Жаңалықтар

Білімнің салтанат құруы – басым бағыт

ашық дереккөзі

Білімнің салтанат құруы – басым бағыт

Елдің ертеңгі іргесі берік болуы үшін бүгінгі жастардың сапалы білім алып, білікті мамандар қатарын толықтыруы қажет. Сондықтан ел билігі білім саласына ерекше назар аударып отыр. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында белгілеп берген жаңғырудың 6 бағытының бірі – білімнің салтанат құруы. Бүгінде елімізде сапалы маман дайындайтын жоғары оқу орындарының қатары көп. Заман талабына сай ақпараттық технология, темір жол, автомобиль жолдары, телекоммуникациялар және қаржы экономикалық құрылымдары үшін кадрлар даярлайтын жоғары оқу орындарының бірі де бірегейі – М.Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясы. «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы АҚ еншісіндегі академия – Қазақстанның жетекші жоғары техникалық оқу орны. Академия жиі өзгеріске ұшырайтын әлеуметтік-экономикалық шарттарға бейімделуге қабілетті, білікті мамандар даярлауды негізгі мақсат етеді. Бүгінде оқу орны маман даярлаумен қатар, түлектерді қызметке орналастыру міндетін де мойнына алып отыр. Өткен жылы академияда Стратегиялық даму және мансап бөлімі құрылған болатын. Ондағы мақсат – жастарды жұмыспен қамту және жұмысқа орналастыру деңгейін арттыруға жәрдемдесу. Аталмыш бөлімнің қызметкерлері жұмыс берушілермен тікелей байланыс орнатады. Жыл сайын оқытудың соңғы айларында арнайы құрылған комиссия түлектерді «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы АҚ филиалдарына және жас мамандарға мұқтаж жеке ұйымдарға бөледі. Сонымен бірге, Алматы қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасымен бірге, академия түлектерін бос жұмыс орындарына орналастыру және оларға ақылы түрде тәжірибеден өту мүмкіндігі беріледі. Білім алушылардың теориялық білімдері мен тәжірибелік дағдыларын бекіту мақсатында академия «ҚТЖ» ҰК» АҚ құрылымдық бөлімшелердің және еншілес кәсіпорындардың базасында өндірістік тәжірибені ұйымдастырумен айналысады. Мұнда білім алатын студенттерге де барлық жағдай жасалған. Қазақ көлік және коммуникациялар академиясына оқуға қабылданған жастар студенттер үйінде тегін тұру мүмкіндігіне ие бола алады. Сондай-ақ, үздік оқитын және әлеуметтік жағдайы төмен отбасынан шыққан студенттер үшін түрлі әлеуметтік шәкіртақылар мен жеңілдіктер қарастырылған. Мәселен Қазақ көлік және коммуникациялар академиясының президент-ректоры Бақытжан Қуанышев ұсынатын білім грантына ие болған студент бір жыл тегін білім алу мүмкіндігіне ие болады. Академия шет мемлекеттердегі үздік оқу орындарымен тығыз байланыс орнатқан. Қазірдің өзінде оқу орнында Германия, Франция, Қытай, Оңтүстік Корея, Польша сынды жиырмаға жуық алыс-жақын шет мемлекеттердің 115 жоғары оқу орындары, мекемелері және ғылыми-зерттеу институттарымен ортақ келісімшарттар мен меморандумдар негізінде ынтымақтастық жүзеге асырылып отыр. Академияның халықаралық жобалар мен білім беру бағдарламаларына қатысуы  халықаралық үздік тәжірибемен танысуға, оны енгізуге, кәсіби біліктілікті арттыруға мүмкіндік береді. Қазақ көлік және коммуникациялар академиясы маман даярлап қана қоймай, қоғамдық іс-шараларға да баса назар аударады. Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы аясында оқу жылы басталғалы бері алға қойған нақты мақсаттар мен жүйелі жобаларды іске асыру үшін  тақырыптық конференциялар ұйымдастырылуда. Мәселен жуырда академия қабырғасында Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын талдау және түсіндіру аясында Латын әліпбиіне біртіндеп көшу мәселесіне қатысты ҚазККА мәжіліс залында, «Қазақстан тарихы және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер» кафедрасының кафедра отырысында «Латын әліпбиі» атты дөңгелек үстел өтті. Кездесу барысында әліпбиді өзгерту кезіндегі кедергілер, әліпби болашағы мен құрылымы туралы ұсыныстар, талап-тілектер көптеп айтылды. Сарапшылар арасында талқыланып жатқан және латын әліпбиіне көшудегі «ең тиімді әліпби жасау» мәселесі академияда да қызу талқыға түсті. Бүгінде белгілі болғандай, бұл үлкен өзгеріс – Қазақстанның ақпараттық кеңістікте өз орнын табуға, бәсекеге қабілеттілікті арттыруға және қауіпсіздік мәселесін күшейтуге өз әсерін тигізетіні анық. Тағы бір айта кететін жайт, оқу орнының басшылығы студенттермен тікелей байланысып отырады. Оның бір дәлелі – жыл сайын ұйымдастырылатын бірінші курс студенттерінің президент-ректор және академия басшылығымен кездесуі. Жиын барысында президент-ректор Бақытжан Қуанышев студенттердің ғылыми-зерттеу, тәрбие және оқу-әдістемелік жұмыстарына тікелей қатысы бар құрылым басшыларымен таныстырды. Сонымен қатар, студенттердің алдында сөз сөйлеген Оқу-әдістемелік жұмысы жөніндегі проректоры Ұлан Құттыбаев және тәрбие ісі жөніндегі проректоры Меруерт Жармағамбетова жоғары оқу орнының оқу-әдістемелік және тәрбие жұмыстары бағытындағы басты жұмыстарды атап өтті. М.Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясы жоғары кәсіби мамандарды дайындау бойынша Қазақстан мен шетелде танылған жоғары оқу орны, көлік және телекоммуникация саласындағы жаңа техника мен технологияны енгізумен қатар нормативтік-техникалық құжаттарды дайындау саласындағы жетекші инновациялық орталық. Қазіргі уақытта академия Болон үдерісі қағидаттары мен халықаралық сапа стандарттарын жүзеге асыру арқылы Қазақстан Республикасы экономикасының көлік-коммуникациялық секторына арналған кадрларды дайындау бойынша ұлттық білім кеңістігінде көшбасшы болуды көздейді.  

Ләззат ҚҰРМАНБАЕВА,

философия ғылымдарының

кандидаты, доцент