Асқар Мамин жұмыс сапарымен – Оңтүстік Қазақстанда

Асқар Мамин жұмыс сапарымен – Оңтүстік Қазақстанда

Асқар Мамин жұмыс сапарымен – Оңтүстік Қазақстанда
ашық дереккөзі
   Бүгін ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин бастаған жұмысшы топ іссапармен Оңтүстік Қазақстан облысына барды.   Бұл туралы ОҚО әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.  Делегация құрамында ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Роман Скляр,  ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Айбатыр Жұмағұлов, Қазақстан темір Жолы» ҰК» АҚ Президенті Алпысбаев Қанат, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Ермек Қизатов,  «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Әнуар Омарходжаев бар. Ең алдымен Асқар Мамин Шымкенттегі халықаралық әуежайының жұмысын аралап көріп, онда «Шымкент әуежайы» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Сәкен Мамырбековтың әуежайдың жұмысы туралы баяндамасын тыңдады. Бұдан бөлек, жұмысшы топ Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Ж.Түймебаевтың қатысуымен өткен әуежайды қайта құру бойынша жиынға қатысты.  Шымкент әуежайы 1968 жылы ашылған. «Шымкент» әуежайы шектеусіз әуе кемелерінің барлық типтерін қабылдайтын халықаралық әуежай болып келеді. Әуежай тәулік бойы жұмыс істейтін  кедендік, шекаралық және санитарлық-карантиндік бақылауды толық көлемде қамтамасыз етеді. Бұл жерден Қазақстан Республикасының барлық облыстық орталықтарына, сонымен қатар ТМД елдерінің, алыс және жақын шетелдің қалаларына тұрақты рейстер жүзеге асырылады. Сапар барысында делегация мүшелері «Оңтүстік» көліктік-логистикалық орталығының жұмысымен танысты. Қазақстанның еуразиялық көлік-логистикалық хабына айналуы бойынша мемлекеттік «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында құрылған «Оңтүстік» көлік-логистикалық орталықтың аумағы 92 гектарды құрайды.  Қазіргі таңда аталған аймақта жекеменшік 8 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда, оның ішінде «Kazakhstan Logistics group» ЖШС мен «Зерде» НПО ЖШС компаниялары өз жобаларының бірінші кезеңін іске қосты. Бүгінгі таңда іске қосылған қоймалардың жалпы аумағы 18 326 шаршы метрді құрайды. Ал осы жылдың соңына дейін «Continental Logistics Shymkent» ЖШС-нің 20 736 шаршы метр қоймасы мен «Зерде» ЖШС-нің 5 760 шаршы метр қоймасы бар инвестициялық жобасының екінші кезеңі іске қосылмақ. Қалған инвестициялық жобалардың құрылыс-монтаждау жұмыстарының 30 пайызы аяқталып отыр. Бұдан соң, Асқар Мамин Ордабасы ауданында орналасқан Индустрияландыру картасына енген «Агро V» кірпіш зауытын аралап көрді.  Жоба құны 527 млн. теңгені құрайтын зауыт жылына 25 миллион кірпіш өнімін шығарады. Бұнда 60 азамат жаңа жұмыс орынымен қамтамасыз етілген. Зауыт қысы-жазы жұмыс жасайды. Мұндағы технологиялық құрал-жабдықтар арнайы тапсырыспен Қытай Халық Республикасынан алынған. Жабдықтар көп компонентті қоспалардан жоғары сапалы өнім шығаруға және толығымен автоматтандырылғанның есебінен кірпіштердің геометриялық пішіндерін сақтауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, кірпіштерді күйдіруге арналған пештің елімізде баламасы жоқ.