Өңдеу өнеркәсібінің еңбек өнімділігі

Өңдеу өнеркәсібінің еңбек өнімділігі

Өңдеу өнеркәсібінің  еңбек өнімділігі
ашық дереккөзі
Ел экономикасын ілгерілетудің негізгі жолы – өнеркәсіптік өндірістің көлемін арттыру. Бұл тұрғыда Елбасы Жарлығымен 2014 жылы бекітілген Индустриалды-инновациялық дамудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына артылған міндет көп. Өңдеу өнеркәсібін әртараптандыруды және оның бәсекеге қабілеттілігін арттыруды мақсат еткен бағдарлама жүзеге асырылғалы бері ел экономикасына серпін беріп, индустрияландырудың игілікті жолын ұсынды. Осы бағдарламаның арқасында өңдеу өнеркәсібінің еңбек өнімділігі екі есеге көбейді. Технологиялық дайындық индексі бойынша Қазақстан әлем елдерінің арасында 92-орыннан 78-орынға көтерілді. Биылғы жылдың 9 айындағы нәтижелер де көңіл қуантарлық. 2017 жылдың тоғыз айында өнеркәсіптік өндірістің көлемі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 5,7%-ға өсіп, 6,5 трлн теңгені құрады. Сондай-ақ, фармацевтикада, жеңіл өнеркәсіпте, металлургияда, машина жасауда, мұнай өңдеуде, азық-түлік өнімдерінің өндірісінде және химиялық өнеркәсіпте өсу байқалады. Мемлекеттік бағдарламаның негізгі мақсатты индикаторлары бойынша оң қарқын байқалады. Биылғы сегіз айдың қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібінің экспорты өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 23,1%-ға өсіп, 9,9 млрд долларды құрады. Агрохимия, мұнай өңдеу және қара металлургия секторларында да елеулі өсім байқалады. Бүгінде қазақстандық өңдеу өнеркәсібі өнімдері 115 елге экспортталады. Кейбір тауар түрлері бойынша өткізудің жаңа нарықтары ашылды. Алғаш рет «Азия Авто» жеңіл көліктері ҚХР-ға, «Сарыарқа автоөнеркәсіп» өнімдері Тәжікстанға экспортталды. Ауыл шаруашылығы машина жасау өнімдері – «ДонМар» компаниясы шығаратын өнімдер Ресей нарығына бірнеше жыл қатарынан экспортталуда. Жыл сайын 380-нен астам экспортшылар қаржылық әрі сервистік қолдауға ие болады. Еліміз теңізге тікелей шыға алмаса да, екі жағымызда Қытай мен Еуропалық Одақ сияқты жағалауын мұхит шайып жатқан қос бірдей ірі экономикалық нарық бар. Мемлекет осы нарықтарды пайдаланып, транзиттік қызмет аясын кеңейтіп, сапасын жақсартуды көздеп отыр. Бұл бағытта «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша ірі инфрақұрылымдық жобалар қолға алынған. Нәтижесінде, соңғы 5-6 жылдың ішінде Қазақстан арқылы өтетін контейнерлер көлемі 28 есеге артқан. Жыл сайын Қытайдан Еуропаға жіберілетін транзиттік контейнерлер көлемі 2-2,5 есеге өсіп отыр. Мемлекет басшысының тікелей бастамасымен бүгінде Қытай мен Батыс Еуропа арасын жалғайтын теміржолдар мен автомобиль жолдарын салуға көп күш жұмсалуда. Соның арқасында 2020 жылға қарай Қытайдан Қазақстан арқылы Еуропаға 1 млн-ға дейін контейнерлер өткізілуі мүмкін. Демек, 2020 жылға дейін транзиттен мемлекетке түсетін табыс көлемі 5 млрд АҚШ долларына жетіп жығылуы тиіс. Биыл ҚР ҰЭМ шикізаттық емес экспортқа қолдау көрсету жүйесін құру мақсатында Ұлттық экспорттық стратегияны әзірлеп, қабылдаған болатын. Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында инвестициялық ахуалды жақсарту мақсатында Дүниежүзілік банкпен бірлесіп, 2018-2022 жылдарға арналған Ұлттық инвестициялық стратегия әзірленіп, бекітілді. Кazakh Invest инвестициялар бойынша мамандандырылған ұлттық компаниясы шетелдік өкілдер мен өңірлік бөлімшелер желісімен қызмет көрсетеді. Өңдеу секторына жеті жылдың ішінде 26 млрд доллардан астам тікелей шетелдік инвестициялар тартылды. Инвестициялар құрылымындағы өңдеу өнеркәсібінің үлесі 2016 жылдың қорытындысы бойынша 19,5%-ға өсті. Өсім қарқыны биыл да сақталып отыр, өңдеу өнеркәсібіне салынған инвестициялар көлемі 3,5%-ға өсіп, 599 млрд теңгені құрады. 2017 жылғы І тоқсан нәтижелері бойынша кәсіпорындардағы еңбек өнімділігі 16,1%-ға өсті. Негізінен өсім мұнай-газ химиясы, қара металлургия, мұнай өңдеу секторларында айқын аңғарылады. «Шағын, орта және ірі кәсіпорындар бойынша нақты мәлімет осы жылдың қорытындысы бойынша алынады. Бүгінгі өсу беталысын ескергенде, жыл қорытындысы бойынша көрсеткіштер өткен жылдың деңгейінен төмен болмайтынын болжауға болады», ‒ дейді Индустрия және даму министрі Жеңіс Қасымбек. Жалпы, өңірлерде барлық көрсеткіштер бойынша оң қарқын байқалады. Ж. Қасымбектің айтуынша, бағдарламаны іске асыру экономика мен өнеркәсіп құрылымының өзгеруіне әсер етті. Мәселен, өңдеу секторының экономика дамуына (ЖІӨ) қосқан үлесі 2015 жылы 10,1%-дан 2017 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша 11,9%-ға дейін, өнеркәсіпте – 2010 жылы 31,8%-дан 2017 жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша 40,7%-ға дейін, экспортта 2010 жылы 27,9%-дан 2017 жылдың 8 айында 32,7%-ға дейін өсті. Сондай-ақ, жыл сайын жаңа өндірістер іске қосылып жатқанын айтпай кетуге болмас. Жеті жыл және 2017 жылдың 9 айы аралығында Индустрияландыру картасы аясында жалпы 5,5 трлн теңге сомасында 1080 жоба енгізілді, 101 мың тұрақты жұмыс орны ашылды. 2017 жылдың тоғыз айында 800 млрд теңге сомасына 4,5 мың тұрақты жұмыс орнын құрумен 52 жоба енгізілді. Жыл соңына дейін өңірлерде шамамен 10 мың тұрақты жұмыс орнын құрып, 700 млрд теңгеден астам қаржыға 80-нен астам жобаны аяқтау жоспарланған. Түйткілді жобалар да министрлік бақылауында. Бүгінгі таңда олардың саны – 72. Әрбір жоба бойынша Жол картасы әзірленген. Кәсіпорындарға инвесторлар іздестіру, жер пайдалануға келісімге отыру, ЕДБ арқылы несиелендіру, өңір кәсіпорындарына өнімдерді өткізуге жәрдемдесу секілді мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылған. Осы шаралар арқасында түйткілді еңсеріп, жобаларды сәтті аяқтауға мүмкіндік тумақ. Қазіргі таңда елімізде 11 арнайы экономикалық аймақ (АЭА) және 22 индустриялық аймақ (ИА) жұмыс істейді. Жалпы алғанда, АЭА құрылған сәттен бастап 682 млрд теңгеден астам сомаға 157 жоба іске қосылды, 11,6 мыңнан астам жұмыс орны құрылды. Биыл тағы 100 млрд теңгеге 24 жобаны іске асырып, үш мың жаңа жұмыс орнын құру көзделген. Сондай-ақ, тағы 20 жобаның құрылысы басталады. Индустриялық аймақ алаңдарында 100 млрд теңге сомасына 115 жоба іске қосылды, шамамен сегіз мың жұмыс орны құрылды. Сондай-ақ, жер телімін бөлу рәсімдерін жеңілдетуге, преференциялар ұсынуға, әкімшілік кедергілерді төмендетуге қатысты арнайы экономикалық және индустрияландыру аймақтары туралы заңнамаға өзгерістер енгізу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Индустрияландыру жұмыстарының жылдық қорытындысы 6 желтоқсанда Индустрияландыру күнінде жарияланбақ. Индустрия және даму министрлігі телекөпір аясында жалпы сомасы 399 млрд теңгеге 18 жобаны іске қосуды жоспарлап отыр.