Ұйымдастыру ұтымды жүргізілмек
Ұйымдастыру ұтымды жүргізілмек
ҚР Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың төрағалық етуімен кезекті Үкімет отырысы өтті. Жиында мемлекеттік-жекеменшік әріптестігі мәселелері мен су тасқыны қатерінің алдын алу шаралары, «Жалпыға бірдей тегін кәсіптік-техникалық білім» жобасын жүзеге асыру жайы сөз болды.
Үкімет отырысының басында Парламент Сенатының қарауына жөнелтілген мемлекеттік-жекеменшік әріптестігі тетіктерін жетілдіру мен жеңілдету бойынша әзірленген заң жобасы талқыланды. Жаңа заң жобасы рәсімдерді оңтайландырып, жобаларды бекітуге арналған. Құжат бойынша, мемлекеттік-жекеменшік әріптестігі жобаларын бекіту және сараптама мерзімдерін 7 айдан 3 айға дейін қысқартуға мүмкіндік бар. Сонымен бірге, заң жобасы тұтыну кепілдігін 3 және одан көп жылға беруді көздейді.
Осы мәселе бойынша сөз алған Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов қазіргі уақытта 139,5 миллиард теңге болатын 116 мемлекеттік-жекеменшік әріптестігі келісімшарты жасалғанына тоқталды. «70 млрд теңге сомаға 53 нысан пайдалануға берілді, 69,5 млрд теңге сомаға тағы 63 нысан салынып жатыр. Олардың ішінде 45 білім беру нысаны, 27 денсаулық сақтау, 17 мәдениет және спорт нысаны, 7 сервистік-дайындау орталығы, «ақылды қала», энергетика және жолаушылар тасымалдары саласындағы 3 республикалық жоба бар», – деп атап өтті министр Тимур Сүлейменов.
Талқылау барысында сөз алған Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек Алматының үлкен айналма жолының құрылысы қашан басталатынын мәлімдеді. Оның айтуынша, қазір министрлік жетекшілік ететін салалар бойынша 6 мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасы пысықтау және іске асыру сатысында тұр. «Үлкен Алматы айналма автомобиль жолын салу және пайдалану» жобасы бойынша 2015 жылдың қаңтарында конкурстық рәсімдер басталды. Бүгінде тараптар келісімнің барлық негізгі шарттары бойынша өзара мәмілеге қол жеткізді және келіссөздер аяқталу кезеңінде. Концессия шартын 5 желтоқсанда бекіту жоспарлануда», – деді министр.
Министр келтірген деректерге сүйенсек, келісімшарттар саны жөнінен Қарағанды, Қостанай және Оңтүстік Қазақстан облыстары көш бастап тұр. Ал инвестициялар көлемі бойынша Ақтөбе облысы мен Астана қаласы алғашқы орында. Тимур Сүлейменовтен өзге де Үкімет мүшелерінің баяндамаларын тыңдаған Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев Ұлттық экономика министрлігіне жобаларды іріктеу тетіктерін пысықтап, ұйымдастыру шараларын реттеуді тапсырды.
Үкімет отырысында қаралған екінші мәселе – «Жалпыға бірдей тегін кәсіптік-техникалық білім» жобасы. Аталмыш жоба жөнінде Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев пен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова баяндады. Айта кетейік, бұл жоба биылғы жылдан іске асырыла бастаған. Қазіргі уақытта 817 колледж жұмыс істейді. Оның 473-і – мемлекеттік болса, 344-і – жекеменшік. Білім және ғылым министрінің айтуынша, Білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жергілікті бюджеттен 2900 орындық 4 колледждің құрылысы, 520 орындық 3 жатақхананы салу және жөндеу жұмыстары қарастырылып отыр. Ерлан Сағадиевтің баяндамасына сүйенсек, бағдарлама шеңберінде оқыту қысқа мерзімді курстар бойынша жүзеге асырылады екен. Биылғы жылы 71 мың адамды оқыту көзделген. Қазіргі уақытта қысқа мерзімді оқытуға 61 мың адам жіберіліпті.
Ал Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова бағдарламаға қатысушылар стипендиямен, бір реттік ыстық тамақпен, жолақымен қамтамасыз етілетіндігін атап өтті. Тамыз айынан бері жұмыс берушілердің оқу орталықтары базасында 3 мыңнан астам адам оқып жатыр. «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша 15 мыңнан астам адам оқытумен қамтылған. Ағымдағы жылы – 26 мың, жоспар кезінде қысқа мерзімді курстарда 61 мың адам оқыды. «Жалпы, 2021 жылға дейін бағдарлама бойынша 500 мың адамды оқыту көзделген», – деді Тамара Қасымқызы.
Сонымен қатар, жиында осы мәселе бойынша бірқатар облыс басшылары есеп берді. Тақырыпты қорытындылау кезінде Бақытжан Әбдірұлы «Жалпыға бірдей тегін кәсіптік-техникалық білім» жобасын жүзеге асыру кезіндегі басты мәселе жұмыспен қамту екендігін атап өтті. Одан кейін бөлінетін кредиттер сомасын арттыру мәселесіне тоқталды. Ал аталмыш жоба жұмысын бақылау Премьер-министрдің орынбасары Ерболат Досаевқа тапсырылды.
Күн тәртібіндегі келесі мәселе – су тасқыны қаупінің алдын алу бойынша қолға алынған шаралар. Бұл мәселе жөнінде Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов пен Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Қайрат Айтуғанов сөз алды. Үкімет отырысында белгілі болғандай, Ішкі істер министрлігі «Су тасқыны қаупінің алдын алу және оларды жою бойынша 2017-2020 жылдарға арналған шаралар кешені» жол картасының орындалуына бақылау жүргізеді. Аталған жол картасында 826 іс-шара қарастырылған. Оның ішінде аумақтар мен елді мекендерді тасқын сулардың кесірінен қорғауды қамтамасыз ету, гидротехникалық құрылыстарды жөндеу бойынша, сондай-ақ, ұлттық гидрометеорологиялық қызметті дамыту мен жаңғырту мәселелері қарастырылған. «Қазіргі уақытта жоспарды қаржыландыру шеңберінде 2017 жылғы 10 қыркүйектен ұзындығы 2,5 шақырым бөгеннің екі учаскесінде қондырғылар құру бойынша жұмыстар басталды, орындалған жұмыстардың көлемі 80 пайыздан асты», – деп атап өтті Қалмұханбет Қасымов.
Ал Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Қайрат Айтуғанов су тасқыны қаупінің алдын алу мақсатында министрлік жанынан су тасқынына қарсы комиссия құрылғандығын, барлық республикалық су қоймаларында кезекшілік кестесі бекітіліп, бассейн инспекцияларына биыл қараша айының соңына дейін республикалық меншіктегі гидротехникалық нысандарды ықтимал су тасқыны қаупіне қатысты тексеруді аяқтау тапсырылғандығын атап айтты.
Аталмыш мәселе бойынша жиында Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Жамбыл облыстарының әкімдері есеп берді. Министрлердің баяндамасын, әкімдердің есебін тыңдаған Үкімет басшысы қорытынды сөзінде Премьер-министрдің бірінші орынбасары Асқар Маминге барлық мәселелерді өңірлердің басшыларымен селекторлық кеңесте кеңінен талқылау туралы тапсырма берді. Ал Қаржы министрлігіне жол картасы бойынша ақшалай қаражатты уақытылы бөлу мәселелері тапсырылды. Су тасқыны қаупінің алдын алу бойынша жол картасының орындалу барысын бақылау міндеті Премьер-министрдің бірінші орынбасары Асқар Маминге жүктелді.