Серпінді дамудың сенімді жолы

Серпінді дамудың сенімді жолы

Серпінді дамудың сенімді жолы
ашық дереккөзі
Аймақтардың тұрақты дамуына жағдай жасау – мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі. Өйткені өңірлерді дамыту арқылы азық-түлік қауіпсіздігіне, қазақстандық аграрлық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін, азаматтардың әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік туындайды. Сондықтан, қазіргі уақытта аймақтарды дамыту мақсатында түрлі мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар жүзеге асырылуда.

Бағдарламаның  бағыты айқын

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнаған жыл сайынғы Жолдауында аймақтардың дамуына айрықша назар аударып, Үкіметке тиісті тапсырмаларды жүктейтіні белгілі. Қазақстан бекіткен «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы» осының дәлелі. Аталмыш бағдарлама Мемлекет басшысының «Қазақстан – 2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру шеңберінде әзірленген болатын. Мемлекеттік бағдарлама 2020 жылға дейін өңірлерді дамыту бойынша бірыңғай мемлекеттік саясатты іске асырады. Бағдарлама елдің ұтымды аумақтық ұйымдастырылуын қалыптастыру, экономикалық өсу орталықтарында халықтың және капиталдың шоғырлануын ынталандыру арқылы өңірлердің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін дамыту үшін жағдай жасауды мақсат етеді. Сонымен қатар, мемлекеттік бағдарлама халықтың өмір сүру сапасын арттыруға, аймақтардың экономикалық әлеуетін дамытуға, сондай-ақ, өңірлердің өзін-өзі ұйымдастыруға және өзін-өзі дамытуға көшуіне ықпал ететін әкімшілік-құқықтық және экономикалық сипаттағы шараларды айқындайды. Бағдарламаның 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған мақсаттарына қол жеткізу үшін елдің аумақтық дамуын жетілдіру, қоршаған ортаның жай-күйін, тұрғын үй қорын, коммуналдық және көлік инфрақұрылымын жақсартуды қоса алғанда, халықтың тұруына қолайлы жағдайларды қамтамасыз ету, халықты ауыз сумен және су бұру қызметтерімен тиімді және ұтымды қамтамасыз етуге баса мән беріліп келеді. Ал бағдарламаны қаржыландыру республикалық және жергілікті бюджеттер есебінен жүзеге асырылуда. Жоспар бойынша, бағдарлама жұмысына 2015 жылы 584 миллион, 2016 жылы 564 миллион теңге қарастырылған. Биылғы жылға жоспарланған қаржы көлемі 502 миллион теңгені құрайды. Айта кетейік, бағдарламада көзделген міндеттерді шешуге бағытталған шараларды іске асыру үшін жобаларды қайтарымды қаржыландыру, оның ішінде қолданыстағы заңнамаға сәйкес «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту қоры» акционерлік қоғамы арқылы қайтарымды қаржыландыру тетіктері қолданылуда.

