Өмірге келгеніне өкінгендер

Өмірге келгеніне өкінгендер

Өмірге келгеніне өкінгендер
ашық дереккөзі
Елімізде өз-өзіне қол жұмсағандардың саны азаяр емес. Әсіресе, жасөспірімдер мен жастар арасында өз ғұмырына балта шабатындар көбейіп отыр. Жастардың еш ойланбастан өз-өзін өлімге қиятындығына сенгің келмесе де, бүгінгі қоғамның басты дерті – осы мәселе. Ең өкініштісі, мұндай қадамға баратын қыз-жігіттердің әрекетіне тосқауыл болу мүмкін болмай тұр. Қазіргі таңда бүкіл әлем ғалымдары суицидтің алдын алу және себебін анықтауға барын салуда. Өйткені өз өмірін қиюға бағытталған саналы әрі ерікті түрдегі әрекет бүкіл жаһандық түйіткілге айналуда. Еуропа елдерінде өз-өзіне қол жұмсау көрсеткіші адам өлтіруге қарағанда үш есе артық. Статистикалық деректерге жүгінсек, дүние жүзі бойынша бір күнде 2200 адам өзі-өзін өлімге қияды екен. Мамандардың сараптауынша, бұл көрсеткіш 15 әуе апатына пара-пар. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, әлемде әр 40 секунд сайын бір адам өз-өзіне қол жұмсайды. Жыл сайын 800 мың адам суицидтен қаза болады. Біздің елдегі ресми деректер де мәз емес. Қазақстан 5-12 жас аралығындағы балалардың суицид жасауынан әлемде тоғызыншы, ал 15-29 жас аралығындағы азаматтардың өз-өзіне қол жұмсауы бойынша Үндістан, Солтүстік Корея, Зимбабведен кейін төртінші орында тұр. ЮНИСЭФ ұйымының дерегіне сүйенсек, Қазақстан 24 елдің ішінде 15-19 жас аралығындағы қыздар суициді бойынша бірінші орында. Ал ересектердің суицид жасауы жағынан Қазақстан ТМД елдерінің ішінде көш бастап тұр. Елімізде жасөспірімдердің өз-өзіне қол жұмсауы жөніндегі деректер Ақмола облысында көп тіркеліпті. Өткен жылы жас­өспірімдер арасындағы өз-өзіне қол жұмсау деректерінің 32 пайыздан астамы Ақмола облысында тіркелген.

800 себебі бар суицид

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы суицидтің 800 себебін анықтаған. Ал жас­өспірімдер арасындағы суицидтің 80 пайызы отбасындағы кикілжіңге байланысты. Мамандардың сөзіне сүйенсек, жастар психологиялық дертке шалдыққанда, ауыр депрессиялық жағдайларда өз-өзіне қол жұмсайды. Жанындағы жақын адамдарынан қолдау таппаған, өмірден түңілген, есірткіге, ішімдікке тәуелді жасөспірімдер суицидке жиі барады. Ал әлеуметтанушылар өз-өзіне қол жұмсау әрекеттеріне екі түсінік береді. Бірінші, адам бойындағы жеке мінез-құлықтық әрекеттердің өзгеруі, екіншісі, кейбір адамдардың қоғамға байланысты өз еріктерімен өлімге баратындығымен байланысты. Бүгінде жасөспірімдердің болмашы нәрсені күрделендіріп жіберетіні жасырын емес. Жастар арасындағы суицид мәселесін зерттеген мамандар мына нәрсені анықтапты: көп жағдайда жасөспірімдер ата-аналарының, мұғалімдердің назарын жеке бастарына аудару мақсатында өз-өзіне қол жұмсауға шешім қабылдайды және осылай ересектердің селқостығы мен қатыгездігіне қарсылық білдіреді. Мұндай қадамға көбінесе тұйық, жаны жараланғыш, өмірден түңілген жасөспірімдер барады. Ең бастысы, жастардың қиындықтарға төзбеуі, өздеріне қарата айтылған сынды дұрыс қабылдамауы олардың өз-өздеріне қол салуына себеп болуда. Соңғы кездері жастар арасындағы өз-өзіне қол жұмсау деректеріндегі жиі аталатын себеп – сүйіктісімен ренжісуі. «Махаббат машақатынан» мұндай қадамға баратын жастарды рухани әлсіз деп бағаласақ, қателесе қоймаспыз. Өмірдің бұралаң жолдары көп болатындығын үйде ата-ана, мектепте, оқу орындарында ұстаздар санаға сіңіруі тиіс. Әйтпесе, алдынан кездескен әр кедергіге морт сынып, тіпті, өз өмірін құрбан ететін жастардың әрекетіне тоқтау салу қиындап кететін түрі бар. Мектеп оқушылары үшін емтихандар мен ұлттық сынақтар да үлкен мәселеге айналғалы қашан. Дәл осы емтихандарды тапсырудан қорыққан және сынақтан төмен ұпай жинағандардың арасында да өз өмірін қиятындар саны жиілеп барады. Мәселен үстіміздегі жылдың мамыр айының соңында Ақмола облысында тоғызыншы сынып оқушысы мектептегі емтихан қарсаңында өз-өзіне қол жұмсап, қайтыс болды. Оқиға 31 мамыр күні Целино­­град ауданы, Талапкер ауылында орын алған. Полиция қызметкерлері ұсынған деректерге жүгінсек, тоғызыншы сынып оқушысы үйінде емтиханға дайындалған. Ата-анасы Астана қаласында жұмыста болыпты. 2004 жылы туған кіші сіңлісі мектептен соң үйге келіп, шкафта асылып қалған әпкесін тауып алған. Мұндай жағдайлардың жиілеп бара жатқандығы өкінішті-ақ. Егер адам өз өмірін қиюға әрекет етсе, демек ол өмірінде кездескен мәселенің шешімін таба алмады деген сөз болуы мүмкін. Бұл ретте психологтар жасөспірімдер арасындағы суицидтің себептері көп екендігін айтады. «Жасөспірімдер мен жастар арасындағы өз-өзіне қол жұмсау әрекеттерінің себебін нақты бір мәселемен байланыстыру мүмкін емес. Ең бірінші, жасөспірімдерге отбасылық жағдай әсер етеді. Мәселен ата-анасының екіге айырылып кеткенін қабылдай алмауы, ата-ана мен бала арасындағы жағымсыз қарым-қатынас, отбасындағы зорлық-зомбылық, ата-ананың өлімі жасөспірімдердің суицид жасауына алып келуі ықтимал. Мектептегі қиындықтар, құрдастарының мойындамауы, ортамен араласа алмауы да балаға кері ықпал етеді. Қыз балалар арасында жігітінің тастап кетуі, жасөспірім қыздардың оң жақта отырып, аяғының ауырлап қалуы да негізгі мәселеге айналуда. Мұндай жағдайлардың бәрі жеткіншектерді күйзеліске алып келеді. Ал күйзеліс адамды жиі суицидтік әрекетке итермелейді», – дейді психолог Рахат Исақұлова.

