Жаңалықтар

ОҚО: Көрші елдердегі су қоймалары қауіп төндіріп тұр

ашық дереккөзі

ОҚО: Көрші елдердегі су қоймалары қауіп төндіріп тұр

Қазақстанның оңтүстігіне көрші елдердің су қоймасы қауіп төндіріп тұр. Бұл туралы бүгін Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.  «Облыста су тасқынының алдын алу жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілуде. Күнделікті су қоймалары мен өзен жағдайы қадағалауға алынып, мониторинг жүргізілуде. Дегенмен, облыста ең өзекті мәселелердің бірі - трансшекаралық Сырдария өзені бойында  орналасқан көршілес елдердегі су  қоймаларындағы су мөлшері. Бұл бізді алаңдатуда. Қазіргі таңда келген мәліметтер бойынша Тоқтағұл су қоймасының жобалық  сыйымдылығы 19,5  млн текше метр болса, қазіргі жағдайда 99 пайызға толып тұр. Қайрақұмның жобалық сыйымдылығы 3 млн 800 мың текше метр болса, қазіргі жағдайда 86 пайызға, яғни 3 млн 281 мың текше метр  толған», - деді ол. Облыс басшысының ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитетінің   мәліметтеріне сүйенген дерегіне сәйкес, Шардара су қоймасына секундына 4 мың текше метр су келу болжамы бар. Яғни, бұл Шардара су қоймасына қауіп туғызады. Себебі Шардара су қоймасының  суды төмен тастауға арналған гидротехникалық жүйелерінің мүмкіншілігі секундына 2315 текше метрд ғана құрайды. «Біріншіден, өткен  жылдың тәжірибесін ескере отырып, Шардара су қоймасын кемінде 2018 жылдың қаңтар  айына дейін транзиттік режімде ұстауды, екіншіден қауіп төнген жағдайда көршілес  Қырғызстан, Тәжікстан,  Өзбекстан республикаларымен келісім арқылы келген судың мөлшерін азайтуға және Арнасай ойпатына су жіберу  мәселесін Үкімет деңгейінде шешуді, үшінші Шардара су қоймасынан жоспарлы түрде Қызылқұм ойпатына секундына 2100 текше метр апатты су тастау құрылымы құрылысын салуды ұсынамыз. Бұл жаңа ұсынысымыз. Өйткені, 4000 текше метр су келген жағдайда секундына қалған 1685 текше метр су Шардара су қоймасын 15-20  күннің ішінде толтырып тастайды. Төртінші, қыс мезгілінде қауіпті жағдай төнген кезде Шардара су қоймасынан Қызылорда облысына  тасталатын су мөлшерінің көлемін ұлғайтып, реттеу керек. Жалпы, қазіргі таңда облыста су тасқыны қаупі жоқ.  Бұл алдымыздағы кезеңдерге арналған жобалар», - деді Жансейіт Түймебаев. «Бұл өте күрделі мәселе. Сол себепті Асқар Исабекұлы (ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Ауыл шаруашылығы министрі Мырзахметов) бұл мәселені өте  мұқият  бақылап отыру қажет», - деді Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев.