Жаңалықтар

Таңғажайып тағдыр

ашық дереккөзі

Таңғажайып тағдыр

Биыл 90 жылдық мерейтойы аталып өткелі отырған Қазақстанның халық ақыны Жамбылов Әлімқұл Тоққұлұлы (09.05.1927-14.11.2015) Алматы облысы, Жамбыл ауданындағы Жамбыл ауылында, Жамбыл ата әулетінде дүниеге келген. Бұл – шығысы Үшқоңыр, батысы Суықтөбе аралығында, асқар Алатаудың бөктерінде орналасқан киелі Жамбыл елі. «Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады, біреуіне болмаса, біреуіне жұғады» дегендей, бұл бақ қонып, қыдыр дарыған өлкені батырлар мен ақындар ауылы деп, кейінгі кезде ғалымдар ауылы деген қосылып аталып жүр. Бұл өлке бүгінгі таңда халық мақтанышына айналған қаншама белгілі ақын-жазушы, білікті заңгер, жұлдызды генералдар, ғылымның шыңына шыққан профессорлар мен академиктер, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлерінің кіші Отаны. Екі бірдей перзенті (Нұртай Әбіқаев, Қайрат Мәми) жаңа заманның жаңаша құрылымы ҚР Парламенті Сенатының төрағасы деңгейіне дейін көтеріліп, сан алуан қызметтер атқарып, халқына баға жетпес еңбек сіңіруде. Елден шыққан, ел таныған майталмандарын тізе берсең, түбіне жете алмассың! Олардың әрқайсысы жеке-жеке бір дастан...  Айталық, Жамбыл атасын пір тұтып, ауылдың барлық жақсылықтарының қақ ортасында жүретін айтулы азамат, халқының қалаулысы Серік Үмбетов немесе кіндігі Жамбыл еліне байланған батыр, ұшқыш-ғарышкер, Халық қаһарманы Талғат Мұсабаевтың орны да ерекше.