Кәсіп бастаудың кілтипаны
Кәсіп бастаудың кілтипаны
Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту – кез келген ел экономикасының негізі. Дамыған елдердің тәжірибелері көрсеткендей, шағын және орта бизнесті қалыптастыру мен дамыту экономиканы нығайту үшін қолайлы алғышарттар жасайды. Атап айтқанда, салалық және өңірлік монополизм жойылады, рынокта тауарлар мен қызметтер көбейеді, жаңа жұмыс орындары ашылады, ғылыми-техникалық прогрестің жетістіктері өмірге енгізіледі.
Қазіргі таңда шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында атап өтілгендей шағын және орта бизнеске қолдау көрсетудің жүйелі іс-қимылдары баяндала отырып, кәсіпкерлік ортаны одан әрі нығайтуға айрықша көңіл бөлінген. Шағын және орта бизнес дамуының бірден-бір жолы болып оларды қаржылық ресурстармен, яғни, несиемен қамтамасыз ету болып табылса, оларды несиелейтін екінші деңгейлі коммерциялық банктердің жағдайы көбіне назардан тыс қалады.
Бүгінгі күні отандық банктеріміздің барлық капиталының мөлшері әлемдегі ірі банктердің капиталынан жүз есе кем екендігін ескеретін болсақ, онда банктерге ең алғашқы кезекте өздерінің ресурстарын нығайту қажеттілігі туып отыр. Әрине, қазіргі уақытта қатаң нарықтық экономика аясында өзін-өзі сақтандыру, өзін-өзі көрсете білу, бәсекелестікке төтеп беру үшін банктер тарапынан біраз жұмыстар атқарылуы қажет. Ал коммерциялық банктер экономиканың нақты секторын несиелеуі ұлттық экономиканың өсуіне қосқан үлесі болмақ. Олардың дамуы мемлекеттің, экономика агенттіктерінің шаруашылық өмірі үшін тиімді.
Қалай айтсақ та, мемлекет бүгінгі күні кәсіпкерлік қызмет субъектілерінің нарық экономикасының толыққанды қатысушысы ретінде өз қызметтерін жүзеге асыруларына қажетті жағдайды қамтамасыз етіп отыр. Шағын және орта бизнеске атаулы қолдау көрсетуді жүзеге асыратын арнаулы «Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту қоры» құрылып, табысты жұмыс жүргізуде. Кәсіпкерлікке қолдау көрсету үшін бес мемлекеттік бағдарлама қабылданды. Кәсіпкерлікті дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасауға және бизнестің билікпен арадағы іс-қимылдарының жаңа моделін құруға бағытталған «Жеке кәсіпкерлік туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды. Кәсіпкерлердің белсенділігін ынталандыруды көздейтін айтарлықтай салықтық жеңілдіктер заңдық деңгейде қарастырылды.
Кәсіпкерлікті тексеру қысқарады
2020 жылы кәсіпкерлерді тексеру 40 пайыз қысқармақ. Ол үшін қолданыстағы 13 кодекс пен 103 заңға 1 мыңға жуық түзету енгізілді. Осыдан біраз уақыт бұрын ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов «Кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын таныстырған еді. Бұған дейін аталмыш құжат еліміздегі барлық мемлекеттік органдар мен «Атамекен» КҰП-тың сараптауынан өтті. Ұлттық экономика вице-министрі Серік Жұманғариннің мәлімдеуінше, заң жобасы мемлекеттік бақылау-қадағалау қызметін реформалауды, өзін-өзі реттеу институтын дамытуды, бәсекелестікке кедергі келтіретін нормаларды жоюды, бизнес шығындарын жаппай төмендетуді, бизнесті қолдау шараларын ілгерілетуді, сонымен қатар «Doing Business» рейтингінде Қазақстанның орнын жақсартуды көздейді. «2007 жылдан бері мемлекеттiк органдардың бақылау-қадағалау қызметiнің барлық әрекеті үкіметтің назарына алынды. Нәтижесінде кәсіпкерлерге қарсы жұмыс істейтін әкімшілік кедергілер мен тосқауылдар қысқара бастады. Алайда бизнес бақылаудан босаған жоқ. Кәсіпкерлердің кез келген