Мемлекеттік тіл мектептен басталады

Мемлекеттік тіл мектептен басталады

Мемлекеттік тіл  мектептен басталады
ашық дереккөзі
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» атты жолдауында: «Қазақстан әлемде жоғары білімді, халқы үш тілді де: қазақ тілін – мемлекеттік тіл ретінде, орыс тілін – ұлтаралық қатынас тілі ретінде және ағылшын тілін – жаһандық экономикаға нәтижелі өтудің көмекші тілі ретінде еркін меңгерген ел болып танылуы керек» деген болатын. Білім беру жүйесінде жүргізіліп отырған реформалардың бір өзекті саласы – тіл мәселесі болуы орынды. Туған тіліміздің өрісін кеңейтіп, өресін биіктететін аса пәрменді тетіктердің бірі – қазақ тілінде білім беретін ұйымдардың көбеюі болмақ. Білімнің қоғам мен мемлекет үшін құндылығын ескере отырып, халықаралық стандартқа сай келтіру мақсатында оны реформалаудың қажеттілігін Қазақстан Президенті Н.Назарбаев өзінің 2005 жылғы 18 ақпандағы Қазақстан халқына Жолдауында «Білімді дамыта алмаған мемлекет XXI ғасырда дағдарысқа ұшырайды. Бәрі де мектептен басталады», – деп баса айтқан. Еліміз тәуелсіздік алғалы бері жүргізіліп келе жатқан тіл саясатының арқасында қазіргі таңда мемлекеттік тіл туралы оңды қоғамдық көзқарас қалыптасып отыр. Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында көптілді білім беруді қамтамасыз ету де мемлекет саясатының басты тармағы. «2020 жылға қарай барша қазақстандықтар қазақ тілін, орыс тілін 95 пайыз және ағылшын тілін 25 пайызы меңгеруі тиіс», – деді Елбасы. Биыл Тілдерді дамыту мен қолданудыӊ 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасыныӊ екінші кезеӊін жүзеге асыру жұмыстары аяқталып келеді. Осыған орай ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев Мемлекет басшысыныӊ «Қазақстанныӊ үшінші жаӊғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауын іске асыру аясында Қазақстанда тілдерді одан әрі дамыту мәселелері жөнінде бірқатар тапсырмалар берді. Бақытжан Сағынтаев тілдерді дамыту еліміздегі басымдықты міндеттердіӊ бірі болып табылатынын айтты, соған орай мемлекет барлық ұлыстардыӊ тілдерін және үш тілділікті дамытуға жағдайлар жасауда. Мемлекет басшысыныӊ Жолдауында үш тілді білім беруге кезеӊ-кезеӊмен ауысуға ерекше көӊіл бөлінген. Сондықтан да Үкімет алдында осы ауысымды қамтамасыз ету міндеті тұр. Мәдениет және спорт министрлігі мен Білім және ғылым министрлігіне, әкімдерге түсіндіру жұмыстарына барынша күш салып, халыққа қазақ тілін үйретудіӊ тегін курстарын ұсыну жұмыстарын жандандыру тапсырылды. Үкімет басшысы өзге тілдерге үйрететін курстардыӊ да қолжетімділігін арттыруға, соныӊ ішінде интернет желісінде арнайы ақпараттық көздер арқылы оқытуға көӊіл бөлу керектігін және тілдерді оқытудыӊ соӊғы шыққан заманауи әдістемелерімен оқу құралдарын шығару қажеттігін айтты. Сондай-ақ, тілдерді үйрету үшін бұқаралық ақпарат құралдарыныӊ әлеуетін пайдалану қажет екенін және арнайы бағдарламалар мен үйрететін видеоөнімдерді әзірлеу жұмыстарын ретке келтіру қажеттігін ескертті. Тілдерді дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаның оң нәтиже беріп келе жатқандығын жеткізген Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтің айтуынша, Қазақстан Республикасында 2011-2020 жылдарға арналған Тілдерді дамыту мен қолданудыӊ мемлекеттік бағдарламасын 2014 жылдан 2016 жылға дейінгі кезеӊде жүзеге асырудыӊ тиімділігін бағалау жүргізілген. Жалпы, соӊғы 