Нұрсұлтан Назарбаев: Жаңғырту еш уақытта оңай болмайды

Нұрсұлтан Назарбаев: Жаңғырту еш уақытта оңай болмайды

Нұрсұлтан Назарбаев: Жаңғырту еш уақытта оңай болмайды
ашық дереккөзі
Тәуелсіз қазақ елінде жаңғыру тек рухани жүйеде ғана жүріп жатқан жоқ, барлық саланы қамтып отыр. Экономикада да, саясатта да жаңғыру бағытында серпінді серпіліс бар. Әрине, жаңғыру мен жаңару жайдан-жай жүзеге аса салатын жұмыс емес. Бұл бағытта билік тармақтарымен бірге саяси күштер де белсене, жұмыла жұмыс жасауы қажет. «Жаңғырту еш уақытта оңай болмайды. Ол айтарлықтай қарсылықтарды туындатуы мүмкін. «Нұр Отан» партиясының рөлі – ең алдымен жаңғырту бағдарын саяси қолдаудың тетіктерін құруда». Қазақстан Республикасының Президенті, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы  Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің Астанада өткен кеңейтілген отырысында осылай деді.

«НҰР ОТАН» – ЕЛМЕН ЕТЕНЕ

Еліміздегі ең беделді саяси ұйым саналатын «Нұр Отан» партиясының құрылғанына биыл он сегіз жыл толады. Аз уақыт емес, әрине. Осы мерзім ішінде «Нұр Отан» партиясының қанаты қатайып, еліміздегі ең беделді, ең үлкен саяси күшке айнала білді. «Халықпен тікелей жұмыс істеп, кезек күттірмей шешілуге тиісті мәселелерді үнемі назарда ұстап, нағыз елдік партия атанды. Оған өткен сайлаулардағы елдің зор сенімі айқын дәлел. Сол сайлауларға белсене қатысқан біздің партия мүшелерінің істеген шаруасы, жергілікті ұйымдардың істеген шаруасы нәтижесінде халықтың жүргізіп отырған саясатымызға сеніп, бірыңғай дауыс бергенін көріп отырмыз. Партия болашақта да елмен етене болып, халыққа қалтқысыз қызмет етуді жалғастыра береді деп сенемін», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. «Нұр Отан» партиясы белсенді түрде бел буып кірісуге тиісті жұмыстар аз еместігін тілге тиек еткен Мемлекет басшысы: «Қажетті бағдарламаның барлығы қабылданды, оны өздеріңіз де білесіздер. Дегенмен қазіргі жағдайда, дүниедегі ғылыми-техникалық дамудың жаңа саласына бүкіл әлем түсіп отырған кезде біздің алға қойған мақсаттарымыз аз емес. Сондықтан осының барлығына партия басшы болып, жергілікті жерлерде саясатты түсіндіруі қажет», – деді.

«РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ» –  ИДЕОЛОГИЯЛЫҚ ТҰҒЫРНАМА

Еліміздің жетекші саяси ұйымы – «Нұр Отан» партиясы билік пен халық арасындағы тығыз байланыстың алтын көпірі болуы тиіс. Мемлекет басшысы Саяси кеңестің кеңейтілген отырысында бұл туралы да пікірін жасырып қала алмады. «Сөз «Нұр Отан» партиясының өзін жаңғыртумен байланысты болып отыр. Өйткені ел, экономика жаңғырып, саяси күштер де соған сәйкес болуы тиіс», – дей келіп, осы ретте «Рухани жаңғыру» «Нұр Отан» партиясының ағымдағы идеологиялық жұмыстарының тұғырнамасы екендігін айтты. Бұл бағытта жетекші саяси ұйым ел арасында кең түсінік жұмыстарын жүргізудің тетіктерін таба білуі тиіс. «Рухани жаңғыру» бағдарламасына ел халқының ықылас-пейілі ерекше. Бұл өркениетті елдер қатарына қосылуға ұмтылып отырған Қазақстанды жаңа белеске көтеретіні сөзсіз. «Нұр Отан» партиясы ойды түсіндірудің әшейін ғана мінбері болып қоймай, сонымен бірге оны барлық деңгейде белсенді ілгерілетуі тиіс. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы – бұл партияның ағымдағы идеологиялық жұмыстары үшін тұғырнама. Бағдарламаны жүзеге асыруға лайықты қатысу үшін партия өз жұмысын тиімді жолға қоюдың нақты тетіктерін табуы тиіс», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Саяси кеңестің кеңейтілген отырысында «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхамед сөз сөйлеп, мемлекет басшысы ұсынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы қазақ қоғамының дамуына айрықша серпін беріп, ерекше қимыл-қозғалыс әкелгенін атап өтті. «Рухани жаңғыруға» арналған республикалық жобалық офисі ашылып, онда тұрақты жұмыс істеу үшін арнайы партия хатшысы белгіленген. Әлеуметтік желі және түрлі месенджерлермен арада «Рухани жаңғыруға» байланысты жұмыс жанданған. «Санадағы серпілістің іргетасы саналатын қазақ әліпбиін латын қарпіне көшіруді халық арасында кеңінен насихаттауды партия да өзінің күнделікті жұмысында басты назарда ұстауда», – деді Мұхтар Құл-Мұхамед.

