. Зал лық толды. Өткен жылы Астанадағы Конгресс-холл залында «Айттым сәлем сағынып» деген атпен концерт бердім. Онда да кісі қарасы қалың болды. Өзіңіз айтып отырған үлкен сахна – Республика сарайында ән кешімді өткізуге биыл ғана мүмкіндік туды. Ең басты мәселе, әрине, қаржыға келіп тіреледі. Өйткені ол жерді жалға алу құнын кез келген әншінің қалтасы көтере бермейді. Алматы қаласы әкімінің қолдау көрсетуінің арқасында биыл көптен бергі арманым орындалды. Шығармашылығымның 30 жылын еліміздің ең үлкен сахнасында елмен бірге атап өтсем деп ойлап жүргеніме біраз болған. Бауыржан Байбек мырза өзі шақырып, концертімді өткізуге көмектесетінін айтқанда, төбем көкке жеткендей болды. Сөйтіп араға 10 жыл салып арман болған сахнада ән кешімді өткіздім. – Әншілігіңіз, ұстаздығыңыз бір төбе болса, зерттеушілігіңіз бір төбе. 2016 жылы халық композиторларының 300-ге тарта әнін біріктірген хрестоматия құрастырсаңыз, биыл домбыра үйренушілерге арналған кітабыңыз жарық көрді. Бұл еңбектер қолданысын тауып үлгерді ме? – Бұл кітаптар 1000 тиражбен шыққан болатын. Қазір оқу орындарына таратып жатырмыз. Аймақтардан сұраныс түсіп жатқандықтан, гастрольдік сапарларға шыққанда өзіммен бірге апарып жүрмін. Кітаптардың авторлық құқығын сұрап жатқан кісілер бар. Алайда қажырлы еңбектің, тірнектеп дерек жинаудың нәтижесінде жазылған дүниелер болғандықтан, біреуге авторлық құқықты сыйлай салмасым анық. Бұл еңбектердің ішінде жаңалық көп. Мысалы, «Домбырамен ән айту мектебі» деген кітапта бес сыныпқа бөлінген бағдарлама бар. Кез келген адамның ұғуына оңай болсын деп жеңіл тілмен жаздым. Қабылдауы, есте сақтау қабілеті жақсы адам бес сыныптық бағдарламаны еш қиындықсыз меңгеріп кете алады. Тағы бір ерекшелігі, Батыс мектебі, Арқаның мектебі деп жатамыз ғой, солардың ішіндегі ең мықты, ең танымал орындаушылардың – Кенен Әзірбаев, Дәнеш Рақышев, Манарбек Ержанов, Жәнібек Кәрменов, Қайрат Байбосынов секілді әншілердің өздеріне ғана тән ән қайыруларын (проигрыш) нотаға түсіріп, бір бөлімге кіргіздім. Нота үйренушінің табиғатына қай әншінің ән қайыруы жақын, сонымен үйренуіне болады. Әнші боламын деген адамның қолы домбырада еркін жүруі керек. Сол үшін кітаптың төртінші бөлімінде тез үйренетін, ырғағы жеңіл, қағысқа келетін 10-15 күйді арнайы енгіздім. Оны меңгерген адамнан жақсы әнші шығуы мүмкін. Кітапта үйренушінің тәжірибесін шыңдайтын жаттығулар да бар. Саусақтың қимылдары қандай болуы керек, тыныс алған кезде резонаторлармен қалай жұмыс істеу керек, ән айтқан кезде сөздердің анық әрі таза дыбысталуы үшін не істеу қажет – барлық сұрақтың жауабын беруге тырыстым. – Қолына мүлдем домбыра ұстап көрмегендер кітаптағы дүниелерді маманның көмегінсіз игеріп кете ала ма? – Игереді. Бағдарламаны барынша жеңілдеттім. Музыкаға қызығушылығы бар кез келген адамның аспапта ойнауды өз бетімен үйренуіне көмектесетін кітап болса деп ойладым. Егер