ЕАЭО-ның Кеден кодексі туралы шарты ратификацияланды

 Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексі туралы шартын ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексі туралы шартқа Мәскеу қаласында 2017 жылғы 11 сәуірде қол қойылды. «Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа сәйкес бірыңғай кедендік реттеу жүзеге асырылады. Бұл шарт жаңа Кеден кодексін жасауды талап етіп отыр. Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексі халықаралық стандарттарға әрі кедендік әкімшілендірудің озық тәжірибесіне негізделген және Еуразиялық экономикалық одаққа мүше бес мемлекеттің әрқайсысының құқық қолдану тәжірибесінің ерекшеліктері ескеріле отырып жасалды. Құжатта кедендік операцияларды автоматтандыру, кедендік әкімшілендіруді жеңілдетуге негізделген бизнес үшін мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылдың неғұрлым ыңғайлы алгоритмін енгізу, экспорт-импорт операциялары кезінде «бір терезе» тетіктерін құру мен енгізу сияқты мүлдем жаңа тәсілдер қамтылған»,-деді ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов заң жобасы бойынша баяндамасында. Оның сөзіне қарағанда, ЕАЭО Кеден кодексінің негізгі жаңалықтарының қатарында кедендік реттеуге қатысты мүлдем жаңа тәсілді атауға болады, ол – кедендегі бизнес процестерді автоматтандыру тәсілі. «Электрондық декларациялау басымдығы енгізілуде. Бұл декларациялаудың электронды түрде жүзеге асырылатындығын білдіреді. Бұл ретте қандай да бір растау құжаттарын қоса беру қажет емес. Барлық қажетті мәліметтер декларацияның өзінде көрсетіледі. Қағаз түрінде декларациялау тек жекелеген жағдайларда, мысалы, техникалық істен шығулар кезінде ғана болуы мүмкін. Бұдан басқа, жобада «бір терезе» тетігін пайдалану мүмкіндігі заңды түрде қамтылған. Енді кеден органдары декларанттан ақпараттық өзара іс-қимыл жасау шеңберінде мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен алуға болатын құжаттарды сұратпайтын болады. Осы екі жағдайды іске асыру тауарларды автоматты түрде шығаруды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Яғни, кеден органдарының ақпараттық жүйесі, егер әлеуетті бұзушылықтар анықталмаған болса, декларацияны лауазымды тұлғалардың қатысуынсыз шығарады. Осылайша тауарларды кеден органдарының лауазымды тұлғасының қатысуынсыз шығаруға заңдық мән беріледі»,-деді министр. Белгілі болғандай, жиынтығында көрсетілген нормалар декларациялау процесін айтарлықтай жеңілдетеді және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін қысқартуға мүмкіндік береді. Ақпараттық технологияларға баса назар аударудан басқа, сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардың өз шығыстарын оңтайландыруына мүмкіндік беретін бірқатар мүмкіндіктер, мысалы, кедендік баждар мен салықтар бойынша кейiнге қалдыруға қол жеткізу мүмкіндігі пайда болды. Егер декларант қандай да бір себептермен кедендік баждар бойынша бюджетпен бірден есеп айырыса алмайтын болса, онда мемлекет оған пайызын төлей отырып, бір айға кейінге қалдыруды пайдалану құқығын береді. Жекелеген жағдайларда пайыздарды төлемей алты айға дейін кейінге қалдыру ұсынылады. Мысалы, жеткізу халықаралық шарттар аясында жүзеге асырылған кезде, сонымен қатар ауыл шаруашылығы техникасын, егістік материалдарын, асыл тұқымды малдарды әкелген кезде, төлеушіге зілзала, технологиялық апат немесе еңсерілмейтін күштің өзге де жағдайлары нәтижесінде залал келтірілген кезде кейінге қалдыру ұсынылады. Бұдан бөлек, экономикалық операторлар үшін арнайы жеңілдетулер кеңейтілді. «Осылайша, Еуразиялық экономикалық одақтың жаңа Кеден кодексінің күшіне енуі сыртқы экономикалық қызметті жүргізуді жеңілдетіп, Еуразиялық экономикалық одаққа қатысушы елдердің транзиттік және экспорттық әлеуетін барынша пайдалануға мүмкіндік береді», – деп атап өтті Тимур Сүлейменов.

 

Back to top button