Жаңалықтар

Түркия мен АҚШ арасында визалық режим қайта жалғасты

ашық дереккөзі

Түркия мен АҚШ арасында визалық режим қайта жалғасты

АҚШ Түркия азаматтарына иммиграциялық емес визаларды шектелген көлемде беруді қайта бастайды. Өткен айда екі елдің арасында тоқтатылған виза беру процесі қайта жанданбақ. Бұл туралы qazaqtimes жариялады.  АҚШ-тың  әрекетіне жауап ретінде Түркия да өзінің Уашингтондағы елшілігі арқылы америкалық азаматтарға "шектелген түрде" виза беруді бастайтынын хабарлады.  Түркиядағы америкалық делегацияның сайтында: "Біз қос тараптың арасындағы қауіпсіздік мәселелері біршама қалыпқа түсті деп есептейміз. Сондықтан виза беру қызметтерін қайтадан жолға қоюға болады" делінген. Иммиграциялық емес визаларға студенттік, медиалық, жұмыс және туристік визалар кіреді. Бүгін Түркияның Прмеьер-министрі Бинали Йылдырым АҚШ-қа ресми сапармен барады. Кездесу барысында ол виза процесін талқылап,  Фетхуллах Гюленнің экстрадициялау тақырыбын қайта көтереді. Өткен айда Түркиядағы Америка елшілігінің қызметкері Орталық билік тарапынан тұтқындалғаннан кейін, АҚШ түркиялықтарға виза беруді  тоқтатып тастаған болатын. Әл-Жазира ақпараттық агенттігіне белгілі болғанындай, Түркия америкалық азаматты босатқан және келесіде осыған ұқсас тұтқындау операциялары туралы АҚШ-ты алдын ала хабардар етіп отыруға уәде берген.