мазмұнын күрделендіріп, ғылымиландырсақ, бір емес, үш кітап болар еді. – Ұлттық өнер маржандары аймақтық ерекшеліктеріне қарай сала-салаға бөлінетіні белгілі. Қай мектептің зерттелуі кемшін? – Ана мектеп, мына мектеп деп бөліп-жарудың қажеті жоқ. Бізде ашылмай жатқан қазына көп. Бәрі де індете зерттеуді қажет етеді. Әр орындаушы өз бетімен ізденіп, өз бетімен кітап шығарып, өнердің ортақ қазанын толтыруға шама-шарқынша үлес қосуда. Десе де ешкім зерттемеген әндер, іздеушісі табылмаған әншілер әлі де көп. Аумалы-төкпелі шақта, ашаршылық кезінде жоғалып кеткен, сөзі ауысып кеткен, басқа авторға телінген әндер қаншама. Солардың бәрін аршып, тереңіне сүңгитін уақыт басталып кетті. Бұрын тек орындаушылық бағытты ұстансақ, қазір орындаушылық-зерттеушілік бағыттың жандана бастағаны қуантады. Ғылыммен дәйектеп, нүктесін қойып дәлелдемесең, халық әндерінің өзін ру-руға, ел-елге бөлініп алып, көкпарға салып жатқандар жетерлік. Сондықтан нақтылық керек, іздену керек. Өзіңнің көзің анық жеткен соң, дауласқандарға сілтеме көрсет. Антологиядан оқысаң, алдарына ашып бер де, көздерін шұқып тұрып дәлелде. Мысалы, қазақтың мықты әншісі Нұржан Жанпейісов Дәнеш ағамыздың ар жақтан келгенде қоржынында, мұрағатында қалып қойған 60 әнін нотаға түсіріп, кітап басып шығарды. Ал Шолпан Даржанова Жетісу өңірі халық композиторларының мұраларын, оның ішінде Кенен Әзірбаевтың шығармаларын зерттеді. Кенен атамыздың кезінде өз өміріне байланысты жазған әндері, қоғам сұранысына сай тапсырыспен жазған шығармалары, ғашықтың туралы жазғандары, ел-жерге арнап шығарған әндері бар – ел білмейтін 200-ге тарта әнін жинақтап, «Алатау әуендері» деген кітап шығарды. Міне, ғылымның болашағы зор болғандықтан, біз ізденімпаз жастарды бакалавр дәрежесін алып шыққаннан кейін магистратураға алып қалуға тырысамыз. Оны тәмамдаған соң докторантурасы бар. Бұл екеуін де оқып шыққандар ғылымнан алыстап кетпейді. Өнер қазынасынан бір рет ауыз тигеннен кейін кеткісі келмей қалады. – Кешегі ән кешіңізде шәкірттеріңізді сахнаға алып шығып, томағасын сыпырдыңыз. Олардың ертең оқу бітірген соң нәпақасын тойдан немесе басқа кәсіптен іздеп кетпейтініне, өнердің кәдесіне жарайтынына сенесіз бе? – Елімнің, отбасы, ошақ қасымның амандығынан бөлек, Құдайдан да тілейтінім бір-ақ нәрсе – шәкірттерімнің өмірден өз орнын табуы. Менен тәлім алып шыққан жастардың көпшілігі қазір Алматы, Астанада емес, өздерінің туған өлкелеріне барып, қызмет етуде. Мәселен, Қытайдан келген Аман Әубәкір деген шәкіртім оқуын бітірген соң: «Аға, мен елге қайтамын», – деді. «Онда барып не істейсің? Осында қал, өнерді өркендет», – дедім оны жібергім келмей. «Жоқ, аға, ол жақта қалың қазақ жатыр. Мен соларды оқытайын, үйренгенімді үйретейін», – деді. Қытайға бірге бардық. Өзіміз әндерін жаттап өскен халық композиторларынан бөлек, ар жақта жатқан Бүркітбай, Әппақ, Көдек, Таңжарықтың