Аграрлық сектор –  аймақтарды дамытудың  басты көзі

2020 жылға дейін өңірлерді дамыту бағдарламасы бойынша қарастырылған мүмкіндіктердің арқасында аймақтардың жағдайын жақсартуға мүмкіндік туды. Аймақтардың экономикалық, әлеуметтік ахуалы реттеліп, ауыл шаруашылығы саласы өркендеді. «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша баспанаға қол жеткізгендердің қатары артты. Сонымен қатар, аймақтардың жандануы нәтижесінде жұмыссыздар саны азайып, қосымша жұмыс орындары пайда болды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: Жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты халыққа жолдаған биылғы Жолдауында аграрлық сектор экономиканың жаңа драйверіне айналуы қажет екендігін атап өткен болатын. Ауыл шаруашылығы министрлігіне 2017-2021 жылдарға арналған жаңа бағдарламаны түзіп, аймақтардағы шағын шаруа қожалықтарды ірілендіруге тапсырма бергені белгілі. Жоспар бойынша 5 жылда 500 мың шағын шаруа қожалықты кооперацияларға біріктіру керектігі жүктелді. Осыған орай, ауыл шаруашылығын сапалы деңгейге көтеру үшін селолық өндірістік кооперативін құруға баса назар аударылуда. Мәселен, Алматы облысында ауыл шаруашылығы кооперативтері көбейіп келеді. Жетісу жерінде биыл 111 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылуы керек болған. Алайда өткен 10 айда бұл көрсеткіш 138-ге жетіпті. Осылайша ұсақ шаруашылықтар бірігіп, іріленіп жатыр. Олар негізінен мал бордақылаумен, ет, сүт, жүн өңдеумен және бау-бақша өсірумен айналысады. Осыған орай, Ауыл шаруашылығы министрлігінің қызметкерлері аймақтарды аралап, халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Мамандардың айтуынша, кооперативтердің нормативтік-құқықтық базасын жетік білу арқылы ұжымдардың заңдық сауаты артады. Сол арқылы мемлекет тарапынан көрсетілетін көмектерді де дер кезінде ала алатын болады. Кооперативтерді құрудың басты артықшылықтары – бірігу арқылы жеке аулалар мен шағын шаруа қожалықтарының мемлекеттік қолдау шараларына қол жеткізуі, шаруашылықты одан әрі дамытып, өнімнің көлемі сапасын арттыру мүмкіндігіне ие болуы. Кооперативтерді құруда Ақтөбе облысы да белсенділік танытуда. Өңірде мал шаруашылығы, өсімдік шаруашылығы және дәстүрлі емес ауыл шаруашылығы салалары бойынша қызмет ететін жүздеген кооперативтер құрылды. Ауыл-аймақтарда құрылып жатқан мұндай кооперативтер жергілікті тұрғындарды да жұмыспен қамтиды. Құрылған кооперативтерге «Ауыл шаруашылығы қаржылай қолдау қоры» АҚ филиалы мен «Ақтөбе-Агросервис» ЖШС арқылы сүт және ет таситын автокөліктер, сүт қабылдау пункттері сынды қажетті құрылғылар жеңілдетілген пайызбен лизингке берілуде. Үкімет тарапынан да көрсетілер қолдау аз емес. Үстіміздегі жылдың басынан бері «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында кооперативтерге жылына 6 пайызбен 7 жылға дейін 18 миллион теңгеге дейін шағын несиелер беріледі, сондай-ақ, инвестициялық субсидиялау бағдарламасы арқылы сатып алынған техника мен жабдық құнының жартысы бюджеттен өтелетін болады. Оңтүстік Қазақстан облысында да кооперативтерді құру жұмыстарын жеңілдету және дамыту бойынша бірқатар іс-шаралар атқарылуда. «Оңтүстік» Аймақтық инвестициялық орталықтың ықпалымен осы жылы өңірде 11 кооператив құрылды. Ал жыл басынан бері 567 миллион теңгеге түрлі бағыттағы 28 кооператив қаржыландырылды. Мәселен, сомасы 63 миллион теңге болатын құс шаруашылығындағы екі жоба, ет пен сүтті қайта өңдеу бойынша 133 миллион теңгеге он жоба, ауыл шаруашылық техникасын алу үшін 180 миллион теңгеге бес жоба, 181 миллион теңгеге мал шаруашылығындағы он жоба және 10 миллион теңгеге өсімдік шаруашылығындағы бір жоба қаржыландырылған.

