Заңсыз балық аулаған Дағыстан азаматтары ұсталды
Заңсыз балық аулаған Дағыстан азаматтары ұсталды
Каспий теңізіндегі шекарашылар «Байда» жүзу құралына мінген Дағыстанның 4 азаматын ұстады, – деп хабарлайды 24.kz арнасы.
Арнаның хабарлауынша, олар Каспий теңізіндегі Қазақстанға тиесілі аумаққа заңсыз кіріп, балық аулаған. ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті баспасөз қызметінің мәлімдемесіне сүйенсек, браконьерлік пиғылдағы азаматтардан екі итбалық пен бағалы балықтардың ірі партиясы тәркіленді.
«Семсер» кемесінің экипажы «Байданы» байқап қалып, соңдарына түскен. Дабылға тоқтамай, бұйрыққа бағынбағандарды әуеге оқ атып, тәртіпке шақырған. Су көлігінің қозғалтқышы да көзделді. Ендігі нысана өздері екенін сезген заңбұзушылар еріксіз шекарашыларға берілді.
Тексеру кезінде Ресей азаматтарынан бекіре тұқымдас 100 балық, салмағы центнер тартатын ақбалық және екі итбалық табылды. Бір жарым қапқа салынған құрал-жабдықтар да тәркіленді. Қару қолдану кезінде оққа ұшқандар жоқ. Құқық қорғау құрылымдарына хабар берілді. Қазір заңсыз балық аулағандарға қатысты тергеу жүріп жатыр.