әндерін топтастырып, концерт бердік. Сонда өнерге сусаған халықты көріп, Қытайдағы қандастарымызға мектеп ашып беру керек екеніне көзіміз жетті. Содан бері 10 жылға жуық уақыт өтті. Аман шәкіртім сол жақта ұстаздық етіп жүр. Өзге шәкірттерім де еліміздің түкпір-түкпірінде дәстүрлі өнердің кәдесіне жарап жүр. Ләззат Жанаманова дейтін қызымыз Талдықорғанда өз мектебін ашып, шәкірт тәрбиелеуде. Санат Исаев деген шәкіртім де ұстаздық жолда. Яғни, аманаттаған домбырасы қолында, әні аузында. Бір өкініштісі, олар экраннан көріне алмай жүр. Халық облыстарда қызмет етіп жүрген бірлі-жарым әншілерді ғана біледі. Алайда танылмадық екен деп өнерді тастап кетіп жатқандар жоқ. Тек кейбір қыздар ғана отбасын құрып, ана атанғаннан кейін ошақ отын түтетіп, үйде отырғанды құп көреді. Балаларын жетілдірген соң өнерін қайта жалғастыратындар бар. Мысалы, Гүлсім Арысбаева дейтін шәкіртім арада бірнеше жыл өткен соң, домбырасын алып сахнаға қайта оралды. Гүлсім – Сырдың қызы. «Стамғазиев кілең Жетісу мен Арқаның жастарын жинап алады» дегенді естігем. Олай емес, шәкірттерімді ел-жерге бөлген емеспін. Барлық өңірдің жастарына тәрбиелеп келемін. Қостанайдан келіп оқыған Талғат Молдағалиев деген бала бар. Қалың орыстың ортасында отырғанына намыстанған шәкіртім: «Аға, мен оқу бітірген соң, әй-шайға қарамай, туған жерімнен мектеп ашамын» деген еді. Айтқанында тұрды. Қазір ән байқауларында сол балаларымның балалары алдыма келеді. «Рамазан, сен бақыттысың. Немере шәкірттерің алдыңа келіп тұр», – дейді құрдастарым. Расында да, бақыттымын, шәкірттеріммен баймын. Олардың өнердің қамытын қаймықпай киіп, арқаларында үлкен аманат бар екенін сезінгеніне қуанамын. – Экран туралы сөзіңізді ілгерілете түскім келіп тұр. Расында да, эстрадалық байқауларды, концерттерді таңнан қара кешке дейін үзбей көрсететін телеарналар ұлттық ән кештеріне эфир беруге сараңдау. Бұл менсінбеушілік пен әлде рейтинг қуғандардың күйбеңі ме? – Бұл – мемлекеттік билік деңгейінде шешілуі тиіс мәселе. Шәкірттерімді қолдарынан жетектеп апарып, эфирден көрсетіңдер десем, телеарна басшылары көрсете қояр дейсіз бе? Олардың да бағынып отырған басшылығы, ұстанатын саясаты бар. Көрші елдерге барсаңыз, ұлттық өнерге деген құрметті көріп қызығасың. Самарқандта «Шығыс әуендері» деген фестиваль өтеді. Ұлттық ән байқауына қатысушы әр әншіден сұхбат алып, туған өлкесіне барып түсірілім жасап жанталасып жүрген журналистерді көрсең, қызғанасың. Болмаса Димаш Құдайбергенов қатысқан Қытайдағы байқауды алып қарайықшы. Біздің Димашымыздың өнеріне сүйсінген қытайлар қазақша сөйлеп кетті, Қазақстандағы концертіне арнайы іздеп келді. Егер оны экраннан көрсетпесе, қазақта мұндай әнші барын қытайлар білер ме еді, соңынан құшақ-құшақ гүл алып жүгірер ме еді? Дәстүрлі өнерпаздардың жыл сайын өтетін 6-7 байқауы бар. Олар туралы ел білмейді. Өнер адамдары, оқу орындарының айналасында