қате-кемшілігі жіпке тізіліп отырды. Әкімшілік айыппұл шағын және орта бизнес өкілдерін титықтата бастады. Мамандар жаңа заң жобасында осының барлығын ескеруге тырысты», – деді Серік Жұманғарин. Вице-министрдің мәлімдеуінше, жаңа құжатта кәсіпкер тарапынан туындайтын түрлі кемшіліктің алдын алуға басымдық берілген. «Бұл реформа инспекторлар мен тексерушілердің бүгінгі таңдағы «анықтау және жазалау» деген ұстанымын «құқық бұзудың алдын-алу және ескерту» деген саясатқа ауыстыруға түрткі болады», – деді Серік Жұманғарин. Егер кәсіпкердің қандай да бір айыбы анықталса, ол бұрынғыдай сотқа сүйрелмейді. Кәсіпкерлерге қатені дұрыстауға 20 не 30 күн уақыт беріледі. Осы уақыт аралығында мәселе оң шешімін тапса, іс жабылады. Вице-министрдің сөзінше, қайталануына және тиімсіздігіне байланысты 114 бақылау қызметінің 27-сі және 18 қадағалау қызметінің үшеуі жойылады. Заң күшіне енгеннен кейін инвестициялар және даму министрлігі меншік иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыруды, әділет министрлігі нормативтік құқықтық актілердің ресми мәтіндерін кейіннен жариялауды, мәдениет және спорт министрлігі спорт объектілеріне техникалық қызмет көрсету, дене шынықтыру және спорт саласындағы заңнаманы сақтау жөніндегі стандарттарды, ережелер мен нормаларды сақтауды, денсаулық сақтау министрлігі халыққа жұқпалы ауруларға қарсы профилактикалық егу ұйымдастыру және өткізуді бақылау құқығынан айырылады. «2018 жылға дейін тексерулердің жалпы саны 30 пайызға азаяды. Ал 2020 жылы кәсіпкерлерді тексеру тағы 10 пайызға қысқарады. Нәтижесінде көрсеткіш 40 пайызға жетеді», – деді Серік Жұманғарин. Қазіргі таңда мемлекеттік органдардың 544 бақылау функциясы бар екен. Заң жобасында осының 150-ін қысқарту ұсынылған. Бұл туралы ҚР ҰЭМ кәсіпкерлікті дамыту директорының орынбасары Асланбек Жақыпов: «Бақылау функциясы көп болған сайын бизнес субъектісіне көрсетілетін қысым арта береді. Осының алдын алу үшін біз заң жобасына нақты ұсыныс енгіздік», – деді. Бір айта кетерлігі, мемлекеттік органдар 2010 жылы 349236 тексеріс жүргізген. Ал 2016 жылы бұл көрсеткіш 3 есе азайып, 98555 болып шектелді. Десек те кәсіпкерлер тарапынан тексерістердің толастамай тұрғанына қатысты шағым көп. Бұдан былай кәсіпкерлерді жазалау қысқарып, ымыраласа әрекет ету басымдыққа ие болады. Яғни кез келген кәсіпкерге қандай да бір ағаттығы үшін ең әуелі ескерту жасалып, оны дұрыстауға уақыт беріледі. Кәсіпкер межелі мерзімде барлық талапты орындаса, әкімшілік жаза қолданылмайды. Бұлай болмаған жағдайда тексеруші заң талабына жүгіне алады. Ал «Талап» қолданбалы зерттеу орталығының директоры Рахым Ошақбаев заң жобасы бизнесті әділ бәсекелестікке бастап қана қоймай, рейдерлік әрекеттің жолын кесуге негіз болатынын жеткізді. «Бір нәрсеге ерекше назар аударғым келеді. Кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы кәсіпкерлерге қолайлы жағдай туғызғанымен жаңа салық кодексінің нормаларында салық инспекторларына соттың шешімінсіз кәсіпкер жасаған келісімнің заңсыз екенін анықтау құзыреті берілді. Бұл құзірет шағын және орта бизнеске кері әсер етеді», – деп түйді ойын Рахым Ошақбаев.Жастар кәсіпкерлігіне қолдау мардымсыз