Индустриалды аймақ – алға басудың кепілі

Аймақтарды дамытуда көңіл бөлінетін тағы бір мәселе – индустриалды жобаларды жүзеге асыру. Өңірлердің инвестициялық қызығушылығын арттыру, шағын және орта бизнесті дамытуға қолайлы жағдай жасау мақсатында барлық облыстарда индустриалды аймақтар құрылуда. Мысалы, биыл Батыс Қазақстан облысында индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында 15 миллиард теңгенің 11 жобасы жүзеге асады. Алтауы кәсіпкерлікті қолдау картасына енген. Бұл 416 тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Өндіріс орны түрік инвесторларымен қоян-қолтық қызмет атқарады. Биыл өңірде Канада, Италия, Иран кәсіпкерлерімен бірлескен осындай 4 жоба жүзеге аспақшы. Өңірде технологиясы заманауи компаниялармен бірлескен кәсіпорын құруға басымдық беріледі. Бұл аймақ Ресейдің 5 бірдей өлкесімен көршілес, тоғыз жолдың торабында орналасқан. Мұның өзі қолайлы фактордың бірі саналады. Облысқа инвестиция тартуда тағам және жеңіл өнеркәсіп, машина жасау салалары басым бағыт ретінде айқындалған. Индустриалды аймақ құру қолға алынды. Бұл инвестордың инфрақұрылым мен логистика, өткізу нарығы сынды мәселелерге бас қатырмай, өз технологиясымен келіп, алаңсыз жұмыс істеуі үшін керек. Индустрияландырудың бірінші бесжылдығында өңірде 30 кәсіпорын ашылса, екінші бесжылдықта 22 жоба жүзеге асыпты. Биыл тапсырылатын жобалардың арасынан мал терісін илеп, жылына 400 мың дана аяқ киім тігетін зауытты, 6 мың тонна ет өндіретін құс фабрикасы мен макарон фабрикасын айрықша атап өткен жөн. Ал Алматы облысындағы индустриалды аймақтарда 17 кәсіпорын жұмыс істесе, алдағы уақытта оның санын 400-ге жеткізуге мүмкіндік бар. Серіктес қала «GateCity» аумағында «Берек» жаңа индустриалды аймағы құрылып, онда ірі компаниялардың қатысуымен жалпы сомасы 90 миллиард теңге тұратын 5 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырыла бастады. Осының  нәтижесінде 2 мың жұмыс орны құрылады. Олардың қатарында ет полуфабрикаттарын шығаратын «Бауманн» (Германия), картоп өңдейтін «Фармфритс» (Голландия), жылыжай шаруашылығы бойынша «Экокультур» (Ресей) компаниялары бар. Ақтөбе облысындағы индустриалдық аймақта 2,2 миллиард теңгеге 3 жоба іске қосылды, оның ішінде соққыға қауіпсіз жабындылар, антифриздер  және үшқабатты қабырға блоктары бар. Сомасы 9,5 миллиард теңге болатын 6 жобаның құрылысы жүргізілу үстінде, ал жалпы сомасы  76,2 миллиард теңге болатын  4 жоба бойынша құрылыс бастау үшін жер қазу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жалпы алғанда, 85 миллиард теңге болатын 13 жобаны игеру қолға алынды.

Баспанамен қамту – басты міндет

Аймақтардың дамуы үшін қолға алынған шаралардың ең маңыздысы – өңірлердегі халықты баспанамен қамтамасыз ету. Бұл ретте елімізде түрлі бағдарламалар қолға алынып, сан түрлі жобалардың жүзеге асырылғаны мәлім. Әсіресе, өткен жылы қабылданған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында тұрғын үйге қол жеткізгендер қатары артты. «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылыс бағдарламасын жүзеге асыру – Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында алға қойылған міндеттердің бірі. Елбасы Жолдауында бұл туралы: «Менің тапсырмам бойынша биыл «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасы іске асырыла бастайды. Ол аса маңызды міндетті орындауға – алдағы 15 жылда 1,5 миллион отбасын тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған», – деп  атап өткен болатын. 2017 жылдың бірінші жарты жылдығында республика бойынша 47 738 баспана пайдалануға берілген. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 11 пайызға артық. Құрылыс нысандарының ішінде көппәтерлі тұрғын үйлердің үлесі 33 пайызға ұлғайған. Халықтың қолданысына берілген тұрғын үйлердің саны бойынша Астана, Алматы қаласы, Маңғыстау және Оңтүстік Қазақстан облыстары алдыңғы қатарда. Еліміздің барлық 14 өңірінде бағдарлама аясында бой көтерген үйлердің қатары артқаны байқалады. Мұндай өсім Батыс Қазақстанда – 84, Жамбыл облысында – 44, Солтүстік Қазақстанда – 41, Қызылорда қаласында – 38, Маңғыстауда – 35 және Астанада 33 пайызды құрайды. Аймақтардың өрісін кеңейтіп, тіршілігін тұралатпас үшін елімізде атқарылып жатқан шаралар шаш етектен. Бір ғана «Өңірлерді дамыту» бағдарламасының аясында қаншама шаруа тындырылды. Бағдарлама шеңберінде аймақтардың әлеуметтік-экономикалық дамуы, тұрғындарды жұмыспен қамту, тұрғын үймен қамтамасыз ету, өндірістік және ауыл шаруашылығы саласын өркендетуге мүмкіндік туды. 2020 жылға дейін жалғасатын бағдарлама бойынша Қазақстандағы барлық аймақтардың гүлдене түсері сөзсіз. Ел үкіметінің аймақтардың дамуына ерекше назар салуы да бекер емес. Өйткені өңірлердің алға басуынсыз ел экономикасын арттыру мүмкін емес.