жүргендер ғана біледі. Ұйымдастырушылар бізге байқаудың ережесін жібереді. Кафедрада талқылаймыз, шәкірттеріміздің бірін дайындап, сайысқа қосамыз. «О-о, біздің баламыз пәлен орын алып келіпті» деп қуанамыз да қоямыз. Оны өзімізден басқа ешкім естімейді. Дәстүрлі өнер байқауларын бастан-аяқ түсіріп, эфирден көрсеткен бірде-бір телеарнаны көргенім жоқ. Сол жеңімпазды іздеп жүріп, сұхбат алған журналисті де көзім шалмапты. – Сіздер телеарналарға барып, дәстүрлі өнерді дәріптейтін бағдарламалардың жобасын ұсынып көрдіңіздер ме? – Концепцияның түр-түрін ұсындық. «Формат» деген бір сұмдықтары бар. «Форматқа келмейді» деп талай жобамызды кері қайтарып берді. Клиптерімізді көрсеткісі келмесе де осындай сылтау айтады. Кейінгі кезде қолды бір-ақ сілтеп, клип түсіруді қойдым. Өз елімізде тұрып, ұлттық экранымызға ұлттық өнеріміздің форматы келмесе, не үшін қара тер боп жанталасып жүрміз? Экранды түзейтін уақыт жетті. Бұл біздің құзырымыздағы нәрсе емес, қадағалайтын органдар, тетігін ұстап отырған мекемелер бар. Солардың назары түспейінше, біздің есік қағып, табалдырық тоздырып жүргеніміз бос әурешілік. Қытайға барып, телеарналарын қосып қалсаңыз, күніне екі-үш сағат атам заманғы адам түсінбейтін операларын көрсетіп жатады. Беттерін баттастырып бояп, ұлттық киімдерін киген әншілер сағаттап әндетеді. Соларға мемлекет тарапынан қыруар ақша бөлінеді. Костюмдерін тігуге, ғимаратты ұстауға жұмсалатын қаржы, әншілерге, оларды сахнаға дайындайтын қаншама маманға төленетін жалақы бар – қып-қызыл шығын. Сонда да Қытай ата дәстүрін ұлықтаудан ақша аяп отырған жоқ. Іргеміздегі Өзбекстанға бара қалсақ та, өзбекше сәлем береді, алдымызға өзбектің ұлттық асын қояды. Көшелерінде өзбектің шапаны мен тақиясын киген қауым жүреді. Ғимараттары да, киносы да – бәрі өздерінікі. Біз сияқты өзгенікіне таңданып, тамсанып отырған жоқ. – Клип түсіруден бас тартқаныңызға біраз жылдың жүзі. Әлі де сол ұстанымнан тайған жоқсыз ба? – Түсірмеймін деп жүргенмін, өнерімді сыйлайтын азаматтар қолқа салған соң, келер жылға жоспарлап отырмыз. Шығынын өзіміз көтереміз деген кісілер де бар. Уақытында көре жатармыз енді. Бірақ ол дүниеміз де телеарналарға ұнай қоймауы мүмкін. Өйткені ұлттық форматта түсіріледі. Абай Бірінші қара сөзінде: «Ақыры ойладым: осы ойыма келген нәрселерді қағазға жаза берейін, ақ қағаз бен қара сияны ермек қылайын, кімде-кім ішінен керекті сөз тапса, жазып алсын, я оқысын, керегі жоқ десе, өз сөзім өзімдікі дедім де, ақыры осыған байладым» демейтін бе еді. Біз де ұлттық дүниеміз өзіміздікі дейміз де, түсіре береміз. Керек қылған адам көрер. – Кейінгі кезде «орташа талант» деген тіркес қосылды сөздік қорымызға. Біздің түсінігімізше, Алла адамға талант береді, я бермейді. Қабілет беруі мүмкін, бірақ табиғи дарын болмаса қораш көрінер. Мұны түсінбейтіндерге, түсінгісі келмейтіндерге дауа бар ма? – «Орташалар» жайдақ су