Бүгінде ел халқының 26 пайызынан астамы жастар. Қазақстанның жас кәсіпкерлері қауымдастығының төрағасы Мақсат Қожамбектің пікірінше, дамудың маңызды көрсеткіштерінің бірі – 2050 жылға қарай шағын және орта бизнес үлесін 50 пайызға жеткізу. «Елбасы әрбір маңызды басқосуда кәсіпкерлікті дамыту жөнінде айтып, тиісті тапсырманы беріп те жатыр. Осыған орай, мемлекет экономиканы тұрақтандырудың негізгі бағыты ретінде кәсіпкерлікті дамытуға барынша қолдау көрсетіп келеді. Қазіргі таңда «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында жас кәсіпкерлерге біршама қолдау бар. Қазақстан әлемдік өркениет көшінен өз орнын алуы үшін отандық өнімдеріміз барлық жағынан талапқа сай болуы қажет. Ол үшін отандық кәсіпкерді, оның ішінде жас кәсіпкерді кешенді түрде барынша қолдау керек. Жас кәсіпкер – ертеңгі аяғынан тұрған, әлеуеті күшті, халықаралық деңгейде жұмыс істейтін кәсіпкер қалыптастырушы орта», – деді. Өткен жылдың басында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен республикалық жастар форумында 7 пікірсайыс алаңының бірі нақ осы жастар кәсіпкерлігі мәселесіне арналды. Бір нәрсе анық, ол – ең негізгі міндет ретінде жастар кәсіпкерлігін дамыту және жас кәсіпкерлерге жеке бизнесін қалыптастыруға және шағын бизнесте өзіне жұмыс табу үшін мүмкіндік беру. Мемлекеттік органдар кәсіпкерлерге қолдаудың көрсетіліп жатқанын айтады, ал жас кәсіпкерлер қолдаудың жеткіліксіз екендігін алға тартып келеді. Мемлекеттік қолдау бар, бірақ шектеулі, талаптары қатаң, жас кәсіпкерлерге қолжетімді емес. Егер жастар кәсіпкерлігін қолдау барынша кешенді түрде жүргізілсе, жұмсалған әрбір теңге еліміздің экономикасы үшін салық пен түсім ретінде 2-3 теңге болып қайтуына мүмкіндік мол. Еліміздегі әлеуетті кәсіпкер 25-34 жас шамасындағы азаматтардан құралғанын ескерсек, жастар кәсіпкерлігін дамыту жүйелі түрде жүргізілуі тиіс. Шамамен айтар болсақ, 29 жасқа дейінгі жастардың жеке кәсіпкер ретінде жұмыс істейтіні 114 мың шамасында болса, оның ішінде белсенді жұмыс істейтіні – 102 мың. Заңды тұлға ретінде тіркелгені шамамен – 24 300, оның ішінде белсенді жұмыс істейтіні – 19 100. Салаларға бөліп қарайтын болсақ, субъектілердің басым бөлігі ауыл шаруашылығында, сауда саласында және қызмет көрсету салаларында шоғырланған. Себебі бастапқы капиталды көп қажет етпейді. Шағын және орта бизнестің Қазақстан экономикасына қосқан үлесі айтарлықтай төмен. Қазіргі кезде жалпы ішкі өнімдегі шағын және орта кәсіпкерліктің үлесі 20 пайыз шамасында. Әлемнің дамыған елдерінде шағын және орта кәсіпкерлік экономикаға елеулі үлес қосады. Данияда – 61 пайыз, Германияда – 55 пайыз, Италияда – 68 пайыз. Сондықтан жастар арасында кәсіпкерлікті насихаттау керек. Ел тұрғындарының 26 пайызынан көбі – 14 пен 29 жас аралығындағы жастар. Яғни, 4,4 млн шамасында. Шағын және орта бизнесті дамытуда мұндай әлеуетті тиімді пайдалану қажет-ақ. Елбасы бір сөзінде «... Еңбек етуші халықтың 60 пайызы шағын және орта бизнесте жұмыс істеген кезде Қазақстан тұрақтылыққа қол жеткізеді...» деген еді. Сондықтан дамыған елдердегідей шағын және орта бизнесі өркендеген және негізінен жұмыспен қамтамасыз ететін көрсеткішке қол жеткізуіміз қажет. Ең басты түйткіл – олардың құқықтық мәртебесінің анықталмауы. Қолданыстағы заңнамада «жас кәсіпкер» деген ұғым бекітілмеген. Жаңадан іс бастайтын тәжірибесіз жас кәсіпкер қаржылық қана емес, ең әуелі ақпараттық, кәсіп жүргізу туралы білім, бизнес-жоба жасау, өнімі мен қызметін өткізу және бизнес бастауда басқа да көптеген қиындықтан өзі жол тауып шығуға мәжбүр. Сондықтан мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған мемлекеттік қолдаудың белгілі бір үлесі мақсатты түрде жас кәсіпкердің қызметін дамытуға және қолдауға бағытталса құба-құп.