3 жыл ішінде мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру қорытындылары орташа тиімділігін көрсетті, балдық жүйе бойынша мүмкін болатын 4 баллдан 2,66 баллмен бағаланды. Министр атап өткендей,  Мәдениет және спорт министрлігініӊ есебіне сәйкес, соӊғы 3 жылда мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыруға 16,7 млрд теӊге бағытталды, оныӊ ішінде 14,9 млрд теӊгесі немесе 89,3 пайызға игерілді. Экономикалық зерттеулер институты Қазақстан Республикасында 2011-2020 жылдарға арналған Тілдерді дамыту мен қолданудыӊ мемлекеттік бағдарламасыныӊ жүзеге асырылу барысы мен тұрғындардыӊ қанағаттану деӊгейін анықтау бойынша сауалнама жүргізді. Сауалнама нәтижелері көрсеткендей, сұралғандардыӊ 85 пайызы Мемлекеттік бағдарлама туралы хабардар. Сауалнамаға қатысушылардыӊ жартысынан көбі мемлекеттік тілді тұрақты қолданады, басым бөлігі (63,7) соӊғы кезде тіл мәдениеті жақсарды деп санайды, яғни адамдардыӊ тіл білімдерін, біліктіліктерін, дағдыларын, шығармашылық қабілеттерін дамыту деӊгейі артқан. Сұралғандардыӊ жартысыныӊ мемлекеттік тілді оқыту бойынша оқу-әдістемелік әдебиеттердіӊ сапасына көӊілдері толады. Қазақстанда мемлекеттік тілді меӊгергендердің үлесі артуда. 2016 жылы Қазақстанда мемлекеттік тілде еркін сөйлейтіндердің үлесі 82 пайызды құрады. 2014 жылы мемлекеттік тілді меӊгерген халық үлесі 72,1 пайызды құраса, 2015 жылы 76,3 пайызға жеткен. Қазіргі таӊда «Қазтест» жүйесі негізінде қазақ тілін білу деӊгейін анықтау жыл сайын артуда. 2016 жылы тестілеуден өткендердіӊ жалпы саны – 73 732 адамды, оныӊ ішінде мемлекеттік қызметшілер саны шамамен 40 000 адамды (53,5 пайыз) құраған. Мемлекеттік бағдарлама аясында 2014-2016 жылдар аралығында оқу-әдістемелік құралдар, әлем әдебиеті классиктерініӊ шығармалары, танымдық, ғылыми-публицистикалық, балаларға арналған кітаптар және т.б. қоса алғанда, барлығы шамамен 88 баспа жобасы жарық көрді. Оныӊ ішінде өзге тілдерде шығарылған жобалар саны – 24. Сонымен қатар мемлекеттік тілді үйретудіӊ жаӊа әдістемелері – «Қазақ сөзі» оқу құралдары әзірленді. Ал былтырғы жылдың қорытындысы бойынша орталық және жергілікті атқарушы органдардағы мемлекеттік тілдегі құжат айналымыныӊ үлесі 91 пайызды құрады. Сонымен қатар, елімізде 87 аймақтық қазақ тілін оқыту орталықтары жұмыс істейді. Дегенмен статистикалық-есеп және қаржылық құжаттамалардыӊ мемлекеттік тілге ауыспау фактілері кездеседі. Мемлекеттік тілді дамыту қорының директоры Азат Шәуеевтің айтуынша,  республикалық soile.kz сайты арқылы әлемнің түкпір- түкпірінен 70 мыңға жуық адам қазақ тілін үйренуде. «Өткен жылы ғана іске қосылған бұл сайттың жұмысы қазір жақсарды. Бүгінгі таңда әлемнің түкпір-түкпірінен 70 мыңдай адам осы сайт арқылы қазақ тілін меңгеріп жатыр. Алдағы жылы біз бұл сайттың ағылшынша және латынша нұсқасын іске қосатын боламыз. Сол кезде біз шетелдегі қандастарымыздың да қазақ тілін үйренуіне мүмкіндік береміз. Сонымен қатар олар Қазақстан қабылдаған латын нұсқасын да осы сайт арқылы үйрене алады», – дейді Азат Шәуеев. Мемлекеттік бағдарламаның үшінші кезеңі (2017-2019 жылдар) аясында мемлекеттік тілді оқытудың әдіснамасын жетілдіру, мемлекеттік тілді оқыту процесін ынталандыру, тіл мәдениетін арттыру, Қазақстандағы тілдік әралуандықты сақтау, қолдау, ағылшын және басқа  да шет тілдерін оқып-үйрену бағытындағы жұмыстар жалғасатын болады.