секілді. Қимыл-қозғалыссыз тұра береді. Не өспейді, не өшпейді. Ондайлар кез-келген салада бар. Актерлердің арасында да, әншілердің арасында да толып жүр. Дарыны жетпеген жерге танысын сүйрейтіндер, дауысы жетпей қалған тұсты бетіндегі бояуы, үстіндегі қымбат көйлегімен жасырып жүргендердің, фонограммаға сенгендердің дәурені қазір. Даңғаза мәдениетті өнер деп танитын буын өсіп шықты. «Аспанға қараймын, жұлдызды санаймын», «Остановкада тұрмын», «Кел, шай ішейік» дегеннің бәрін ән деп ұғатын ұрпақ сол орташаларға шын талант деп табынып жүр. Өнерге уақытша ақша табу мақсатында келетіндердің қатары көбейді. Оңай механизмді тауып алған: жұртты жаппай билететін бір-екі «хит» жазып алады да, той жағалайды. Тойдан жинаған ақшасына клип түсіріп, қымбат костюм тіктіріп, экранға шығады, танымалдығы артады. Танымалдылықпен бірге табыс келеді. Бұл механизмнің тетігін жою үшін үлкен реформа керек. Сахна әні мен той әнінің шекарасын шегендейтін кез келді. Ұлттық экранға шығуы тиіс дүниелерді елеп-екшеп беретін орган құрылуы қажет. Әйтпесе, өнердегі бассыздыққа тоқтау болмайтын сияқты. Әлгі өзің айтқан он әннің айналасында жүрген әншілер сол он әннің сөзін жатқа біле ме екен? Фонограмма қосылмайтын сахналарда ән айта алар ма екен? Бізде таңды-таңға ұрып жырлайтын жыршылар бар. Бір Көроғлыны жырлау үшін алты күн маңдай терін төккен өнерпаздар бар. Біржан, Ақаннан бастап, Кененге дейінгі дүниелерді жатқа айтатын жастар бар. Соларды әлгі фанерщиктермен бетпе-бет отырғызып көрші, не қылар екен?! Халық сезеді шынайы өнердің қайда жатқанын. Бірақ даңғаза мәдениет, мағынасыз әндердің ықпалына бой алдырғандар уақыт өте келе соның торынан шыға алмай қалатыны өкінішті. – Өнер адамы болғаннан кейін тойда жиі жүресіздер ғой. Соңғы уақытта қазақтың той-томалағы дарақылықтың алаңына айналып кеткен жоқ па? – Тойдың түр-түрін көріп жүрміз. Бүгінгінің тойлары той иесінің жағдайына қарай өтеді. Бір кездері жұрт шамасы келсін-келмесін, жалған намыспен тыраштанып кредит алып, қаладағы ең үлкен тойхананы жалдап, той жасайтын. Қазір халық есін жинады. Несиенің арты жақсылықпен бітпейтінін түсінді де, шағын той жасауға көшті. Жүз, елу, тіпті жиырма адам шақырып та той жасағандарды көрдік. Ал шамасы жететіндер тойына 500, тіпті 1000 адам шақырады. Той өтетін мейрамханаға, дастарханға, той тізгінін ұстаған асабаға, ән айтқан әншілерге қарап, той иесінің шама-шарқын бағамдайсың. Кейбір тойларға барсаң, қазақтың өнерпазын көрмейсің. Кіл шетелдің әнші-бишілерін алдырады. Кейбір орыстілді қазақтар, қазақты менсінбейтін қалталылар тойының төрін шетелдіктерге бергенді құп көреді. Басқа мәдениетті биік қою арқылы өздерінің дәрежесі жоғары екенін көрсетеміз деп ойлайды. Шетелдің әншісі оның дәрежесін қайтпек? Екі әнін айтады да, қалтасын толтырып, жөніне кетеді. Тіпті кейбір тойда беташарды аяқтатпай, үзіп тастағандарды да көрдік. Бір-екі сәлем