Екі ауыл арасындағы жанжалдан 1 адам қаза тауып, 7 адам жарақаттанды
Екі ауыл арасындағы жанжалдан 1 адам қаза тауып, 7 адам жарақаттанды
Жамбыл облысында қос ауыл тұрғындарының арасындағы қару қолданылған жанжалдан бір адам қаза тауып, жетеуі түрлі дене жарақатымен ауруханаға түсті. Бұл туралы облыстың ІІД баспасөз қызметі хабарлады.
Полицейлердің мәліметінше, 6 қараша күні кешкі уақытта Аса ауылынан Құмтиын ауылына бағыт алған автобустардың бірінде қос жолаушы керісіп қалады.
«Түнге қарай қақтығыс жалғасын тауып, соңы атысқа ұласқан. Салдарынан жарақат алған 7 адам аудандық орталық ауруханаға түскен. Өкінішке қарай, Жамбыл облысына қарасты Қаракемер ауылының 30 жастағы тұрғыны кеуде тұсынан алған жарақатынан көз жұмды», – делінген ведомство хабарламасында.
Бұндай қылмысқа барғандарды 15 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Тергеу ісі аясында сот-медициналық сараптамасы тағайындалды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу ісі жүріп жатыр.