Жаңалықтар

БҒМ жемқорлыққа қатысты пікір білдірді

ашық дереккөзі

БҒМ жемқорлыққа қатысты пікір білдірді

ҚР Білім және ғылым министрлігі Республикалық бюджеттің атқарылуы жөніндегі есеп комитеті мемлекеттік аудит барысында министрлікте қаржылық бұзушылықтарды анықтағаны туралы ақпаратқа қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА ҚР БҒМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап. ҚР Білім және ғылым министрлігінің мәліметтеріне сәйкес, 16 миллиард теңгенің бұзушылығы аудиттің барлық нысандарына (БҒМ, бағынышты ұйымдар, жергілікті атқару органдары) қатысты. Сол соманың 10 млрд теңгесі «e-learning» жүйесі бойынша 2015 жылға дейін сатып алынған жабдықтармен инвентаризациялауға байланысты БҒМ бұзушылығы ретінде көрсетілген. Қалған сома жергілікті атқару органдарының үлесіне тиесілі. Қазірде инвентаризациялау жөніндегі комиссия жұмыс жүргізіп жатыр, құрал-жабдықтарды дер кезінде рәсімдемеген (кіріс қатарына жатқызбаған) облыстарға бару жоспарланған. Тиімсіз пайдаланған 43 млрд теңге сомасындағы бюджет қаржысының 37 млрд теңгесі БҒМ үлесінде, соның ішіндегі 31 млрд теңге «e-learning» жүйесіне қатысты. «Сонымен қатар «e-learning» электронды білім беру жобасы аясындағы жұмыстар жалпы оң бағасын алғанын атап көрсеткен жөн. 2015 жылға дейін 27 млрд теңгенің құрал-жабдығы сатып алынған», - делінген мәтінде. Ұлттық білім беру деректер қорын (ҰБДҚ) және Оқытуды басқару жүйесін (learning management system, LMS) құруға 2 млрд теңге жұмсалған. «ҰБДҚ - бүкіл елдегі білім беру саласындағы статистикалық есептерді енгізудің бірегей құралы», - делінген хабарламада. «Есеп комитетінің баспасөз релизінде келтірілген қалған фактілер БҒМ-ға жанама қатысы бар», - дейді министрліктегілер. Атап айтқанда, 2016 жылы салынуы жоспарланған 8 мектептің 929 млн теңгеге тек 4-еуі пайдалануға берілген. Сонымен қатар нысандарды қаржыландыруға берілген өтініштер өңірлердің әкімдіктерінен келеді, мемлекеттік сатып алу да жер-жерде жүзеге асырылады. Профильді министрлік - бағдарламаның әкімшісі, ол тек қаржылардың дер кезінде аударылуына ғана жауапты. Осыған ұқсас жағдай үш ауысымда бала оқытатын және апаттық жағдайдағы мектептерде де байқалады. «2015 жылғы 1 қазанда анықталған 156 үш ауысымда бала оқытатын және апаттық жағдайдағы мектеп 2017-2018 жылдар аралығында толығымен жабылады. Осы мақсатта жұмсалатын қаржы толық көлемде бөлінген. Алайда тұрғындардың демографиялық өсімінен және мектептердің табиғи қартаюы мен тозуының салдарынан жыл сайын проблемалық мектептер пайда болып отырады. 2016 жылдың қазанында апаттық жағдайдағы 23 мектеп және үш ауысымда бала оқытатын 56 мектеп анықталды», - делінген хабарламада. Сонымен қатар, БҒМ үшін 2008 жылдан 2015 жылға дейінгі аралықта әлемдік деңгейдегі колледждер мен өңіраралық кәсіби орталықтардың құрылысы да айтарлықтай қиындықтарды туындатқан. Осы жобалар бойынша анықталған бұзушылықтарға қатысы бар бірқатар тұлғаның сотталғаны белгілі. «Осыған орай,  ағымдағы жылы нысандардың одан әрі қызмет ететіні туралы шешім шығарылғанын, олар әкімдіктерге әлеуметтік қажеттіліктер негізінде берілетінін хабарлаймыз. ҚР БҒМ ұстанымы: аталған жобалардың барлығы да көп шығындарды талап етеді, оларды құруға қажеттілік жоқ», - дейді министрліктегілер. Сонымен қатар кадрларға деген сұранысты болжауды ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жүргізеді. Ол жергілікті атқарушы органдармен, ірі компаниялармен және басқа мемлекеттік органдармен ынтымақтастықта жуық уақыттағы кадрларға деген сұранысты анықтайды. «Сол сұранысқа негізделе БҒМ мемлекеттік тапсырыс береді. Білім және ғылым министрлігі ондай сұранысты қалыптастырмайды, өйткені БҒМ ондай функцияны атқармайды», - делінген мәтінде. Сонымен қатар істерді құқық қорғау органдарына беру ҚР БҒМ лауазымды тұлғаларына қатысты емес, бірақ орындалмаған жұмыстарға ақы төлеу бойынша Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам ауданының құрылыс бөліміне және конкурс шараларын өткізбестен студенттердің тамақтануын ұйымдастыру туралы келісім жасасу бойынша  Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетіне қатысы бар. Еске сала кетейік, бір күн бұрын Республикалық бюджеттің атқарылуы жөніндегі есеп комитеті республикалық бюджеттен ҚР БҒМ-ға жекелеген бюджеттік бағдарламаларға бөлінген қаржылардың тиімді пайдаланылуы, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор субъектілерінің активтері бойынша жүргізілген мемлекеттік аудит қорытындыларын жариялаған болатын. Атап айтқанда, мемлекеттік аудит қорытындысы бойынша жалпы сомасы 16,9 млрд теңге болатын қаржылық заң бұзушылықтар, 43,2 млрд теңге бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану және жалпы сомасы 26,7 млрд теңгені құрайтын 147 рәсімдік құқық бұзушылық фактілері анықталды. Сондай-ақ, мемлекеттік аудит барысында 5,9 млрд теңге қалпына келтірілген және өтелген, оның ішінде республикалық бюджет кірісіне 285,1 млн теңге қайтарылып, бухгалтерлік есеп бойынша 5,1 млрд теңге жұмыстарды орындау, қызметтер көрсету, тауарларды жеткізу арқылы қалпына келтірілді. Отырыс қорытындысы бойынша Білім және ғылым министрлігіне анықталған бұзушылықтарды жою бойынша шаралар қабылдау, бюджет және өзге де заңнама талаптарының сақталуын қамтамасыз етпеген лауазымды адамдардың жауапкершілігін қайта қарау және өзге де тапсырмалар берілді. Мемлекеттік аудиттің бірқатар материалы процестік шешімдер қабылдау үшін құқық қорғау органдарына және әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істерді қарауға уәкілетті органдарға жіберіледі.