салынғаннан кейін: «Хватит, не надо дальше» деп, қазақтың салтын менсінбейтінін анық аңғартады. Әйтеуір келін қонақтарға бір-екі рет басын исе болды деп түсінеді. Шындығында, беташар – келінге айтылар насихат, ел-жұртпен таныстыру екеніне, салттың астарында терең тәрбиелік мән жатқанына пысқырмайды. Ал кейбір тойларда үйдегі құдалықта жасалатын жөн-жоралғыларды 300 адамның алдында жасап жатады. Қоржынын жайып тастап, бір-біріне киіт кигізіп, алтын тағып, құйрық-бауыр асатып жатқанын көрсең ғой. Оның бәрі үйде, ең жақын деген ағайынның ортасында өзіндік сән-салтанатымен өтуі тиіс жоралғылар емес пе? Оны тойға апарып тығып, бір-біріне не кигізіп, не мінгізгенін елге жар салып қажеті не? Енді бір жерлерде той-томалақ тап-тұйнақтай боп өтеді. Уақытылы басталады, жоралғылар жөнімен жасалып, дастарқан ысырапсыз жайылады. Жастардың киімі де жинақы, ұстамды. Шетелден пәлен миллионға алдырмайды. Қаладағы дүкендердің бірінен жалға ала салады. Тойхананың төріне дейін лимузинмен кірмесек болмайды деп ата-ананы әуреге салмайды. Жалтыраған көліктермен қала ішінде шерулетпесе де, пәленбай мың долларға әнші-биші жалдамаса да, жүздерінен бақытты екендері менмұндалап тұрады. Мұның бәрі жастардың сана-сезіміне, әке-шешеден алған тәрбиесіне байланысты. – Өмірдегі елу, өнердегі отыз жылдан түйгеніңіз не? – Әкем жетпіске келгенде «Әке, жетпіс қалай екен?» десем, «Білмеймін балам, көңілім 30-40-тағыдай», – деген еді. Жасымыз ұлғайғанымен, жанымыз қартаймайтын секілді. Бұл – үлкендер жүрген даналық пен тазалық дейтін жолдардың айқасында тұрған кезең екен. «Елу – ердің жасы»  дейді ғой қазақ. Еткен еңбегіңнің қызығын көретін уақыт. Баланың, немеренің алдындағы әкелік, аталық міндетке жауапкершілікпен қарайтын шақ. Сен үшін балаң ұялмаса, сен үшін шәкірттерің төмен қарамаса, ширек ғасырдың босқа өтпегені деп білемін. Қазақтың әдеті бар ғой, мерейтой кезінде үйіп-төгіп кітабын шығарып, концертін беріп, той-томалағын өткізеді де, одан кейін белгісіз болып жүре береді. Кеше концерт беріп, арқадан ауыр жүк түскеннен кейін үйге келіп, отбасыммен рақаттанып отырып шай ішіп отырғанда ең үлкен жұмыс алда екенін түсіндім. Балаларым: «Әке, енді ана жұмысқа кірісейік», «мына жұмысты бітіріп тастайық» деп жігерлендіргенде, шаршауға қақым жоқ екенін ұқтым. Өйткені істейтін шаруа әлі шаш етектен екен. Кейде шаршап жүргенде қиюы келмей жатқан бір ісіңді бітірсең, әурешіліктің бәрі сонымен бітетіндей болып көрінеді ғой. Шындығында арман деген көп белес, біріне шықсаң бірі бар. Әлі бағындыратын биіктер көп. Алла Тағала күш-қуат берсе, ақырындап бәріне де жетерміз. – Сіз көксеген биіктік қайсы? – Өнер деген мәңгілік қой. Басқа емес, дәл осы жолды таңдағаныма қуанамын. Өзіме дейінгі ғазиз ағалар секілді өнерде өз ізімді, жақсы атымды қалдырғым келеді. – Сұхбатыңызға рахмет, аға! Алла сол тілегіңізге жеткізсін!  

Сұхбаттасқан Анар ЛЕПЕСОВА