ЖАҢА ӘЛЕМДЕГІ ЖАҢА  ҚАЗАҚСТАН

Әлемді шарпыған экономикалық дағдарысқа қарамастан, қазіргі уақытта Қазақстанның әлеуеті өте жоғары. Бұған «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхамед нақты мысалдар келтіріп, Қазақстанның бүкіл әлем мойындаған орасан зор жетістіктері Елбасы стратегиясының, баға жетпес халықаралық абыройы мен саясатының заңды нәтижесі екенін жеткізді. Мұхтар Құл-Мұхамед келтірген дерекке қарағанда, бәсекеге қабілеттілік бойынша жаһандық индексінде, инвесторлардың құқығын қорғау рейтингінде Қазақстан биылғы жылы үшінші орынды иеленген. Сондай-ақ, Біріккен Ұлттар Ұйымының адам капиталының дамуы көрсеткіші бойынша Қазақстанның рейтингі соңғы екі жылда ғана 14 позицияға жақсара түскен. Қазақстанның бюджеті 17 жылдың ішінде 591 млрд теңгеден 12,5 триллион теңгеге жеткен. Яғни, 21 есеге артқан. ХХІ ғасырда әлемнің басқа бірде-бір елінде осындай өсіп-өркендеу байқалып отырған жоқ. Мұхтар Құл-Мұхамед келтірген тағы бір дерек мынадай: Елбасының тікелей бастамасымен қолға алынған, халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған «Нұрлы жол» бағдарламасына 2015 жылы 770 млрд, 2016 жылы 739 млрд теңге бөлінген болса, биыл 647 млрд теңгеге жеткен. Бұл ғана емес, басқа да бағдарламалар бойынша ел игілігіне бағытталған қаржының халыққа жетуін «Нұр Отан» әрдайым жіті бақылауда ұстайтынын айтты партия Төрағасының орынбасары. Қазір Парламент мәжілісіндегі нұротандық депутаттардың заң шығарушылық бастамасы артып, партияаралық тәртіп нығая түскен. «100 нақты қадам» Ұлт жоспары, «Нұрлы жер», «Нұрлы жол» және басқа да шапағаты мен игілігі мол бағдарламаларға байланысты түсіндіру жұмыстарымен бірге бақылау мен тәртіп те күшейтілген.

ӨТІНІШ ҚАРАУСЫЗ  ҚАЛМАЙДЫ

Қазір «Нұр Отан» партиясының миллионнан астам мүшесі бар. Бұл – үлкен саяси күш екені сөзсіз. «Нұр Отан» 16 облыстық және Астана мен Алматы қалалық, 227 аудандық әрі территориялық, 5 824 бастауыш ұйымнан тұратын еліміздегі ең үлкен партия. Партия Төрағасының Бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхамедтің айтуына қарағанда, орталық және жергілікті деңгейде 3052 партия мүшесінен тұратын партиялық резерв жасақталған. Түрлі жағдайлармен жұмыссыз қалған партия мүшелері де назардан тыс қалмайтын болып шықты. Олардың қатары бір жылдың ішінде төрт есеге дейін қысқарған. «Партияның Орталық және өңірлердегі қоғамдық қабылдау жұмыстары жаңа форматқа көшіріліп, өтініштер скайп, ватсап, электронды пошта арқылы да қабылдана бастады. Еліміздің кез келген өңірінен интернет – коммуникация арқылы партияға шығу мүмкіндігі туды. Бұған «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының ойдағыдай жүзеге асуы көп мүмкіндік туғызып отыр», – деді ол. Биылғы жылдың 10 айы ішінде партияның атына 190 мың адамнан өтініш түскен. Олардың мәселесін шешу үшін қоғамдық қабылдауларға депутаттар, министрліктердің өкілдері келіп, қарапайым халықтың сұрақтарына жауап берген. Ең бастысы, өтініштер қараусыз қалмай, 96 пайызы шешімін тапқан.

Ғалым Орынбасарұлы