«Көк киттен» келген қауіп

Қоғамның ақпараттануы, адамның қоршаған ортадан алшақтап, түрлі компьютерлік ойындар мен әлеуметтік желілерге тәуелді болуы да суицидтің көбеюіне ықпал етіп отырғаны жасырын емес. Осының салдарынан бүгінде адамдар бір-бірінен алшақтап, пікір алмасу, сырласу, ой бөлісу дегендер мүлдем тоқтады. Адамдардың бір-біріне назар аударуға мүмкіндігі жоқ. Көпшілік қолдарындағы смартфоннан, ондағы әлеуметтік желілерден бас алмайды. Тіпті, жыл басында әлеуметтік желілер арқылы танылған суицидті насихаттайтын топтардың құрбаны болған жасөспірімдер қатары артқаны белгілі. Әлеуметтік желілердің бірінде арнайы ойын ұйымдастырғандар күн сайын жас­өспірімдерге арнайы тапсырма беріп отырған. Олардың соңғы тапсырмасы – өз-өзіне қол жұмсау болған. Өкінішке қарай, арнайы тапсырмалар арқылы балалардың психологиясына әсер етіп, олардың өз-өзіне қол жұмсауына себепкер болатын «Көк кит» ойыны қазақстандықтарды да айналып өтпеді. Мәселен Қарағандыда жуынатын бөлменің тұтқасына асылып қалған 19 жастағы бойжеткен, Ақтау қаласындағы қолын тілгілеп тастаған жетінші сынып оқушысы да осы ойынның құрбандары. Сондай-ақ, Жамбыл облысында және Астана қаласында аталмыш ойынның бірнеше тапсырмасын орындап үлгерген жасөспірімдер туралы да деректер бар. Осы ойынның әсерінен өздеріне қол салмақ болған жасөспірімдер Алматы мен Астанадан, Семей мен Павлодардан, Петропавл қаласынан табылды. Бұл қауіпті ойын бүкіл қоғамды алаңдатқаны шындық. Өйткені «Көк кит» ойынының кесірінен өзіне қол салушылар көбейді. Деректерге назар салсақ, 2015 жылдың қарашасы мен 2016 жылдың сәуірі аралығында бір Ресейдің өзінде әлеуметтік желілердегі суицидті насихаттайтын топтардың ықпалына түсіп, 130-дан астам жасөспірім өз-өзіне қол салған. Одан кейін мұндай оқиға Қырғызстанда көбейген болатын. «Көк кит» көрші елден келген қауіпті ойындардың алғашқысы емес. Бұған дейін әлеуметтік желілер арқылы «Собачий кайф» деп аталатын ойын да жасөспірімдердің өз-өзіне қол жұмсауына себеп болған-ды. Өзін-өзі тұншықтырумен тек ресейлік жасөспірімдер ғана емес, 2007 жылы АҚШ жасөспірімдері де ойнаған көрінеді. АҚШ-та бір жылдың өзінде-ақ 40-қа жуық бала осы ойынның кесірінен о дүниеге аттанған. Сондықтан өткен жылдың соңында Білім және ғылым министрлігі де әлеуметтік желідегі мұндай парақшаларды бұғаттауды сұраған болатын. Бірақ одан бері еш өзгеріс бола қоймаған тәрізді. Мұндай парақшалар мен сайттарға тыйым салу мәселесі әлі күнге дейін өзекті болып отыр. Сонымен бірге, үстіміздегі жылы 17 жастағы аргентиналық жеткіншектің бүкіл әлем бойынша адамдардың өз-өзіне қол жұмсау процесін ұйымдастырмақ болғаны анықталған болатын. Шетелдік басылымдардың жазуына қарағанда, әлгі жеткіншек құрған халықаралық ұйымға мүше жандар бір күнде өздеріне қол жұмсауға міндеттелген. Абырой болғанда, полиция қызметкерлері 17 жасар бала ұйымдастырған әрекеттің алдын алды. Ол әлеуметтік желі арқылы топ ашып, онда тіркелген адамдарды бір күнде өздеріне қол жұмсауға міндеттеген. Құқық қорғау қызметкерлері 17 жасар баланың үйінен өткір пышақ пен қан сіңіп қалған мата тапқан. Сонымен бірге, жеткіншектің психикалық ауытқушылығы бар екені белгілі болды. Осындай әлеуметтік желілерден балалар мен жасөспірімдердің өміріне қауіп төнбеуі үшін еліміздің Ақпарат және коммуникациялар министрлігі суицидтік бағыттағы топтарды анықтау мақсатында әлеуметтік медиа мониторингін тұрақты түрде жүргізеді. Нәтижесінде, соңғы жылдары осындай контенттегі жүздеген топтар жойылды. ҚР ІІМ мәліметтері бойынша 2016 жылы елімізде кәмелетке толмағандарды өз-өзіне қол жұмсауға дейін итермелеу фактілері бойынша 9 қылмыстық іс тергелген.

Баршаға ортақ міндет

Адамның жаны – пендеге уақытша берілген аманат. Сондықтан «өз жанымды қашан қиярымды өзім білемін» деуден аулақ болу керек. Бұл – дінтанушы мамандардың жастарға берер кеңесі. Жиырмасыншы ғасырдың басында австриялық психолог Зигмунд Фрейд суицидтің себебін ызақорлықпен, агрессиямен түсіндірсе, америкалық психолог Карл Менниндер оны өш алу, жеккөрушілікпен, тұйыққа тірелумен және өзін кінәлі сезінудің күштілігімен байланыстырған. Әлбетте, суицид термині бертінде пайда болғанымен, өзіне-өзі қол салу адамзатпен бірге жасап келеді. Өзін-өзі өлтіргендердің мәйітін өртеп жіберу ежелгі Грекия, Спарта, Афинада болса, орта ғасырлық Австрия мен Францияда оларды діни көзқарас бойынша қылмыскер санаған. Адамға өмір берген Алла ғана оның жанын ала алатынын ескерсек, Ислам дінінде де өзін-өзі өлтірудің күнә екендігін бағамдаймыз. Мұхаммед пайғамбар өзін-өзі өлтірушіге қатысты былай деп айтқан: «Өзін-өзі тұншықтырып өлтірген адам, тозақ отында тұншықтырылады. Өзіне пышақ салып өлген адам, тозақта пышақталады. Өзін жардан тастап өлген адам, тозақ отына лақтырылады». Әрбір адам жасаған әрекетіне абай болуы керек. Өз-өзіне қол жұмсау түйіткілдің шешімі болмайтындығын ұғыну керек. Оның үстіне, өзін-өзі өлтіру шариғатта Жаратқанның жазмышына қарсы шыққанмен тең. Қоғамда орын алып жатқан осынау сорақылықтың ең басты себебі иманды тәрбиенің жетімсіздігі десек те қателеспейтін болармыз. Қалай десек те, суицидпен күресу – баршаның ортақ міндеті. Бұл мәселеге ата-аналар да, білім ордаларындағы ұстаздар да, психологтар да баса назар аударғаны жөн. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген сөз бар қазақта. Қоғамның дертіне айналған бұл мәселемен де бір жұдырық болып күресу шарт.